250-ден астам қазақстандық студенттер Мәскеуден автобуспен елге қайтарылады, деп хабарлайды Қазақстанның Ресейдегі Елшілігі.
21 сәуір күні таңертең РФ-дағы ҚР Елшілігінің ғимаратынан бес автобус жолға шықты. Онда түрлі себептермен коронавирус пандемиясына байланысты халқаралық қатынастарға шектеу енгізілгенге дейін Ресейден шығып үлгермеген Мәскеу мен Санкт-Петербург жоғары оқу орындарының 250-ден астам қазақстандық студенттер отыр.
"Қалыптасқан эпидемиялық жағдайды және ресейлік жоғары оқу орындарының қашықтан білім алуға ауысуын ескере отырып, балалар отанына қайтып оралуға ниет білдірді", - деп хабарлады елшілік өкілдері.
ҚР-ның РФ-дағы Елшілігінің қызметкерлері мен ГИБДД-мен бірге санитарлық қауіпсіздіктің барлық нормаларын сақтай отырып, автобустар Қазақстан-Ресей шекарасына қарай жолға шықты.
Орск және Әлімбет өткізу бекеттерінен кейін оларды Ақтөбе облысы әкімдігінің өкілдері қарсы алады. Барлық келушілер коронавирус инфекциясына тексеріледі. Вирус жұқтырмаған жағдайда, студенттер бұдан әрі өздерінің тұрғылықты мекен-жайларына аттанып, екі апталық өзін-өзі оқшаулауды сақтауға міндетті.
Жолға шамамен бір тәулік кетеді деп жоспарланған.
Бұл қазақстандық студенттерді Мәскеуден әкелген алғашқы автобус рейсі. Бұған дейін осындай автобус сапарлары Уфа, Ханты-Мансийск, Самарадан ұйымдастырылды. Қазіргі уақытта елшілік отанына оралғысы келетін қазақстандықтарға жаңа рейстер (автобус және теміржол) ұйымдастыру туралы келіссөздер жүргізуде.