Індет жұқтырған үш науқас сауықты
Індет жұқтырған үш науқас сауықты
261
оқылды
ШҚО-да COVID-19-дан 3 адам сауығып шықты. Бұл туралы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ілияс Мұхамеджан мәлімдеді. Қазірге дейін өңірде бойынан коронавирус анықталған адам саны  8-ге жеткен еді. Аймақтың бас дәрігерінің айтуынша, сауығып кеткендер ара­сында облыс орталығынан – екі, Семей қаласынан бір нау­қас бар. – Бүгін үшеуі де ауруханадан шықты. Өздерін жақсы сезінеді. Олар 1959 жылғы семейлік және Өскемен қаласының 1938 жыл­ғы тұрғыны мен дәл осы 1938 жылы дүниеге келген тағы бір азамат. Емделушілерде COVID-19 симптоматикасы жоқ, барлық талдаулар алынды. Рентген мен компьютерлік томография зерттеулерінде ауру белгілері табылмады. ПТР-ге екі рет талдау жасалды, екеуі де теріс нәтиже көрсетті. Сауығып шыққандар үйлеріне жеткізілді, 14 күн бойы үйлерін­де карантинде болады, –  деп нақтылады Ілияс Мұхамеджан. Облыстық Денсаулық сақ­­тау басқармасының бас­шы­сы басқа науқастардың да жағдайына тоқталып өтті. Қа­зіргі уақытта олардың бар­лы­ғы Семей қаласындағы инфек­ция­лық стационарда емделіп жатыр. Жағдайы орташа ауыр, тұрақты. Бүгінде анықталған 29 ошақ­тың 20-сы карантиннен алын­ды. Коронавирус тіркелген соңғы 2 жағдай бойынша 9 ошақ қалып отыр. Ол науқастармен  110 адам байланыста болған. Барлығы оқшауланған, талдау нәтижелері теріс. Жалпы, қазір­гі уақытта облыс бойынша провизорлық стационарларда 62 адам, обсервацияда 34, үй карантинінде 249 адам бар. Қоса кетсек, облыс орта­лы­­ғының 4-ші қалалық ауру­ха­насынан және Семей қала­сы­ның балалар ауруха­на­сынан карантин режимі алынды. Ста­ционарда болған барлық қыз­меткер мен науқас екі рет тес­тілеуден өтті, нәтижелері те­ріс шықты. Көрсеткіштер бойын­ша облыста барлығы 3 209 адам зертханалық тексеру­ден өтті. Облыс тестпен жеткі­лік­ті түрде қамтамасыз етілген. 18 сәуірден бастап Шығыс Қазақстан облысы толықтай карантинге жабылған болатын.  

Дәурен АЛЛАБЕРГЕН, Шығыс Қазақстан