Алматы қаласында вирустың таралуына байланысты ахуал әлі де күрделі. Бекшин бұл қызметке Айзат Молдағасымованың орнына келді. Дәрігерлермен арада біраз түсініспеушілікке жол берген экс-бас санитар орнын республикалық деңгейде тәжірибесі мол Жандарбек Мұхтарұлына босатып берді. Шығыстағы көрші елдің «Өткелде ат ауыстыруға болмайды» деген тәмсілін еске алсақ, дәл қазіргі жағдайда үлкен ауыс-түйіс болмауы керек-ті. Дегенмен жағдайдың күннен-күнге күрделеніп бара жатқаны атқарылып жатқан істі біраз ширатуға ықпал етті. Президент жанындағы мемлекеттік комиссияның шешімімен өнеркәсіптік және құрылыс секторлары мен ілеспе қызметтер көрсететін компаниялар кәсіпорындарының қызметін кезең-кезеңімен қайта жаңғырту туралы шешім қабылданған болатын. Төтенше жағдай режиміндегі Алматы шаһарында кешеден бастап бірқатар кәсіпорындар іске кірісті. Олардың қатарында өнеркәсіптік кәсіпорындар, құрылыс және жол-құрылыс саласындағы компаниялар, құрылыс материалдарының ірі көтерме базарлары, алдын ала жазылу бойынша нотариустер, тек бизнеске қызмет көрсету үшін халыққа қызмет көрсету орталығының бір бөлімшесі бар.
Кеше жұмысқа кіріскен кәсіпорындар мен нысандардың дайындығын алдын ала тексерген Алматы қаласы әкімі Бақытжан Сағынтаев: «Басты талап – жеке қорғану құралдары мен санитайзерлердің болуы, сондай-ақ әлеуметтік қашықтықты қамтамасыз ету. Бұл шарттардың тұрақты орындалуы маңызды. Санэпидемиологтар мен «Атамекен» ҰКП өкілдерінен құралған комиссия мүшелері шарттың орындалуын бақылауға алады. Тәртіпке бағынбаған жұмыс беруші жауапкершілікке тартылады. Ал компанияның қызметі ТЖ режимі аяқталғанға дейін тоқтатылады», – деді.Бұған дейін Алматыда жұмыспен қамтылғандар саны 728 мың адамға қысқарғаны айтылған болатын. 200 мың адам қашықтан жұмыс істеу режиміне көшкен. Олар негізінен қаржы секторында, сондай-ақ білім беру, мемлекеттік басқару, ақпарат және байланыс салаларында жұмыс істейді. Нәтижесінде, 300 мыңға жуық адам уақытша табыссыз қалды. Талапқа сай саладағы кәсіпорындарды іске қосу бір ай ішінде жұмыспен қамтылған халықтың санын қосымша 90 мың адамға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл ретте жұмыс берушілер қатаң санитарлық нормаларды сақтау үшін дербес жауапты болады. Қызметкерлерді COVID-19-дан қорғау жөніндегі іс-шаралардың толық тізімі барлық өнеркәсіптік және құрылыс нысаны үшін әзірленген. Сонымен қатар қаладағы эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, барлық нысан жұмыс комиссиясы тарапынан қажетті санитарлық талаптарға сәйкестігі тұрғысынан аудиттен кейін ғана кезең-кезеңімен ашылатын болады. Қалада санитарлық нормаларды сақтау әлі де қатаң бақылауда. Шаһарда дезинфекция жұмыстарының жетінші кезеңі аяқталды. COVID-19 инфекциясының жолын кесу үшін жергілікті әкімдік барлық тиісті шараны қолға алған. Карантин басталғалы алматылық мамандар әр кезең сайын 8 500 үй мен 23 мың кіреберіс және 4 мыңнан аса ауланы залалсыздандырып жатыр.
«Күн сайын бес жүзге жуық адамнан құралған 70 бригада аулалар мен кіреберістерді залалсыздандыруға шығады. Күніне 70 мың литр дайын ерітінді қолданылады. Жалпы, жұмыс басталғаннан бері миллион литрден астам дайын ерітінді жұмсалған», – деді Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары Мейіржан Отыншиев.Дезинфекция жұмыстары тұрғын үйлер мен аулалардан бөлек, қаладағы барлық қоғамдық жерлерде жүргізілуде. Бүгінгі таңда мамандар үш миллион шаршы метрге жуық көше мен жарты миллион шаршы метр жүргінші жолын залалсыздандырды. Оның ішінде аялдамалар, көшедегі қоқыс жәшіктері мен контейнер алаңдары да назардан тыс қалмайды.