Қазақстанның авиация әкімшілігі Bek Air әуекомпаниясының лицензиясын қайтарып алды. Бұдан кейін отандық әуе нарығында жағдай өзгере ме? Бәсекелестік азайған соң билеттер қымбаттап кетпей ме? Тоғыз ұшақтың тоқтауы азаматтық авиация саласына қалай әсер етеді? «Қазақстанның авиация әкімшілігі» акционерлік қоғамы көрсеткен түзетулерін орындамағандықтан, «ҚР әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» заңның 12-бабы 5-тармағына, 16-9-бабы 2-тармағының 10-тармақшасына сәйкес Bek Air компаниясының сертификаты кері қайтарып алынды» делінген Азаматтық авиация комитеті таратқан хабарламада. Бұған дейін Қазақстанның авиация әкімшілігі Бас көлік прокуратурасымен бірлесіп Bek Air-дің қызметіне жоспардан тыс тексеру жүргізіп, өрескел кемшілікті анықтаған. Компанияның Rolls Royce авиациялық қозғалтқыштарын зауытпен келісімшартсыз пайдаланғаны белгілі болды. Сондай-ақ басқа да заңбұзушылықтар ашылған. Тексеру нәтижесі компанияға жіберілген. Алайда Bek Air басшылығы одан қорытынды шығармаған сыңайлы. Енді компания лицензия алу үшін қайтадан толық сертификаттау рәсімінен өтуі керек. Қазақстанның авиация әкімшілігінің бас директоры Питер Гриффитстің сөзінше, сертификатты жаңартуға 6 айдан 18 айға дейін уақыт кетуі мүмкін. Бұл – ауы мен бауы көп шаруа, ұзақ процесс. Әр кезең сайын тексеру жүргізіледі. Компания қаншама шығынға батады, өйткені лицензияға қол жеткізу өте қымбатқа түседі. – Қазақстанға авиакомпаниялар ауадай қажет. Егер Bek Air нарыққа оралғысы келсе, барлық талапқа жауап беретініне сенемін, – дейді Питер Гриффитс. Ал лицензиямен біржола қоштасса ше? Bek Air басшысы Нұрлан Жұмасұлтанов бұл жөніндегі жоспарын баяғыда жайып салған. – Отанымызда бізге орын табылмаса, Қырғыз еліне ауысамыз. Басқа мемлекет болуы да ықтимал. Өмір көрсетеді, – деген. Әрине, жаһандану заманында компанияның мекенжайын өзгерту қиын емес. Бірақ Қазақстандағы оқыс оқиғаны естіген қырғыздар лицензияны оңайлықпен қолына ұстата қояр ма екен? Кім білсін. Жұмасұлтановтың өз сөзімен айтсақ, оны да «өмір көрсетеді». Айта кетейік, былтыр 27 желтоқсанда Алматыдан Нұр-Сұлтанға ұшып шыққан Bek Air компаниясының Fokker-100 ұшағы әуежайдан көтерілгенде апатқа ұшырап, сол маңдағы үйге соғылған. Апаттан 13 адам қаза тапқан. Содан кейін Bek Air қызметіне тыйым салынған-ды. Апатқа ұшыраған әуекемесі 1996 жылы өндірілген екен. Қазақстанда 2016 жылы 26 тамызда құжаты рәсімделген. Ең сорақысы, әбден тозығы жеткеніне қарамастан, компанияның тоғыз ұшағына да жарамдылық сертификаты берілген. Жалпы, Bek Air құрылғалы төрт рет оқыс оқиға тіркеліпті. 2016 жылы 20 наурызда компания ұшағы елорда әуежайына апатты жағдайда қонды. Себебі – механикалық ақау. Алдыңғы шасси ашылмай қалған Fokker-100 бортында 116 жолаушы отырыпты. 2018 жылы 7 наурызда Ақтау әуежайынан көтерілген ұшақ 7 000 метр биікті еңсергенде салонда дабыл жүйесі ойнаған. Экипаж дереу әуежайға оралған. Компания өкілдерінің сөзінше, болмашы ғана ақаудың кесірінен жалған ескерту іске қосылыпты-мыс. 2018 жылы 12 желтоқсанда Bek Air-дің «Астана – Алматы» бағытындағы рейсі сағат 3.00-де ұшып шығып, техникалық ақауға байланысты әуежайға қайтты. Сағат 05.30-да ұшақ жөнделді. Алайда компания рейсті тоқтатуды ұйғарған. Былтыр 18 ақпанда Z92100 нөмірлі «Алматы – Астана» рейсі кешікті. Мамандардың уәжіне сенсек, жүк тиеу кезінде Fokker-100 ұшағының фюзеляжы зақымданған. Ақыры жолаушылар бір сағаттан кейін резервтік бортпен ұшқан. Бесіншісі – желтоқсанда дүйім жұртты дүрліктірген қайғылы апат. Хош. Сонымен, әуекомпания лицензиясыз қалды. Оның бізге келіп-кетері бар ма? – Сертификаттан айырылған Bek Air әуекомпаниясы тасымалдаушы ретіндегі қызметін доғарады. Жол жүру билетін сата алмайды. Ішкі туризм нарығында бір тасымалдаушымызды жоғалтамыз. Әрине, көңіл көншітерлік жағдай емес. Өйткені бізге бәсекелестік керек. Бірақ ол қауіпсіз және үнемді болуға тиіс. Bek Air босатқан орында жаңа компания ашылар деп күтеміз, – дейді Питер Гриффитс. Бүгінде Қазақстан нарығында 60 әуекомпания жұмыс істейді. Bek Air-ді қоспағанда, оның алтауы ел аумағында 52 бағытта тұрақты рейсті жүзеге асырады. Атап айтқанда, Air Astana, SCAT, «Жезқазған-Эйр», «Жетісу», Qazaq Air және «Оңтүстік аспаны». Сондықтан ұшқыштары сертификатсыз ұшқан, Үкіметке лоббистер арқылы ықпал етуді көздеген, азаматтарға ажал құштырған бір компанияның құрығанынан қылшығымыз қисая қоймайтын секілді. Оның үстіне авиация саласы – коронавирустан тым қатты зардап шеккен сектордың бірі. Мәселен, қазірдің өзінде отандық әуекомпаниялары 235 млрд теңге, әуежайлар – 24,5 млрд теңге, «Қазаэронавигация» РМК 28 млрд теңге шығынға батқан. Сарапшылардың пікірінше, болашақта авиақұрылыс саласы құлдырайды. Себебі ескі ұшақтар босап қалады да, жаңа ұшақтарға сұраныс төмендейді. Демек, Bek Air-дің тозығы жеткен тоғыз ұшағына аса бір мұқтаждық жоқ.
Ерсайын БАҒДАТ