Заңгердің айтуынша, азаматтардың жәрдемақыға бейберекет өтініш беруінің салдарынан, олардың қарастырылу мерзімі де ұзарып отыр.«Әзірге өзін-өзі жұмыспен қамтып, базардан, бутиктен табыс көріп, күнделікті ақша тауып жүргендер шығын көріп отыр. Бүгінде 42500 теңге – бұл азаматтар үшін қандай болса да демеу қаражаты. Бастапқыда бұл ақшаға нақты кімдерге берілетіні түсініксіз болды. Табыссыз қалғандар тым болмағанда осы төлемге ие болып қалуды ойлады. Адамдарды үрей билейді. Заңгер ретінде көрші Ресей еліндегі әріптестермен байланыстамын. Ол жақта мемлекет не жұмыс беруші тарапынан әлі ешқандай қаражат берілген жоқ. Сондықтан біздің елде осындай төлемнің белгіленуі – азаматтар үшін үлкен көмек», – дейді маман.
«Сол кезде бір сәтте порталда миллион рет сұрау жасалғанда, egov та шыдамады. Иә, техникалық ақау туындады. Бірақ оның бәрі жөнге келтірілді. Арнайы телеграм бот құрылып, өтініш берудің ыңғайлы жолы ұсынылды. Цифрлық саладағы қызметкерлердің еңбегін жоққа шығаруға болмайды, бұл кісілер үлкен жұмыс жүргізді. Пандемия – мемлекеттің, жұмыс берушінің, азаматтың еркіне бағынбайтын құбылыс» – деп атап өтті маман.–Осы жағдайды пайдаланып, қайтыс болған не Қазақстаннан көшіп кеткен азаматтардың атынан да өтініш білдіргендер болды. Бір емес бірнеше өтініш жібергендер де көп. Әрине, осының бәрі штабта отырған қызметкерлердің жүктемесін көбейтіп, жұмысын қиындатып жатыр. Себебі олар азаматтың сол жәрдемақыға құқығы бар ма, жоқ па – бәрін тексеруі керек – деген Бибігүл Нұрашева өтініштердің онлайн берілу барысында туындаған ақау туралы пікірін білдірді.
Бүгінде төтенше жағдай кезінде берілетін жәрдемақыны egov.kz порталы, телеграмдағы help42500bot-ы және 42500.enbek.kz сайты арқылы беруге болады. Осы күнге дейін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төтенше жағдай кезеңінде табысынан айырылуына байланысты 3,7 млн адамға әлеуметтік төлем тағайындалды.