Дычко жеңіп жүр...
Дычко жеңіп жүр...
168
оқылды

Аса ауыр салмақта жұдырықтасатын қазақстандық кәсіпқой боксшы Иван Дычко бірнеше күн бұрын ғана америкалық Рэй Остинді жеңіп, кезекті жеңісті еншісіне жазды.

Осы жеңістен кейін қазақстандық кәсіпқой боксшы өз дивизионында 16 сатыға жоғарылаған. Голливудтағы Hard Rock аренасында өткен бокс кешінде Дычко қарсыласын соққының астына алған. Осылайша, алты раундқа жоспарланған жекпе-жек Остиннің бас тартуынан кейін үшінші раундта тамам болды. Бұл – Дычконың кәсіпқой шаршы алаңдағы сегіз жекпе-жектегі сегізінші жеңісі. Барлығын да мерзімінен бұрын аяқтаған.

Иван кәсіпқой боксқа алғаш рет 2017 жылы күзде аяқ басқан. Содан бері барлық кездесулерін АҚШ-та өткізіп келе жатыр. Соның арқасында BoxRec рейтингінде 77 орынға жайғасыпты. Дегенмен енді Дычкоға мейлінше қарымды қарсыластармен жекпе-жекке шығу керек сияқты. Әйтпесе, біреулер өзінің 7-8 жекпе-жегінен кейін-ақ титул қорғау тайталасына араласады. Ал енді бірі 20 жекпе-жек өткізсе де бірде-бір атақ иелене алмай еңсесі түседі. Бұл, әрине, бірінші кезекте кәсіпқой бокс әлеміндегі менеджмент мәселесіне тікелей байланысты. Мәселен, осы жолғы Иванның қарсыласын да ауыздығымен алысқан мықты деп айтуға ауыз бармайды. Остиннің жасы 48-де екен. Әрі рингке үш жылдық үзілістен кейін оралған. Орала сала Дычконың сала құлаш соққысына тап болып отыр. Заманы дәуірлеп тұрғанда IBF титулына үміткер атанып, украиналық Виталий Кличкодан нокаутпен жеңілген. Шынын айтқанда, мұндай қарсыластар титул жолында белді бекем боксшыға опа таптырмаса керек.