Әкімнің орынбасары дәрігерлердің есебін тыңдады
Әкімнің орынбасары дәрігерлердің есебін тыңдады
©Сурет Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен
279
оқылды
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Е. Бабақұмаров қаланың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ж. Бекшин, Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Т. Әбілдаевпен бірлесіп, бейне-конференция-байланыс режимінде жұқпалы аурулар стационарлары, провизорлық госпитальдар және карантиндік бөлімшелер орналасқан емханалардың бас дәрігерлерімен жиналыс өткізді. Жиында дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және коронавирус инфекциясының жұғуын болдырмау бойынша қабылданған шаралар пысықталды. «Кездесудің басты мақсаты – қазіргі жағдайды бағамдай отырып, дәрігерлердің қауіпті індетке шалдықпау үшін тиісті шараларды күшейту», — деп атап өтті Е. Бабақұмаров. Қала әкімінің орынбасары Е.Бабақұмаров медицина қызметкерлерін жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз ету, олардың берілуі мен дұрыс тағылуын, сонымен бірге эпидемиологиялық нормаларды сақтауды жіті қадағалау міндетін қойды. Ол үшін әрбір медициналық ұйымда жауапты қызметкер тағайындалған. Инфекциялық стационарлардың ішін «таза» және «жұмысшы» (инфекция жұқтырғандар) аймақтарына бөлуге ерекше көңіл бөлінген. Бұл әдіс COVID-19-ды жұқтырғандар және катаралды белгілері бар басқа науқастармен байланыста болған жандармен қарым-қатынас орнатпау үшін жасалған. Ауруханалардың бас дәрігерлеріне келуші науқастар легін бөлуді дұрыс жолға қою керектігі міндеттелді. «Аймақтарға бөлу (зоналарға бөлу) – маңызды мәселе. Фильтрлардың жұмысы, науқастарды қабылдап, оларды тиісті бөлімшелерге орналастыру, персоналдың жұмысы, сонымен бірге, "таза" және "жұмысы" (инфекция жұқтырғандар) аймақтарында кезекші дәрігерлердің ауысымы кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау да маңызды», — деп атап өтті Ержан Бабақұмаров. Сондай-ақ кадр ресурстарын жоспарлау және басқару, медициналық резервті және дәрігерлер бригадаларының ауысымдарын дайындау бойынша жұмысты күшейту тапсырылды. Бұдан өзге коронавирусқа қарсы іс-қимылға жұмылдырылған дәрігерлер мен медициналық қызметкерлерге төлемдерді жүзеге асырудың ашықтығын қамтамасыз ету тапсырылды. Бүгінде Алматыда қаржылық қолдауды ұйымдастыру бойынша комиссия жұмыс істейді. Тәуекел тобындағыларға төленетін үстемақыны комиссия шешеді. Айта кету керек, комиссия құрамына Nur Otan партиясының өкілдері, Қоғамдық кеңестің мүшелері де кіреді. Қаланың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшиннің айтуынша, барлық медициналық ұйымдарда инфекциялық бақылауды сақтауға жауапты госпитальдық эпидемиологтар жұмыс істейді. Ж. Бекшин бас дәрігерлердің назарын мекеме аумағында бетперде тағу режимін қатаң сақтау қажеттігіне аударды. Жиын барысында коронавирустық инфекцияның таралуына қарсы іс-қимыл және қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету бойынша медициналық ұйымдардың бас дәрігерлерінің есептері тыңдалды. Бұл ретте №7 клиникалық аурухананың бас дәрігері М. Рамазанов, №11 емханадан М. Жүнісова, Орталық қалалық клиникалық ауруханадан М. Абдуллаев, клиникалық және жұқпалы аурулар ауруханасынан А. Абдрахманова, №1 көпсалалы медициналық орталықтан Ж. Сәпиев, №3 көпсалалы медициналық орталықтан Э. Қалиев, №32 емханадан А. Қажыбаев, №12 емханадаг Р. Сүлейменов, жедел медициналық жәрдем стансасынан А. Әменов, сондай-ақ қалалық балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің м. а. Ж. Ешібекова баяндама жасады.