Айдындарды ластап жүрміз
Айдындарды ластап жүрміз
336
оқылды
Қазір өзендердің таязданып, ластануы күрделі мәселеге айналды. Осыған дейін Жайық өзенінің жағдайын айтып, экологтер дабыл қаққан еді. Бірақ бұл жалғыз Жайықтың емес, Қазақстандағы көптеген өзен-көлдің халі оңып тұрмағанын аңғартса керек. Бұған қалдықтарын өзенге төгіп жатқан талай кәсіпорынды қосыңыз. Олар миллиондап айыппұл төлеуді қиын көрмейді. Мүмкін, оларға салынып жатқан айыппұл мөлшері тым аз болар? Экологтер нендей пікір айтады?  

Арнасы кепкен сулар

Қазақстан аумағында 85 мың­нан аса ірілі-ұсақты өзен бол­­са, соның жетеуі ғана, яғни Ертіс, Тобыл, Есіл, Жайық, Сыр­дария, Іле мен Шу мың ша­­­қы­рымнан астам аумаққа созыла ағады. Біз атаған жеті өзен­­нің жағдайы жақсы емес. Елор­даны қақ жарып есіле ағып жат­қан Есіл өзенінің жалпы ұзындығы 1 400 шақырым. Ені 50-70 метрден аспайды, тереңдігі 2 метрдей ғана. Өткен ғасырдың 30-жылдары суы тартылып, жағ­дайы қайта оңалған өзеннің қазіргі минералдығы жоғары. Үлкен қаланың жанында орна­лас­­қандықтан Есілге түскен сал­мақ одан сайын артты десек болады. Аймақта өнеркәсіптік, тұрмыстық-коммуналдық сала­ның дамуы өзеннің бүлінуіне әкелді. Экологтер Есілдің соңғы жылдары қатты ластанғанын ай­тып отыр. Былтыр жазда халық­аралық сарапшы Анатолий Крутов елдегі 67 ірі су арнасының ауызсу ретінде қолдануға жарам­сыз екенін жеткізді. Шығыс Қа­зақстан облысындағы тау-кен кә­сіпорнына тиіп жатқан Красноярка өзені шектен тыс лас­танған. Осы уақытқа заңсыз қоқыс по­лигонының өңделмей, айна­ланы улап жатқаны талай мәрте ай­тылған. Енді қоқыс поли­гоны өзендерді де ластап отыр. Қо­қыстың құрамында ке­мінде 20-ға жуық улы өндіріс қал­дық болады екен. Тіршілік бар жер­де қоқыстың шыға берері анық, деген­мен бұл мәселені бүгін қолға ал­маса су да сұраусыз қалатын сыңай­лы. Жоғарыда аталған Шығыс Қазақстан облы­сында өткен жылы 15 өзеннің суында ауыр металдың тым жо­ғары мөлшері анықталған болатын. Яғни, адамның қажеті­не мүлдем жарамсыз. Жергілікті экология департаменті сол кез­де бұл іске қатысы болуы мүмкін кәсіп­орын­дарды шетінен сотқа берді. Ал қазір өзеннің жағ­дайы өзгерді ме?    width= – Мамандар айына бір рет өзен мен су қоймаларынан сы­нама алып, тексеріп отырады. Біра­зында былтыр мырыш пен марганецтің шамадан тыс мөл­шері табылған болатын. Сол кезде мұны мәселе ретінде кө­теруге мәжбүр болдық. Брекса, Тихая, Үлбі сияқты өзендер көп ластанған. Жыл басында зерттеу жүргізілді, жағдай тұрақты. Заңды бұзған кәсіпорындарға айыппұл салынды, – дейді «Қазгидромет» облыстық филиалының жетекші инженері Айжан Халел. Экология департаменті өзен­дерді ластаған «Қазцветмет» компаниясына былтыр 56 млн теңге айыппұл салыпты, 2018 жылы – 107 млн теңге. Ал ком­­пания өзенге қалдық төгуді қой­маған. Осыған қарап «компа­нияларға салынған айыппұлды басшылары теңге құрлы көрмей ме?» деген ойда қаласыз. Әлде, заң әлсіз бе?  

Кәсіпорындардың әлегі

2019 жылы коммуналдық кә­сіпорын Есіл өзеніне 154 мың текше метр лас су жіберіп, ақы­рында 30 млн теңге айыппұл төледі. Осын­дай заңбұзушылық үшін Әкімшілік кодексте 328, 332-баптар бар. Бірақ заңға құлақ асқан кәсіпорын аз. Бұрындағы әдет, сол әдет. 2016 жылы Ертісті ластаған «ҚазЦИНК» атты алпауыт компанияға 4 млрд 56 млн теңге айыппұл салынған еді. Елі­міздегі кәсіпорындардың ішінде осы уақытқа дейін ең көп мөл­шерде айыппұл төлеген ком­пания. Соған сай ең көп залал келтірген. Бірақ «ҚазЦИНК» компаниясы үшін миллиардтаған айыппұл қиынға соқпайтындай. Себебі олардың жылдық табысы 3 млрд доллардан асады. Былтыр Петропавлда «Тазартқыш, су тарт­қыш және су өткізгіш ғима­раттар» кәсіпорны Есілге 153 мың текше метр лас су жіберген. Осы үшін мекемеге бар болғаны 150 мың теңге айыппұл салынған. Осындай мардымсыз айыппұл төлеп, жауапкершіліктен оңай құтылған тағы бір мекеме Ақтөбе облысында тіркелген болатын. Өңірдегі Байбақты өзенін лас­таған шошқа фермасы 733 тең­ге айыппұл төлеп, әңгімені жылы жапқан. Тіпті, еріксіз езу тарт­қызады. Ал табиғат жана­шыр­ларының бұл тұста пікірі қандай?    width= – Бұл өте күрделі мәселе. Қарап отырған проблема дұрыс, дегенмен елде осыған бай­ла­нысты көп нәрсені өзгерту керек. Бұл жерде жекелеген тұлғалардың жауапкершілігі болуы тиіс. Оған кім қарап жатыр. Ластанудың себебі көп. Өте көп жұмыс ат­қары­луы қажет, бірінші Үкімет­тің өзі бастағаны орынды. Менің есебім­ше, кәсіпорындарға айып­­пұл өте аз. Көбейту керек. Оларға қал­дықты өзенге төгіп, айып­пұл төлей салған тиімді және аз қар­жы кетеді. Егер олар қалдық­тарын өңдеп отыратын қосым­ша зауыт салса, төлеп отырған айыппұлынан 10 есе артық шығындалады, – дейді эколог Дмитрий Калмыков. Байқағанымыздай кәсіп­орындар қаржылық жағынан тиімді жолды таңдайды. Оларға мил­лиард жұмсап, қалдық өңдей­­тін зауыт салғанша, аз-кем айыппұлмен құтылған оңтайлы. Сондықтан экологияны бүлдір­ген кәсіпорындарға айыппұл мөлшерін көбейту керек-ақ.   ТҮЙІН:

Қазақстан үшін эколо­гия мәселесі кезек күттірмеуі тиіс. Осынша өзеннің түбі құрғап, суы жарамсыз болып жатса келешекте сан соғып қалуымыз әбден мүм­кін. Бұл проблемаға тәуелсіз мем­лекет ретінде бейжай қарасақ – елдігімізге сын.

 

 width=   Мадияр ТӨЛЕУ