Бүгін Теңіз кенішіндегі «Сана» вахталық поселкесінде тұратын «Консолидейтед Констракшн Инжиниринг & Прокьюрмент С.А.Л.-Офшор» компаниясы филиалының 500-ге жуық қызметкері жұмысқа шықпады, - деп жазады Ақ Жайық.
Олар бұдан бұрын «Бірлік» вахталық поселкесінде Covid-19 жұқтырған науқас анықталғандықтан, өндіріс қызметі барысында инфекция жұқтыру қаупі бар екенін алға тартады.
Өңірлік штабтың мәліметінше, қазіргі кезде компания басшылығы мен Жылыой ауданының әкімдігі түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Барлық жұмысшы жедел тест тапсырып, нәтижелер жарияланғаннан кейін екі күннен соң теріс нәтиже алынған жағдайда жұмысшылар 22 сәуірде жұмысқа шығатындығы жөнінде тараптар өзара келісімге келген.
Осы екі күннің жалақысы сақталады. Оң нәтиже шыққан жағдайда ауру жұқтырған адамдарды ауруханаға жатқызу шаралары алынады.
Жалпы, соңғы күндері кеніштегі жағдай тыныш емес. Инфекция жұқтырғандар анықталғаннан кейін жұмысшылар алаңдаушылық білдіріп, өз талаптарын қоюда. Осыған ұқсас жағдай кеше, 19 сәуірде кешке «Болашақ» вахталық поселкесінде болды. Басқа поселкеден жедел тестілеу үшін жұмысшылар әкелінген кезде «Болашақ» тұрғындары қарсы шыққан еді.
Бүгін Теңіз кенішіндегі соңғы жаңалықтарға байланысты Атырау облысы әкімінің тапсырмасы бойынша облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкеновтың басшылығымен арнайы жұмыс тобы құрылғандығы белгілі болды. Ол қызметкерлерді тұрғылықты жеріне дейін тасымалдауды ұйымдастыру үшін Теңіз кенішіне аттанды.