Елімізде коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау үшін төтенше жағдай енгізіліп, әуеқатынасына шектеу қойылды. Халықаралық және ішкі бағыттардағы ұшулар тоқтатылған соң жолаушылар күні бұрын сатып алған билетінің ақшасын қайтаруға кірісті. Барлығы да ақшасын қолға жылдам алғысы келді, алайда олай болмай шықты.Міне, содан бері бір ай өтті. Билет ақшасын қайтарып алғандардан ақшасы қолына тимегендер көп болып тұр. Бұл – біздің гипотеза. Осы гипотезаны біржақты ету үшін Азаматтық авиация комитеті мен бірқатар әуекомпанияларға хабарластық. Бүгінге дейін қайтарылған билет саны туралы дерек сұрадық. Өкінішке қарай, ондай дерек дәл қазіргі уақытта өздерінде де жоқ екен. Бірақ бұл – билет ақшасы қайтарылмай жатыр деген сөз емес. Бұл бағытта әуекомпаниялары да, делдал компаниялар да қызу жұмыс істеп жатыр. Ол туралы аталған компаниялардың әлеуметтік желідегі парақшаларынан да көруге болады. Бірақ билет ақшасын қайтарып алдым деушілерге қарағанда, ақшамды қашан қайтарасыздар дегендердің үлесі басым.
Есте болса, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 12 наурызда шетелдік әуекомпаниялары өкілдерінің қатысуымен өткен кеңесте рейс санының қысқаруына байланысты бұған дейін алынған билетті толық көлемде қайтару немесе айыппұлсыз қайта брондауды ұсынуға кеңес берген-ді. Сол кезде әуекомпанияларының барлығы дерлік ұшу билеттерінің ақшасын толық қайтара алатынын мәлімдеген.
Air Astana компаниясының президенті Питер Фостер әлі де сол ұстанымда. Ол «Форбс» журналына берген сұхбатында ай сайын 80 млн доллар табыс табатын компанияның қазіргі уақытта 160 млн доллар табыстан қағылып отырғанын айтыпты. Соған қарамастан, карантин кезінде жүзеге асырылмаған рейстің билеті 100 пайыз қайтарылатынына сенімді.
«15 сәуірден кейінгі бірқатар халықаралық рейстер жүзеге аспайтын болды. Сол мерзімге билет алған жолаушыларға SMS немесе электронды пошта арқылы хабарлама жіберілді. Жолаушылар билетті осы жылдың соңына дейін кез келген мерзімге шегеріп брондай алады. Ал билет ақшасын қайтару туралы келіп жатқан өтініштердің бірде-бірі назардан тыс қалмайды», – дейді ол.
Айта кетерлігі, Air Astana қалыптасқан жағдайға байланысты Үкімет тарапынан көмек сұраған жоқпыз және көмек сұрау туралы жоспарымызда жоқ деп отыр. «Компанияның қаржылық жағдайы тұрақты және бірнеше айға жететін резерві бар», – дейді Фостер Питер. Демек, бұл компаниядан алған билет үшін алаңдауға негіз жоқ.
Ал SCAT не дейді? Компанияның ресми сайтында жарияланған ақпаратта «Компанияның қолданыстағы бағыттардың 99 пайызға ұшуын жүзеге асыруға мүмкіндігі жоқ болғандықтан, қазіргі уақытта бізде ақша қаражатын дереу қайтару үшін жеткілікті ресурс жоқ. Сонымен қатар осы мәселе бойынша өтініштер саны, қазіргі уақытта компания жолаушыларға көмек көрсетудің қуатты штабы құрылғанына қарамастан, бірнеше мыңнан асты. Қолдау орталығының бригадалары бірнеше есеге ұлғайып, телефон желісін, әлеуметтік желілерді және электрондық хаттарды қолдауды қамтамасыз ете отырып, тәулік бойы жұмыс істейді. Барлық жағдайды ескере отырып, компания жағдайды тұрақтандырып, кесте қалпына келгенге дейін төлемдерді кейінге қалдыруға мәжбүр» деп жазыпты. Компания хабарламасын өңдеусіз бердік. Түсінгеніміз, компанияда билет ақшасын қайтара қоятын қаржы жоқ, сондықтан төлемдерді кейінге қалдыруға мәжбүр.
Ал жолаушыларға қаражатты қайтару процесін жеделдету үшін әуекомпания мемлекеттік органдарға қаржылық қолдауға өтініш жіберген.
Әуе және теміржол билетін сатумен айналысатын Aviata компаниясының әлеуметтік желідегі парақшасына пікір қалдырғандардың 80-90 пайызы билет ақшасы қайтпағанын жазған. Ал біз жүргізген шағын сауалнамада билет ақшасын қайтарып алдық дегендер FlyArystan-ның жолаушылары екен. Олар компанияның ресми сайтына кіріп, билет ақшасын қайтару туралы өтініш берген соң, үш күн ішінде ақшасы қолға тиген. Басқа компанияларға солай етуге не кедергі?
Айтқандай, осыдан бір апта бұрын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі коронавирус салдарынан отандық әуекомпаниялары 235 млрд теңге шамасында табыстан қағылғанын жариялаған еді. Ал кеше Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов пандемия салдарынан азаматтық авиация саласы 300 миллиард теңге шығынға ұшырауы мүмкін екенін айтты.
Министрдің айтуынша, коронавирустың таралуына байланысты төтенше жағдай жарияланғандықтан, ішкі рейстер 100 пайыз, ал халықаралық рейстер 98 пайыз тоқтады. Егер осы жылдың 22 наурызына дейін ішкі 45 бағытта аптасына 540 рейс (тәулігіне 77 рейс) орындалса, 2020 жылдың 2 сәуірінен бастап Қазақстан қалалары арасындағы барлық ішкі тұрақты рейстер тоқтатылды.
Халықаралық Азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) болжамына сәйкес, осы жылдың бірінші жартыжылдығында әуекомпаниялар ұсынатын орындар саны 51% қысқарады, тасымалданған жолаушылар саны 500 миллионға азаяды. Әуекомпаниялардың операциялық шығыны 124 млрд АҚШ долларын құрайды.
Өткен наурыз-сәуір аралығында елімізде тасымалданатын жолаушылар саны 70 пайызға азайды. Ұшу рейсінің қысқаруы мен шектелуінен отандық әуекомпаниялар 13 сәуірге дейін 235 млрд теңге, әуежайлар 24,5 млрд теңге, «Қазаэронавигация» РМК 28 млрд теңге жоғалтқан.
Қазақстандық тасымалдаушылар жабық әуежайлардан ғана емес, ұлттық валюта бағамының әлсіреуінен де зардап шегіп жатыр. Осы проблемаға әуебилетінің құнын қайтару қосылып, жығылғанға жұдырық болды. Бірақ уәденің аты – уәде. Билет ақшасы қайтарылуы тиіс.