Халық Президент қолдауын сезінуде
Халық Президент қолдауын  сезінуде
124
оқылды
31 наурызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа үндеу жасап, елдегі төтенше жағдайға байланысты Үкі­метке бірқатар тапсырма жүктеген болатын. Осы орай­да, Мемлекет басшысы пандемия індетінің кесірінен жұ­мыс­сыз, табыссыз қалған азаматтарға берілетін 42 500 теңге әлеу­меттік көмек алатындар санатын кеңейту керегін ес­керт­ті. Аталған тізімге салық төлеушілерден бөлек, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар да енді.   Қазіргі кезде жұмыс орын­дары уақытша тоқтап, қалада ка­рантин жарияланған кезде адам­дардың көпшілігі қолда бар­ды қанағат тұтуда. Ал мем­­­лекет тарапынан беріліп жат­қан қаражат тұрғындардың күн­делікті тұрмысына үлкен қолдау бо­лып отыр. Олар үшін 42 500 тең­­ге көлеміндегі әлеуметтік тө­­­лем­нің көмегі зор. Бүгінде Алматыда аталған әлеу­меттік жәрдемақыны 361 548 адам алып үлгерген. Олар­ға жал­пы 15,4 млрд тең­ге берілді. Бұл туралы он­лайн брифинг ба­ры­сында қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы Ра­хат Шимашева мәлімдеді. Оның айтуынша, жалпы өтініш біл­­діргендер саны – 830 315 адам. Бұ­дан бөлек, Алматыда төтенше жағ­дай режимі кезінде 62 мыңға жуық азаматқа әлеуметтік көмек бе­рілген. Бұл көмекті алғандар қа­­тарында І, ІІ және ІІІ топтағы мү­­гедектер, отбасында мүгедек ба­ла тәрбиелеп отырғандар, атау­лы әлеуметтік көмек алып отыр­ған отбасылар, жұмыспен қам­ту орталығында есепте тұр­ған азаматтар бар. Ал Атырау облысында 107 мың адам 42 500 теңге алды. Облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бас­қармасының басшысы Серік Қамидолланың айтуынша, 42 500 теңгенің әлеуметтік төлемін алуға 141 037 адам өтініш бер­ген. Со­ның ішінде 118 996 аза­мат­тың өтініші мақұлданған. Бү­гінге дейін 107 340 адамның есеп­шотына аталған сомадағы әлеу­мет­тік төлем қаржысы түс­кен. Қа­зіргі уақытта төтенше жағ­дай мерзімінің ұзартылуына бай­ланысты әлеуметтік төлем алуды ре­сімдеу әлі де жалғасуда. Сондай-ақ төтенше жағдай ке­зінде әлеуметтік төлем алу үшін шымкенттік 471 971 азаматтан өтініш түскен. Алай­да 42 500 теңге 228 223 тұрғынға тағайындалған. Қалалық әкімдіктің дерегінше, 216 379 тұрғынның өтініші та­­­ғайындалуға жатпайтыны анық­талып, кері қайтарылды. Со­нымен қатар әлеуметтік тө­лем алатын азаматтардың 12 549-ына проактивті түрде кө­мек тағайындалған. Қорыта айт­қанда, бүгінге дейін жалпы саны 210 684 адамға 42 500 теңгеден әлеуметтік төлем төленген.  

Әбілмансұр ЖАСАН