Ядролық қаруға тыйым салу туралы шарт мақұлданды. Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында депутаттар бірқатар ратификациялық заң жобаларын құптап, Сенатқа жолдады.
Атап айтқанда, қалаулылар «Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады. Бұл шартқа 2017 жылғы 7 шілдеде Нью-Йорктегі БҰҰ-ның штаб-пәтерінде қол қойылған болатын.
Шарттың негізгі мақсаты – халықаралық-құқықтық алаңда ядролық қаруға тыйым салу жөніндегі олқылықты жоятын әрі заңды тұрғыдан баршаға міндетті құжатты қабылдау.
Сыртқы істер министрлігінің тұжырымдауынша, «ақырзаман қаруынсыз» әлем құруға бағытталған осы жаһандық құжаттың ережелері әлемдегі қуаты бойынша төртінші ядролық арсеналдың иегерінен – ядролық қарусыздану және жаппай қырып-жою қаруларын таратпау қозғалысының көшбасшысына дейінгі жолды жүріп өткен Қазақстанның тұғырлы ұстанымдарына толық жауап береді.
Оған сәйкес, шартты қабылдайтын әрбір мемлекет ешқашан және қандай да болмасын себептермен ядролық қаруды немесе басқа да ядролық жарылғыш құрылғыларды әзірлемеуге, сынамауға, өндірмеуге, дайындамауға, өзге де тәсілмен сатып алмауға, иеленбеуге және жинамауға міндеттенеді.
Бұған қоса, шартқа қатысушы елдер мойнына алатын маңызды міндеттердің қатарында – кез келген ядролық қаруды немесе басқа да ядролық жарылғыш құрылғыларды өз аумағында, сондай-ақ бақылауындағы немесе заңдары таралатын жерлерде орналастыруға, орнатуға немесе өрістетуге жол бермеу бар. Яғни, төрткүл дүниеде бұл тарихи шартты ратификациялаған мемлекеттер саны артқан сайын, әлемде ядролық қарудан ада аймақтар ауданы ұлғая бермек.
Мәжіліс «1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қатысушы мемлекеттер арасындағы Әскери-техникалық ынтымақтастықтың негізгі принциптері туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы төртінші хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын да құптады. Бұл төртінші хаттама 2017 жылғы 30 қарашада Минскіде бекітілген. Оған сәйкес әскери мақсаттағы өнімнің бағасы өнім беруші тараптың ұлттық қарулы күштері, өзге де әскерлері, әскери құралымдары, құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтері өздерінің мұқтажы үшін сатып алатын әскери мақсаттағы өнімге баға белгілеуді реттейтін ұлттық заңнамасына сәйкес қалыптастырылады.
Жиында депутаттар Мәжіліске келіп түскен ел Үкіметінің және Есеп комитетінің 2018 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері бойынша палата комитетіне қорытынды дайындауды жүктеді.
Жалпы отырыс соңында қалаулылар орталық мемлекеттік органдардың басшыларына депутаттық сауалдарын жолдады.