Қарағанды қаласының маңында апатқа ұшыраған МиГ-31 әскери ұшағы еліміздің Әскери әуе қорғаныс күштерінің техникасы болатын. Әрі елімізде апатқа ұшыраған тура осындай маркалы ұшақтардың төртіншісі. Әзірге апат себептері белгісіз. Әскерилер бірнеше фактор әсер еткен болуы мүмкін екенін айтады.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан Қарулы Күштері Әуе қорғаныс күштерінің бас қолбасшысы Нұрлан Орманбетов апатқа ұшыраған ұшақтың 1991 жылдың наурыз айында зауыттан шыққанын, 2013 жылы күрделі жөндеуден өткенін айтты. Ұшақты пайдалану мерзімі келер жылы аяқталуы тиіс екен. Сонымен қатар күрделі жөндеуден кейін қызмет ету уақыты 8 жыл деп белгіленген. Ол да 2021 жылы аяқталуы керек болатын. Алайда ұшақ оған жетпеді.
Жалпы, алғаш рет 1979 жылы сериямен шығарыла бастаған бұл ұшақтардың 500-ден астам данасы жасалған. 13 түрлі модификациясы бар осынау техниканың қазір ары кетсе 200-ге жуығы ғана қалды. Олардың барлығы Ресей мен Қазақстанда. Әрине, көбі көрші елде екені белгілі, ал біз 1991 жылы КСРО тарағанда 40 дана МиГ-31 ұшақтарына иелік етіп қалғанбыз. Бірақ оның 10 данасы әу баста іске жарамайтын ескі техникалар еді. Өзгелерін 2000 жылдардың басында Семейден Қарағандыға әкеліп, ел астанасын қорғау міндеті жүктелген. Содан бері бұл ұшақтар төрт рет апатқа ұшырады. Алғаш рет 2007 жылдың 16 ақпанында Қарағанды маңында ұшақ апаты болып, капитан Денис Фетисов пен майор Андрей Леонтьев қаза тапқан. Апаттың себеп-салдарын зерттеген мамандар қозғалтқыштың істен шыққанын анықтаған. Ал 2008 жылы Алматы төңірегінде құлаған МиГ-31УБ жерден көтеріле бергенде-ақ проблемалар байқалған. Ұшқыштар оны қайта қондырмақ болғанда басқару жүйесі істен шыққан. Бір ұшқыш қаза болған. Мамандар жөндеу кезінде кемшілік кеткенін анықтаған. Қозғалтқыш тозса керек. 2013 жылы тағы да Қарағанды маңында осы типтегі ұшақтың бірі құлады. Апат кезінде әуе базасы командирі, полковник Марат Едігеев қаза тауып, майор Руслан Ғалымниязов аман қалған-ды. Комиссия ресейлік мамандардың дерегіне сүйене отырып, жөндеу жұмыстары кезінде жіберілген ағаттық салдары екенін айтты. Сол кезде Бас әскери прокуратураның өкілі Жеңіс Темеков ұшақ апатына зауыттағы күрделі жөндеу жұмыстары кезіндегі кемшілік себеп болғанын атап өтті. Яғни 2012 жылы жөндеуден өткен ұшақ бір жылдан соң құлаған. Ал соңғы ұшақтың жөндеуден өткеніне 7 жыл болды.
Байқасаңыздар, апатқа ұшыраған 4 МиГ-тің екеуіне қатысты қорытындыда жөндеу жұмыстарындағы кемшілік көрсетілген. Соңғы апат себебіне қатысты үш нұсқа айтыла бастады. Адами немесе сыртқы фактор әсер еткен болуы мүмкін. Сондай-ақ техникалық ақаулардың әсері болуы ғажап емес. Бірақ Қорғаныс министрлігі алдыңғы күні апатқа ұшыраған ұшақтың ұшқыштары тәжірибелі екенін айтады. Демек, адами фактордың ішінде ұшқыштардың біліктілігіне сын айтылмайтын болар деп болжаймыз. Олай болса, сыртқы фактор мен техникалық ақауға қатысты нұсқа ғана қалады. Тиісті комиссия апат себебін анықтай жатар, біз осы тұста ескірген әскери техника мен кеңестік кезеңнен келе жатқан түрлі мифтердің зардабы мол болуы мүмкін екенін айтқымыз келеді.
Түрлі сарапшылар, әсіресе кеңестік әскери мектептен шыққандар МиГ, сол қатарлы техникаларды жаһандағы ең үздік ұшақтардың қатарына қосады. Иә, МиГ-31 ұшақтары 4 буын жойғыштарының қатарына кіретіні рас. Алайда ескіргенін мойындауымыз керек. Кейбір ашық дерек көздері Қазақстанадғы МиГ-тердің көбін 31Б сериясы екенін айтады. Оларды өндіру 1994 жылы тоқтатылған. Өндіру тоқтаса, оны жөндеудің де оңа қоймайтынын назарда ұстаған дұрыс. Оның үстіне 2012 жылы жөндеуден шыққан бір ұшағымыз келесі жылы құлады. Ал осы жолғы ұшақ 2013 жылы жөнделген. МиГ-терді жөндейтін Ресейдің Ижевск қаласындағы №514 зауытындағылар 2013 жылғы апат қорытындысына қатысты комиссия шешімімен келіспейтінін айтып, масс-медиа арқылы түрлі ақпарат таратқаны бар. Алайда жөндеу кезінде қате кеткенін ресейлік мамандардың өздері айтқан-ды. Тек зауыттағылар ол мамандарды жерден алып, жерге салған. Мұның өзі теріскейдегі көршінің қару-жарағын алар болсақ, жаңаларына тапсырыс берген дұрыс екенін аңғартады. Әйтпесе, жемқорлық жайлаған, батыстың экономикалық санкцияларының зардабын тартып отырған елде көңілден шығатындай жөндеу жүргізілетініне кепілдік жоқ. Ал теріскейдегі көрші ара-тұра жаңа техникаларын да беретіні бар. Мәселен, Су-30 ұшақтарының біршама жаңаларын алғанбыз. Ал түріктер былтыр Мәскеуден су жаңа С-400 зениттік зымыран кешендерін сатып алды. Сол сияқты МиГ-тердің де тәуірлеріне тапсырыс беретін уақыт келді. Ебін тапса, көрші келісетін шығар. 2014 жылы осы ұшақты шығаратын концерн басшыларының бірі Сергей Коротков «Қазақстан МиГ-35 ұшақтарына тапсырыс беретін шығар деп үміттенеміз» деген-ді. 2017 жылы сынақтан өте бастаған ұшақтарға тапсырыс бердік пе, жоқ па бізге беймәлім. Бізге мәлім бір ғана жайт, қорғаныс техникасы ұдайы жаңаланып отыру керек. Жамап-жасқағанмен 1970-80 жылдардағы танктер де, ұшақтар да, өзгесі де ХХІ ғасыр талаптарына сәйкес келмейді.
Тағы бір мәселе бар, ол қару-жарақ мен ұрыс техникаларын нарығында біз одақтасымыздан аттап өте алмайтынымыз. Біраз шарттар арқылы байлаулымыз. Әйтпесе, тәуекел етіп АҚШ-тың F-35-теріне, немістің «Леопардтарына» тапсырыс беруге де болар еді. Оған ешкім қой демейтін шығар. Бәрін қаржы шешеді ғой.