Қарағанды қаласының маңында апатқа ұшыраған МиГ-31 әскери ұшағы еліміздің Әскери әуе қорғаныс күштерінің техникасы болатын. Әрі елімізде апатқа ұшыраған тура осындай маркалы ұшақтардың төртіншісі. Әзірге апат себептері белгісіз. Әскерилер бірнеше фактор әсер еткен болуы мүмкін екенін айтады.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан Қарулы Күштері Әуе қорғаныс күштерінің бас қолбасшысы Нұрлан Орманбетов апатқа ұшыраған ұшақтың 1991 жылдың наурыз айында зауыттан шыққанын, 2013 жылы күрделі жөндеуден өткенін айтты. Ұшақты пайдалану мерзімі келер жылы аяқталуы тиіс екен. Сонымен қатар күрделі жөндеуден кейін қызмет ету уақыты 8 жыл деп белгіленген. Ол да 2021 жылы аяқталуы керек болатын. Алайда ұшақ оған жетпеді.
Жалпы, алғаш рет 1979 жылы сериямен шығарыла бастаған бұл ұшақтардың 500-ден астам данасы жасалған. 13 түрлі модификациясы бар осынау техниканың қазір ары кетсе 200-ге жуығы ғана қалды. Олардың барлығы Ресей мен Қазақстанда. Әрине, көбі көрші елде екені белгілі, ал біз 1991 жылы КСРО тарағанда 40 дана МиГ-31 ұшақтарына иелік етіп қалғанбыз. Бірақ оның 10 данасы әу баста іске жарамайтын ескі техникалар еді. Өзгелерін 2000 жылдардың басында Семейден Қарағандыға әкеліп, ел астанасын қорғау міндеті жүктелген. Содан бері бұл ұшақтар төрт рет апатқа ұшырады. Алғаш рет 2007 жылдың 16 ақпанында Қарағанды маңында ұшақ апаты болып, капитан Денис Фетисов пен майор Андрей Леонтьев қаза тапқан. Апаттың себеп-салдарын зерттеген мамандар қозғалтқыштың істен шыққанын анықтаған. Ал 2008 жылы Алматы төңірегінде құлаған МиГ-31УБ жерден көтеріле бергенде-ақ проблемалар байқалған. Ұшқыштар оны қайта қондырмақ болғанда басқару жүйесі істен шыққан. Бір ұшқыш қаза болған. Мамандар жөндеу кезінде кемшілік кеткенін анықтаған. Қозғалтқыш тозса керек. 2013 жылы тағы да Қарағанды маңында осы типтегі ұшақтың бірі құлады. Апат кезінде әуе базасы командирі, полковник Марат Едігеев қаза тауып, майор Руслан Ғалымниязов аман қалған-ды. Комиссия ресейлік мамандардың дерегіне сүйене отырып, жөндеу жұмыстары кезінде жіберілген ағаттық салдары екенін айтты. Сол кезде Бас әскери прокуратураның өкілі Жеңіс Темеков ұшақ апатына зауыттағы күрделі жөндеу жұмыстары кезіндегі кемшілік себеп болғанын атап өтті. Яғни 2012 жылы жөндеуден өткен ұшақ бір жылдан соң құлаған. Ал соңғы ұшақтың жөндеуден өткеніне 7 жыл болды.
Байқасаңыздар, апатқа ұшыраған 4 МиГ-тің екеуіне қатысты қорытындыда жөндеу жұмыстарындағы кемшілік көрсетілген. Соңғы апат себебіне қатысты үш нұсқа айтыла бастады. Адами немесе сыртқы фактор әсер еткен болуы мүмкін. Сондай-ақ техникалық ақаулардың әсері болуы ғажап емес. Бірақ Қорғаныс министрлігі алдыңғы күні апатқа ұшыраған ұшақтың ұшқыштары тәжірибелі екенін айтады. Демек, адами фактордың ішінде ұшқыштардың біліктілігіне сын айтылмайтын болар деп болжаймыз. Олай болса, сыртқы фактор мен техникалық ақауға қатысты нұсқа ғана қалады. Тиісті комиссия апат себебін анықтай жатар, біз осы тұста ескірген әскери техника мен кеңестік кезеңнен келе жатқан түрлі мифтердің зардабы мол болуы мүмкін екенін айтқымыз келеді.
Ардақ СҰЛТАН