Сәуір айының басында Тараз қаласында баласынан анасына коронавирус жұққаны туралы ақпарат желдей ескен болатын. Сол кезде халық бұны ерекше толғаныспен қабылдап, ана мен баланың сауығып кетуін тілеген еді. Міне, осы бір жанұя адамдары жуырда карантиннен үйіне шығарылды. Осыған орай ақжаулықты анамызға хабарласып, хал-жағдайын сұрай келе, бастан өткергенін айтып беруді өтіндік.
– Балам жолсерік болып жүріп коронавирус ауруын жұқтырыпты дегенді естігенде, жүрегіме қанжар сұғып алғандай болды. Ал мені, жолдасым мен келінімнің бес баласын қоса карантинге жатқызғанда тіпті дәм-тұзымның таусылған жері осы деп ойладым. Жалпы отбасымыздан барлығы 9 адам карантинде болдық. Алайда 14 күн бойы бір-бірімізді көрген жоқпыз. Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына әкелген бойы мені бөлек бір бөлмеге, жолдасымды басқа жаққа, келінім мен балаларымды да бір-бірінен алшақ жаққа орналастырып тастады. Содан екі күн жалғыз жаттым. Қорғаныш киімін киіп алған дәрігерлердің түрін анықтап көре алмағаннан кейін не еркек, не әйел екенін білмейді екенсің. Әйтеуір «балам» деп жалынып жүріп, жақындарымның жағдайын сұрадым. Олармен көрісуге дәрігерлер еш рұқсат бермеді. Үшінші күні қасыма Үндістаннан ұшып келген 20 жасар қызды әкеліп жатқызды. Өзімнің жақындарымды уайымдап отырғаным аздай ол қыздың уайымы тағы қосылды. Жас емес пе, ата-анасы, бауырларын айтып, көз жасын төгіп менің де жүрегімді ауыртты. Жеті күннен кейін мені аурухананың 4 корпусына алып кетті. Онда дерттен сауыға бастағандар жатады екен. Сөйтсем, менің соңғы сынамам жақсы көрсеткіш көрсетіпті. Содан қуанып дәрігерлерге бар алғысымды айттым. Алайда ол корпустан туыстарымды таба алмай тағы терең ойға шомдым. Бірақ уайымымды емдеп жүрген дәрігерім сейілтіп, «олар да жазылып келе жатыр» деп қуантып қойды.
Өзімнің бүйрегім ауыратын. Бір білгенім бұл вирус адамның қай жері ауырады сол жерге жабысады екен. Жағдайымды дәрігерге айтып едім, ол бүйрегіме он күндік екпе жазып берді. Ал коронавируске қарсы қоңыр дәу дәріні іштік. Қасымдағылар сумен ішіп жатса, мен емі тез болсын деп әлгі дәріні шайнап жейтін болдым. Осылайша «тез еріген дәрі тез бойға сіңеді» деген ұстаныммен өзімше әрекетін жасадым.
Дәрігерлер күнде дене қызуыммен қатар, қан қысымым мен жүрегімді тексеріп тұрды. «Ас адамның арқауы» деді ме, аурухананың тамақтандыруы да жоғары деңгейде болды. Ал медбикелер сынаманы ауыз бен мұрыннан бөлек, қанымыздан да алып отырды. Абырой болғанда 14 күнде тапсырған соңғы сынамам өте жақсы болып шықты. Мені 17 сәуір күні шығарса, қалған туыстарымды араларына күн салып үйге қайтарды. Қазір жолсерік балам да ауруынан айығып, қасымызда. Ең бірінші Аллаға сансыз шүкірлік айтамын. Екінші жоғарыда айтқанымдай қорғаныш киімнен түрін көре алмаған дәрігерлерге алғысым шексіз. Ауруханада шығып бара жатқанда сол дәрігер мен медбикенің қолын алып кетейін деп едім, әттең рұқсат бермеді. Бірақ, ол кісілер кім болса да Алланың оларға нұры жаусын. Біздің көргенімізді олардың жанұясы көрмесін. Өзге адамдардан да аты жаман ауру аулақ жүрсін деп тілеймін. Құдай біз көрген қиындықты көрсетпесін. 14 күн жақындарыңды көрмей, үреймен күнелтуден асқан қорлық жоқ екен, – деп кейуана өткен күнді күрсініспен еске алды.
Иә, біз де ақжаулықты анамыздың ақ батасы қабыл болсын деп тіледік. Соңғы дерек бойынша коронавирустан Жамбыл облысында 11 адам сауығып шығып отыр. Бұл жан жадырататын көрсеткіш. Ләйім, бүгінгі кейіпкеріміздей індеттен құлан таза айығып шыққандардың саны көп болғай.