Әлемде «қылмыстық пандемия» өрістеді
Жаһандық пандемияның жаман салдары туралы болжам мен байлам жайдан-жай айтылмаған. Ол тарихи санаға құрылған. Дүниежүзін дағдарыс жайлаған заманда қылмыстың түр-түрі өршиді. Ал қазіргі кезде әлемді күйзеліс жайлады, COVID-19 және оған қарсы қатаң шаралар кәсіпорындардың жаппай тоқтауына соқтырды. Адамдар табыс көзінен айырылды. Мысалы, 2019 жылы дүниежүзінде екі қолға бір күрек таппай жүрген адамдар саны 188 миллионды құраған еді. Халықаралық еңбек ұйымы биылғы қаңтар айында Женевада жария еткен баяндамасында 2020 жылы дүниежүзіндегі жұмыссыздық деңгейі алдағы 2 жылда шамамен 2019 жылғыдай, яғни 5,4% болады деген болжам жасады. Өмір шындығы бұл болжамның тас-талқанын шығарды. Мысалы, бақуатты АҚШ-та еңбек министрлігінің дерегінше, бір апта ішінде 6,6 миллион адам жұмыссыздық жәрдемақысына өтініш берген. Бұл рекордтық көрсеткіш мамандардың ең пессимистік жорамалынан да асып түсті. Қазіргі кезде еңбек биржасына аттануға мәжбүр болған Америка азаматтарының жалпы саны 10 миллионнан көп. COVID-19 батыстың ауқатты елдерінде жұмыссыздық деңгейін қос таңбалы санға дейін ұлғайтты. Екі апта ішінде 4 миллионнан аса француз, яғни жеке секторда жұмыс істейтін әрбір бесінші адам жұмыссыздықтың уақытша жәрдемақысына жүгінді. Испания тарихында да жұмыссыздық рекордтық межені бағындырып, 14%-ға жетті. Ресей есеп палатасының басшысы Алексей Кудрин елде жыл соңына қарай жұмыссыздар саны қазіргі 2,5 миллионнан 8 миллионға дейін өсуі мүмкін екенін ескертті. Білікті психологтер тәртіп пен тамақ арасында таңдау жасау қажет болса, адамдар міндетті түрде азықты таңдайтынына назар аудартады. Салдарынан, жер-жаһанда азық-түлік супермаркетін топ болып тонауға ұмтылған адамдар құрықталып жатыр. АҚШ-та қылмыс ауқымы 12%-ға артқан. Қарақшылық пен мародерлік шабуылдан қорыққан америкалықтар қаруланып жатыр: азаматтарға арналған қару-жарақ пен оқ-дәрі саудасы 222%-ға өсті. Кейбір елде қылмыстың өршуіне сотталғандардың жаппай босатылуы түрткі болыпты. Бұл қадамға Италия, Колумбия, Шри-Ланка түрмелеріндегі бүліктер ықпал етті: абақтыдағылар туған-туысымен кездесуге, камерадан тыс серуендеуге шектеу қойылғанына наразылығын солай білдірді.Қазақстанда қылмыс төмендеді
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің дерегінше, елде 2020 жылғы 1-тоқсанда 54 990 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелді. Бұл – ел тарихындағы ең төменгі көрсеткіштің бірі. Мәселен, 2016 жылдың алғашқы 3 айында – 108 385, 2017 жылғы осы мерзімде – 88 324, 2018 жылғы 3 айда – 76 186, 2019 жылғы 1-тоқсанда 72 246 қылмыс тіркеліпті. – Республикадағы қылмыс деңгейі 10 мың тұрғынға шаққанда 118-ден келеді. Бұл ретте осындай ең жоғары қылмыс деңгейі Алматы, Шымкент, Нұр-Сұлтан қалаларында, сондай-ақ Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай және Ақмола облыстарында, ал ең төменгісі Түркістан облысында байқалады, – деді Бас прокуратура комитеті. Бір қызығы, қылмыс өрістеген өңірдің барлығы дерлік бүгінде карантинге жабылған. Ендеше осы 3 мегаполис пен 4 облыста ТЖ аясындағы шектеу шараларының қандай нәтиже әкелгені сәуір айының қорытындысы шыққаннан кейін айқындала түспек. Дегенмен көрсеткіштің барлық өңірде бірдей көркейгені айқындалды. Мысалы, әр 10 мың тұрғынға шаққанда Алматы қаласында 2019 жылғы 1-тоқсанда 359 қылмыс тіркелсе, 2020 жылғы ұқсас кезеңде ол 225-ке дейін күрт құлдырады. Бұл көрсеткіш Нұр-Сұлтанда – 218-ден 136-ға, Қостанай облысында – 182-ден 134-ке, Шымкентте – 170-тен 146-ға, Ақмола облысында – 170-тен 134-ке, БҚО-да – 168-ден 136-ға, ШҚО-да – 160-тан 138-ге, Ақтөбе облысында – 153-тен 111-ге, Қарағанды облысында – 138-ден 108-ге, Алматы облысында – 137-ден 96-ға, СҚО-да – 130-ден 117-ге, Атырау облысында – 125-тен 110-ға, Павлодар облысында – 115-тен 96-ға, Қызылорда облысында – 104-тен 76-ға, Жамбыл облысында – 95-тен 71-ге, Маңғыстау облысында – 87-ден 75-ке, Түркістан облысында 57-ден 46-ға дейін төмендеді. Өкінішке қарай, дағдарыс кезінде адам өлтіру, денеге салмақты зақым келтіру, алаяқтық жасап, өзгенің ақшасы мен мүлкін иелену секілді қылмыстар өркен жайыпты. «Ауыр және аса ауыр қылмыстар саны 2019 жылдың алғашқы 3 айына қарағанда 119,8%-ға көбейді. Қылмыстың жалпы құрылымында олардың үлес салмағы 20,3%-ды құрайды. 2019 жылдың 1-тоқсанында 9,3% болған. Ауырлығы орташа және төмен қылмыстар үлесі тиісінше 33,8% (2019 жылы – 66,5%) және 12,4% (14%). Биылғы қаңтар-наурызда тіркелген қылмыстар ішінде ең үлкен үлес меншікке қарсы қылмыстарға тиесілі – 72,7% (2019 жылы – 76,4%). Атап айтқанда, басқа біреудің мүлкін ұрлаудың 23,7 мың қылмысы (былтыр – 39,4 мың оқиға) тіркелді. Айта кету керек, қылмыстың осы тобында, әсіресе алаяқтық дерегі 10,2%-ға ұлғайды» деп хабарлады Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет. Сонымен қатар адам өлтіру саны төрттен бірге, 26,1%-ға көбейіпті. «Елде адам өлтіру деңгейі 100 мың тұрғынға шаққанда 1,5 құрайды. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың ахуалын талдасақ, 100 мың адамға шаққандағы адам өлтірудің ең жоғары деңгейі Павлодар (2019 жылы көрсеткіші 1,9 болса, 2020 жылы – 3,6), Жамбыл (0,9-дан 2,8-ге өсті), Қарағанды (2,5-тен 2,6-ға дейін), Ақмола (1,6-дан 2,6-ға дейін артты) облыстарында, ал ең төменгісі Түркістан облысында (0,4-тен 0,5-ке) байқалады», – деді комитеттегілер. Кейінгі жылдары ақпарат құралдарында көп көтерілген «құлдық» құбылысына және онымен айналысатын топтар әрекетіне карантин тосқауыл қоятынға ұқсайды. Адамға қарсы қылмыс санатында 3 230 оқиға әшкереленді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,8%-ға аз. Соның ішінде, адам саудасы – 50%, адам зорлау – 36,6%, адам ұрлау – 34,8%, қорқыту 19,5% төмендеді. Жыл басынан бері құқық қорғау органдары 21,2 мың қылмыс жасаған адамды құрықтады. Оның 9,2 мыңы қылмыстық жауапкершілікке тартылып, темір тордың ар жағына тоғытылды (былтырғыдан 5,6% аз). Ағымдағы жылы қылмыс жасаған адамның көбі немесе 83,8%-ы – жұмыссыздар (2019 жылдың 1-тоқсанында 84,2%). – Орташа алғанда Қазақстанда қылмыс жасаған әрбір сегізінші адам мас болған. Шамамен әр тоғызыншысы топ құрамында қылмысқа барды. 510 қылмыскер немесе 2,4%-ы – кәмелетке толмағандар, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегіден 25,2%-ға аз. Оның арасында 16-ға толмаған 89 бала бар. Жасы 18-ге жетпеген 421 жасөспірім қылмысы үстінде ұсталды, – деп мәлім етті Бас прокуратура.Ашыққандар бүлігінен сақтанған жөн
Криминолог ғалым Сәбит Ордағұл төтенше жағдай кезінде қылмыстың біраз түрі бойынша көрсеткіш жақсарады деген пікірде. Оның мәліметінше, әлемде шектеу шарасын енгізбеген елдерде қылмыс өршіген. Кәсіпорындар жабылса, табысынан айырылғандар қатары артса, әлемді алапат індет жайлап жатса, ертеңінен түңілген адам кез келген жолмен тамақ табу жайын ойлайды. Тонау, зорлау, адам өлтіру секілді қылмыс өршиді. Ал қатаң карантин және оқшаулау шарасын қабылдап, көшелерді бақылауға алған елдерде қылмыс құлдырады. – Өйткені біріншіден, адамдардың басым көпшілігі үйлерінде отырады және өткір қажеттіліксіз сыртқа шықпайды. Демек, есігін ешкімге ашпаса, қылмыскерге қарау ниетін жүзеге асыруға мүмкіндік қалмайды. Екіншіден, жол-көлік оқиғаларының саны күрт азайды. Әйтпесе, көлік соқтығысуының соңы төбелеске ұласатыны, адам өліміне соқтыратыны сирек емес. Үшіншіден, құқық қорғау органдары, әскерилер күшейтілген жұмыс тәртібіне көшірілді. Вирус жайлағанда бейтаныс адаммен, кәнігі қылмыскермен бір камерада отырмау үшін азаматтар тәртіп пен заңға бағынуға, ақырын жүріп, анық басуға тырысады, – деді С.Ордағұл. Дегенмен ол қала көшелерін қадағалауға бар күшті жұмылдырамын деп үлкен трассаларды қараусыз қалдыруға болмайды деген тұжырымын айтты. Себебі өңірлер арасында жеке көліктің жүрісі азайғанымен, жүк көліктері еш шектеусіз ағылып жатыр. Егер олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету назардан тыс қалса, 90-жылдағыдай рэкеттер қара жолда қарақшылық жасауға көшуі ықтимал. Сарапшылар «қылмыстық жағдай енді үнемі жақсара береді» деп ойлау аңғалдық дейді: егер жаппай карантин тым ұзаққа созылып кетсе, біріншіден, қоғамда наразы көңіл күй белең алуы мүмкін. Екіншіден, тіршілікке қажет қаржы таппаған адамдар ұрлық, тонау, қарақшылыққа бой ұруы ғажап емес. Әлеуметтанушылар мұны «ашыққандар бүлігі» (бунт голодных) деп атайды. Оны болдырмау үшін билік аз қамтылғандарды ақшалай және заттай қолдауға тырысуда. Құқық қорғау органының ардагері, заңгер Евгений Власовтың айтуынша, қылмыс көшеден жабық үй-жайға көшті. Мысалы, үй тонау, онлайн қылмыстар, отбасындағы зорлық-зомбылық артуы мүмкін. «Карантин мен оқшауланудың қылмысқа оң және теріс ықпал ететін қырлары бар. Оң жағына тоқталсақ, қылмыс статистикасы жақсаруда. Бұған мейрамхана, бар, түнгі клубтың жабылуы жағымды әсер етті. Алайда қаны қарайған қаскөй адам үйде де тыныш отыра алмайды. Салдарынан, адам өліміне соқтыратын отбасыдағы ойран оқиғасы көбейеді. Оның алдын алу тетігі жетілдірілмеген, қайта ұлттық заңнама және жаза жұмсартылды. Оқшаулану киберқылмыскерлер мен интернеттегі алаяқтарды тоқтатпайды, керісінше олардың аудиториясын ұлғайтып берді. Оффлайнда қауіпсіз болған рәсімдердің онлайнда осал тұстары анықталуда», – дейді маман. Ол қылмыстық жағдайдың күрделі екенін жасырмады: «Қазіргі уақытта қылмыстың күрт құлдырағаны тіркелгенімен, әрі қарай не болатыны белгісіз. Әйтсе де, күйзеліс жағдайында қылмыс артатынын болжай аламын. Бірақ 90-жылдардағыдай қылмыс әлемінің шектен шығуына жол берілмейді деген үміттемін», – дейді ол. Коронавирусқа қарсы санитарлық өңдеу жүргіземін деп химиялық қорғау костюмін киген қылмыскерлердің үйлерге кіріп кету деректері тіркелді. 42 500 теңге әлеуметтік көмекті, блок-бекеттен өту рұқсатнамасын алуға көмектесемін деген алаяқтар қаптады. Мұндай жағдайда құзырлы және жауапты органдардың түсіндіру жұмысын күшейткені абзал.Айхан ШӘРІП