ЖАНАШЫР
ЖАНАШЫР
417
оқылды

Дәм-тұз бұйырып 2016 жылы қасиетті Жамбыл ауданының «Атамекен» газетіне тілшілік қызметке қабылдандым. Құрылғанына 87 жылдан асқан қара шаңырақтың тарихы тереңде. Осы рухани ордада жазушы Нағашыбек Қапалбеков, Күмісжан Байжан, ақын Есенқұл Жақыпбек тәрізді танымал қаламгерлер газетті әр жылдары басқарған. Бүгінгі күні ақын Рәтбек Терлікбаев – бас редактор.

«Атамекен» газетін жиырма жылдан астам басқарған Күмісжан Құдайбер­ген­қызы – оқығаны мен көңілге түйгені мол, алысты болжайтын, салмақты, сабырлы және әр ісіне жауапкершілікпен қарайтын жан.

Аудан халқы Күмісжан Байжанды қа­дірлейді, жақсы көреді. Көпшіліктің қолы жете бермейтін С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің Журна­листика факультетін ойдағыдай аяқтаған соң, Күрті аудандық «Шұғыла» газетінде журналистік еңбектің түрлі сатысынан сүрінбей өткен кездері өз алдына бір әңгі­ме. Сосын 1986 жылдан бастап аудандық «Екпінді еңбек» газетінде бас редактор болып, оның өсіп-өркендеуіне, оқыр­манның сүйікті басылымына айна­луына өлшеусіз үлес қосады. Осы жылдары аудан­дық партия комитетінің бюро мүшесі, аудандық кеңестің бірнеше шақыры­лымына депутат болып сайлан­ғанын, жиындарда ақты ақ, қараны қара деп, кемшілікті тайсалмай айтқанын әріптестері әлі ертегідей айтып жүр.

Шерхан ағаның шекпенінен шыққан деген керемет ұғым бар. Сол айтқандай, Күмісжан әпкенің шекпенінен қаламы қа­рымды жазушы-ақындар Манарбек Ізба­саров, Нүсіпбай Әбдірахым, Серік Са­тыпалды, Жаныстан Кучукова, тағы басқа ондаған қаламгер тәрбиеленіпті. Бір қызы­ғарлығы – қарымды қаламгер жайлы қызметтес журналистер ол кісі басқарған жылдары ұжымда ерекше ұйымшылдық, молшылық, мейірімділік, бауырмалдық, шыдамдылықтың лебі ескенін қызыға әңгімелейді. Мерекелерде дастарқан жиылмайтын және әрқайсымызға үлкен жауапкершілік, сенім артылатын. Қызме­тін адал атқаратын. Біреудің ала жібін аттамайтын адалдығы екінің біріне бұйыр­майтын қасиет деп сағына айтатыны бар.

«Жақсы адам елдің басшы серкесіндей, жұғымды болар елге еркесіндей» деп жыр сүлейі Сүйінбай Аронұлы жырлағандай, Күмісжан әпкем ұжымдағы көптеген қызметкердің үй алуына қол ұшын беріп, тұрмыстық жағдайларына қарайласыпты. Редакция ұжымына анасындай қамқор, бауырмал болған. Еліне ерен еңбек сіңірген журналистика саласының ұлағатты ұста­зының есімі ұмытылмайтыны содан болар.

«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп баспасөздің ел өміріндегі алатын орны туралы Ахмет Байтұрсынұлы айт­қандай, газет редакциясы оқырман қауым­ның рухани, мәдени ордасы екені анық. Шығармашылық жетегіндегі журналис­терге жүрегі жұмсақ басшының бағасы алтыннан қымбат. Себебі, шығармашылық еркіндік пен түсіністікте қанатын кеңге жайып, тарығу мен қысымшылық көрсет­пегеннің өзі үлгі аларлық-ау. Сол үшін ре­дакцияда темірдей тәртіппен қатар руха­ни демалысты, әлеуметтік жағдайды қатар алып жүргені басшыға ерекше сын емес пе?!

Алматы облысының Талдықорған қаласының Жамбыл ауданының Құрметті азаматы Күмісжан Байжан бүгінде өзі басқарған аудандық «Атамекен» газетінің редакциясына жиі бас сұғып тұрады. Қызметкерлердің жағдайынан хабардар болып, жанашырлық көзқарас таныта­тынын әрқайсымыз сезінеміз.

Қызметке орналасқалы бері киелі ме­кенде туып-өскен бабалары мен бауыр­ларының өмірінен жинақтаған «Жамбыл елінің жайсаңдары» атты энциклопедиялық жинағы оқырман қауымға жол тартты. Оның алдында жер-су тарихынан сыр шертетін тағылымы мол «Кие», «Жақсы­лардың парызы», «Көз ілмейтін көңіл», «Сөнбейтін сезім», т.б. кітаптары басылып шыққан.

Энциклопедиялық жинақтың тұсау­кесері Жамбыл ауданының сол кездегі білікті басшысы Жандарбек Далабаевтың қолдауымен аудандық мәдениет үйінде дүркіреп өтті. Республикамызға танымал қоғам қайраткерлері, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері арнайы келіп, Күмісжан Байжанға жылы лебіз білдірді. Бұл кітап тәуелсіз ел тарихына қосылған құнды дү­ние екенін бірауыздан мойындап баға берді.

Бұрынғы ұжымы – «Егемен Қазақстан» газетінің қызметкерлерімен осы күнге дейін жақсы қарым-қатынаста. Жазушы-журналистің қарапайым болмысына, көпшілікпен ортақ тіл табысып, сыйласып, араласуына, кішіге құрметпен, үлкенге ізетпен қарауына қызығамын. Ол кісіні үлгі тұтамын. «Ұлық болсаң – кішік бол» деген ұлағатты сөз жаны жайсаң осындай жандарға арнап айтылғандай болады.

Қазақстанның Мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлы­ғының екі мәрте иегері, танымал қаламгер Күмісжан Байжан бүгінде отбасында ар­дақты ана, аяулы жар, асыл әже. Жол­дасы жоғары білімді заңгер, көп жыл ішкі істер саласында жауапты қызметтер атқарған Саламат Берекетов аға екеуі ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған. Асылдың тұяқтары еліміздің түкпір-түкпірінде, шетел­де қызмет атқарып, тәуелсіз Қазақ­станның өркендеуіне өлшеусіз үлес қосуда.

Әйел-ана бізге ардан аттамаған кір­шіксіз тазалығымен үлгі-өнеге. Әр сөзіне ерекше мән беретін тазалығына да қызыға қараймыз. Бар ғұмырын таудың мөлді­ріндей сақтап келеді. Әрдайым баршаға жанашырлық танытатын, жұдырықтай жүрегі мейірім деп соғатын әпкемдей адам­дар өмірде көп болса ғой, шіркін! Өйткені жанашыр жан кімге де керек-ақ. Бүгінгі әйел қауымы мен қыздарға үлгі болатын ерекше қасиет екені анық.

 

Майра АЛДАБЕРГЕНОВА