Елімізде талантты теннисшілер тәрбиеленуде
Елімізде талантты теннисшілер тәрбиеленуде
Фото: Интернеттен алынды
325
оқылды
Бүгінде спорттың барлық түрін елімізде дамыту дұрыс жолға қойылған. Бұрындары біздің елді көпшілігі «боксшылар мен балуандардың елі» деп атаса, осы күндері өзге де спорт түрлерінен ұпайымыз түгенделіп келеді. Әсіресе, кейінгі кездері қазақстандық теннисшілер әлемдік спорт сахнасына шығып, байрақты бәсекелерде еліміздің абыройын асқақтатып жүргені қуантады. Теннис пен гольф – бұл бай-манаптар мен ауқатты адамдардың айналысатын спорты деген түсінік бар бізде. Сондықтан бұл спорт түрлерімен айналысатындардың саны да аз болатын. Алайда, соңғы жылдардың бедерінде сеңдей қатқан сенімнің көбесі сөгілді. Тенниске қызығатын, секцияларына баратын жастардың саны артты. Елімізде де ол үшін жеткілікті деңгейде барлық жағдай жасалды. Соның нәтижесі шығар,  қазақ балалары да теннистен үлкен жетістіктерге жете бастады. Теннис федерациясы басшылығының мақсаты да осы болатын. Бастысы, бұл бағыттағы атқарылған жұмыстар біртіндеп өз жемісін беруде.   [caption id="attachment_37286" align="alignnone" width="1600"] width= Фото: Интернеттен алынды[/caption] 2019 жыл Қазақстан теннисі үшін айтулы оқиғаларға толы жыл болды. Ұлттық құрамамыз Дэвис кубогі жарысының финалына шықты. Алғаш рет ерлер құрама командасы 18 елмен қатар Дэвис кубогін сарапқа салды.  Сол жарыста өз группасында тек Ұлыбританияға есе жіберді. Қыздар теннисінен де ұлттық құрамамыз Азия құрлығы мен Мұхит жағалауындағы аймақтық финалда өнер көрсетті. Мұның бәрін Қазақстан теннис федерациясының жеңіске бастар даңғыл жолындағы сәтті қадамы деп бағаладық. Біз осы орайда алдымен теннис спортын елімізде дамыту аясында атқарылған бірқатар ауқымды жұмыстарға тоқталып өтпекнді жөн көріп отырмыз. 2007-2019 жылдары аралығында Федерация атқарған жоспарлы жұмыстардың арқасында еліміздегі корттар саны бірден 62-ден 297-ге дейін өсті. Бұл – үлкен серпіліс. Сондай-ақ биыл Қарағанды, Алматы қалаларында теннис орталықтары ашылмақшы. Алдын ала жасалған сараптамалық, сауалнамалық жұмыстардың нәтижесінде белгілі болғандай дәл осы шаһарларда тенниске қатысамын деген жас өрендердің саны артқан. Бір ғана елорданың өзінде тенниске барғысы келетін (секцияға қатысуға өтініш білдірген) 7 мыңдай жасөспірім бар екен. Сұранысты қанағаттандыру үшін лезде бастама көтеріліп, аймақтағы теннис спортының тұралап қалмауы үшін алғышарттар жасалып отыр. Нұр-Сұлтанда жаңадан екінші теннис орталығы ашылды. «Жерұйық» саябағының ішінен жақын арада теннис корттары іске қосылды. Осы жылы Ақтау мен Қарағандыда да жаңа кешен салынбақшы. Бұл барлық аймақтағы тенниспен айналысқысы келетін жастар үшін жасалынып отырған игі қадам. Дегенмен, «әттеген-ай» дейтін тұстарымыз да баршылық.   [caption id="attachment_37287" align="alignnone" width="1600"] width= Фото: Интернеттен алынды[/caption] Ол елдегі білікті бапкерлердің жетіспеушілігі болып тұр. Орталықтар салынып жатқанымен, теннис таяқшасын ұстауды үйрететін жібі-түзу жаттықтырушылар саны өте аз. Сол себептен «Теннис бапкерлерін мамандандыру және оқыту» арнайы бағдарламасын жандандыру көзделді. Осы бағдарлама шеңберінде жыл сайынғы ITF Level 1 және Level 2 семинарлары өткізіледі. Бұл күрмеулі мәселені шешу үшін қауымдастық  Ресейден Михаил Южныйдың (кезінде АТР үздік 10 теннисшілер қатарына кірген) бапкері, білікті маман Борис Собкинді шақырды. Қазіргі кезде Қазақстанда сертификациядан өткен 200 бапкер бар, олардың 44-і ITF Level 1 дәрежесіне, ал 14-і ITF Level 2 дәрежесіне ие. Әрине, барлығы бірден жақсы бола қоймасы анық. Десе де, теннис спортының елімізде адымдай басып дамып келе жатқаны бірден байқалады. Индонезияның Полембанг қаласында өткен Азия ойындарында ерлеріміз күміс, қыздарымыз қола жүлдені еншілеп, ел абыройын асқақтатқаны осының анық айғағы. Ал Достанбек Ташболатов Аргентинада өткен жасөспірімдер Олимпиадасына қатысқан тұңғыш қазақ теннисшісі ретінде тарихта қалды. Тағы бір қуанышты жаңалықтардың бірі, Астанада өткен 12 жасқа дейінгі балалар арасындағы Азия біріншілігінде Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте қола жүлдегер атанған болатын. Қазақстанда өткен 40-қа жуық жарыста болашағынан үміт күттіретін таланттарымыздың өсіп келе жатқанын байқадық. Олардың қатарында Достанбек Ташболатов, Ростислав Гальфингер, Сандуғаш Кенжебаева, Жанель Оспанова, Элизавета Карлова, Дмитрий Безбородов, Ерасыл Ерділдә, Татьяна Николенко, Ерасыл Мұрат, Екатерина Дмитриченко, Анастасия Астахова, Ілияс Маратұлы, Максим Батютенко, Данир Қалдыбеков, Айя Нұпбай, Карина Жұмажанова секілді теннисшілер бар. Біз олардан үлкен үміт күтеміз. Бастысы, жастардың аяқалысы жаман емес. Алдағы онжылдықта осы жас өрендердің ішінен әлемнің үздік теннисшілері шығарына сенім мол. Бұл дегеніміз келешекте қазақ спортшылары да үлкен турнирлерде топ жарып, жеңімпаз болар күн жақын деген сөз.   [caption id="attachment_37288" align="alignnone" width="1600"] width= Фото: Интернеттен алынды[/caption] Жуырда Қазақстан теннис федерациясы қазақ тілінде арнайы әдістеме жасап шығарды. Соның арқасында еліміздің 5 аймағында балаларға теннис сабақтары қазақ тілінде жүргізілуде. Көпшіліктің алғысын алған бұл бастама, жерде қалмасы анық. Мамандар бастапқыда қазақ тілінде бапкерлік етіп, бала жаттықтыру қиындық туғызғанын айтып отыр. Күрмеулі мәселенің түйіні тарқатылып, оңды шешімнің қабылданғаны да біз үшін үлкен қуаныш. Енді жас жеткіншектер қазақ тілінде теннис жаттықтырушыларынан тәлім алады. Ұлттық тіліміз өркендеген кезде, ұлттық рухымыз да жандана түсері анық. Бұл өз кезегінде ел спортының дамуына үлкен септігін тигізеді.