Еуразия кеңістігі жаңа кезеңге өтті
Еуразия кеңістігі жаңа кезеңге өтті
637
оқылды

Мемлекет үшін маңызды мәселелер үкімет деңгейінде ғана емес, сарапшылар деңге­йін­де де талқыланып, шешілуі тиіс. Бұл пікірді Нұр-Сұлтан қаласында өткен Қазақстан – Ресей сарапшыла­рының ІІІ фо­­румына қатысқан экономис­тер мен саясаттанушылар айтты. Биылғы форум аймақтық және саяси мәселелерді қарастырды.

Жаһандық геосаяси өзгерістер ке­зеңінде Еуразия кеңістігі саяси және әлеуметтік-экономикалық трансфор­ма­цияның жаңа кезеңіне еніп отыр. Ай­мақтағы елдерде халықаралық және ай­мақтық процестерде өз рөлін түсіну про­цесі жүріп жатыр, сондай-ақ аймақ­тық ынтымақтастық мәселесі де өзекті бола түсті. Соңғы уақытта халықаралық жағ­дай­дың тұрақсыздануы мен саяси және экономикалық ландшафтың қарқынды өзгеруі сипат алып отыр. Әлемдегі ай­мақтық және жетекші державалар ара­сындағы геосаяси, экономикалық және технологиялық бәсеке күшейе түсті. Бұл ретте Ресей мен Қазақстан стратегиялық әріптестер ғана емес, Еуразия экономи­калық одағындағы жетекші мемлекеттер болғандықтан, бұл елдердің ынтымақ­тастығы, көп жағдайда, Еуразиядағы өзара байланыстың фор­масы мен мазмұнын айқындайды. Сол себепті, маңызды сырт­қы саяси процес­тер, екі елдің эко­номи­калық және гума­нитарлық байланысы аймақтағы тұрақ­тылық пен қауіпсіздікті қалыптастыру мен нығайтуда маңызды рөл атқарады. Осы аспектілерді ескерген сарапшылар форумының қатысушылары жаһандық геосаяси трендтер мен олардың еура­зиялық кеңістікке ықпалын, қазақ-орыс қатынасы мен Еуразиялық одақты дамыту, Қытайдың сыртқы саясаты, Қазақстан мен Ресей медиаәріптестігінің өзекті мәселелерін талқылады.

Президент кеңесшісі, Қа­зақстан халықаралық қатынастар кеңесінің төрағасы Ерлан Қаринның айтуынша, қазіргі сарапшылар әлеуметтік саланың құрылымы мен құндылығын зерттеуге қызығушылық таныта бастаған. Ал «Альтернатива» өзекті зерттеу орталы­ғының директоры Андрей Чеботарев бүгіндері геосаяси текетірестің көрігі қыза түскенін еске салды.

«Батыс пен Ресей, АҚШ пен Қытай арасындағы қырғи-қабақтың қыртысы жазылмай тұр. Халықаралық терроризм де тыйылар емес. Осы тұрғыдан алғанда, сыртқы саясаттағы серіктестерімізбен түрлі жиында жиі жүздескен дұрыс. Біз кездескен сайын қоғамға қауіп төндіретін қатерлердің бетін теріс қарататын амалдарды табуымыз керек», – деді ол.

Оның пікірінше, Ресей Қазақстан­дағы жоғары биліктің бейбіт жағдаймен ауысқанына мүдделі және осыған дейінгі достық қарым-қатынастың жалғаса­тынына сенеді. Шетелдік инвесторлар да ойын ережесінің бұзылмағанын, құйған қаржыларының өздеріне еселеніп қайтқанын қалайды.

Тұңғыш Президент – Елбасы кітап­ханасы геосаясат және өңірлік зерт­теулер қызметінің басшысы Қазбек Май­гел­диновтің айтуынша, Еуразия кеңіс­ті­гінде әлемдегі секілді түрлі тренд пайда бо­лып жатыр. Ал осы өзгерістердің пай­дасы мен зиянын аймақтағы ынты­мақ­тас елдер сараптап, біліп отыруы маңызды.

«Қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан Қазақстанның сыртқы саясаты – көп­векторлы саясат. Яғни, біз барлық елмен тең дәрежеде қарым-қатынас жасаймыз. Оның ішінде Ресеймен стратегиялық қарым-қатынастамыз. Сондықтан қа­уіпсіздік мәселесінде, гуманитарлық немесе экономикалық салада болсын, екі ел үшін тиімді кез келген қиындықтан шығу жолдарын іздеу керек. Осыған байланысты бірлескен шешім қабылдау үшін сарапшылар кеңестері өте қажет-ақ. Өздеріңіз білетіндей, АҚШ-та мыңнан астам «Ми орталығы» бар. Өкінішке қарай, мұндай орталықтар Қазақстанда саусақпен санарлық. Сол себепті, са­рапшылардың пікірі, ойы, резолюциялық шешімдері алдағы уақытта екі елдің билігі үшін өте тиімді», – дейді ол.

Оның пікірінше, Қазақстан мен Ре­сей арасындағы қарым-қатынас көп­жақты форматқа ие. Соның ішінде эконо­микалық сипатын ғана тілге тиек етсек, жыл сайын аймақаралық форумдар өткізіледі.

«Әскери тұрғыда ҰҚШҰ аясында ынтымақтастық бар. Қазіргі уақытта Еуразия аймағында әртүрлі сипаттағы трендтер пайда бола бастады. Мәселен, ҚХР жүргізіп жатқан Жібек жолы эконо­микалық саясаты, сонымен қатар ЕАЭО мен «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасын ынтымақтастыру мәселелерін талдау керек. Осының барлығы Қазақстан–Ресей қарым-қатынасының басты тетіктерінің бірі», – деді ол.

 

Айдана БЕГІМ