Атырау облысы әкімдігі Төтенше жағдай кезінде әлеуметтік әлжауаз топтарға арнап маска тігуді ұйымдастыруда, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Ол үшін демеушілер мен белсенді кәсіпкерелер тартылған. Атап айтқанда, «Мұнайсервис» ЖШС компаниясы басшылығы 156 мың маскага жететін 12 000 метр мата сатып алып берген. Ал ол матадан бірнеше кәсіпорындар ("Sari Suppliers" ЖШС, "Safety Systems" ЖШС"Mastertex" ЖШС, «Саңыраулар қоғамы ӨК» ЖШС, «ЭРТРИ» ЖШС) мен ерікті жастар тобы маскаларды тегін тігуде. Бүгінге дейін 12 мың маска тігіліп, әлеуметтік әлсіз топ мүшелеріне, алдыңғы шепте қызмет көрсетіп жүрген азаматтарға тегін таратыла бастады.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Ержан Әбілхановтың айтуынша, облыс әкімдігі бұған дейін ірі компанияларды тарта отырып өңірдің медициналық қызметкерлеріне қажетті құрал-жабдықтар алған. Ендігі кезекте әлеуметтік әлжуаз топтар мен алдыңғы шепте жүргендерді тегін маскамен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта мұндай шаралар жалғасын табады.
Әкімдіктің тегін маска тігіп тарату шарасына атсаласып жатқандардың бірі 32 жұмысшысы бар — «Master Tex Atyrau» ЖШС компаниясы. Оның директоры Болатбек Төлеубектің айтуынша, кәсіпорын күн сайын 800 қорғаныш маскасымен бірге облыстағы медицина қызметкерлеріне арналған комбинезон да тігіп жатыр.
-Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнесті қазіргі қиын кезеңде, коронавирус инфекциясымен күресте көмектесуге шақырған болатын. Біздің кәсіпорын да өз үлесін қосуда. 20 тігінші тәулігіне 800-ге дейін қорғаныш маскасын тігеді. Бүгінге дейін 12 мың данадан астам маска дайындалды. Олар мұқтаж жандарға тегін таратылуда. Сонымен қатар, ауруханалардағы дәрігерлерге де бір реттік қорғаныш комбинезондарын да тігеміз ,-дейді Болатбек Төлеубек.
Маскалар еріктілер ұйымы мен әлеуметтік қамсыздандыру басқармалары мен бөлімдері арқылы таратылуда. Сонымен қатар, облыста жеке кәсіпкерлер, кәсіпорындар және жекелеген азаматтардың тігіп, сатып жатқан маскаларына мониторинг жүргізілуде. Шамамен күніне 25 мың маска тігіліп, сатылуда.