Рухани қазынаға қатысты бір базына
Рухани қазынаға қатысты бір базына
299
оқылды

Мәдениет және өнер қызметкерлері күні қар­саңында ел тарихында осы­мен екінші рет Мәде­ниет және спорт министр­лігінің ұйым­дастыруымен елорда төрінде «Рухани қазына» фестивалі бас­тал­ды. Мұндай маңызды шараны ұйымдастырудағы мақсат – еліміз көлеміндегі мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің басын қосып, азаматтар­дың рухани әлемін дамыту төңірегінде тәжірибе алмасу.

Дені сау азаматтардың ру­хани жағынан дамуы аса қиын­дық тудырмаса керек. Осы фестиваль барысында зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапханалар жұмы­сымен танысуға тура келді. Бұл тарапта айтарлықтай жетістік­термен қатар бірқатар проб­лемалар да бар екен.

Зағип адамдар да осы заман­нан қалғысы келмейді, ақпарат алып, әдебиет оқығанды қалай­ды. Париж зағип балаларға арналған ұлттық институтының түлегі Луи Брайль есімді фран­цуз 1829 жылы зағиптарға ар­нал­ған рельефтік-сызықтық қаріптің әмбебап жүйесін ой­лап тапты. Ол өз заманында алты нүктелі жүйе әзірлеп, за­ғип жандардың сауат ашуына үлкен мүмкіндік жасаған-ды. Оның «Өзгерістер кітабы» та­лай адамның тағдырын өзгертті. Луи Брайльдің есімі – қазіргі таңда дүниежүзіндегі барша зағип жандар үшін ең құрметті де қымбат есім. Қазіргі кезде адамзат өмірінің барлық сала­сы­нан мәлімет беру үшін қолда­нылып жүрген Брайль қарпі ғалымдармен қатар, қарапайым адамдарға да қолжетімді. За­манауи электронды құрал-жаб­дық кез келген хатты Брайль қарпіне алмастыра алады, бірақ бұл қаріптің алғашқы үлгісі әлі де болса маңызын жоғалтқан жоқ. Осы жүйенiң арқасында дүниежүзiндегi мыңдаған зағип азаматтар бiлiм алады, түрлi мамандықтарды игередi.

1961 жылдан Брайль жүйе­сiнiң қазақ алфавитi әрiптерi­мен толықтырылуы басталған. Қазақ Брайль жүйесi арқылы зағип азаматтар қазақша кi­таптар оқи бастады. Респуб­ликамызда Брайль жүйесiмен қазақша-орысша кiтаптар шығаратын Қазақ соқырлар қоғамының арнайы баспаха­насы ашылып, 1990-1993 жыл­дарға дейiн баспаханадан жүз­деген кiтап жарық көрдi. Нарық қиындықтары деген желеумен бұл баспахана жабылып қалды. Соның салдарынан зағип аза­маттарды арнайы кiтаптар­мен қамтамасыз ету мәселесi өткір тұр. Нүктелi-бедерлi қаріппен жазылған кiтаптар негізінен алғанда тек Ресейден келеді.

Бұл күнде зағип азаматтарға арналған Duxbury арнаулы бағдарламасы бар. Duxbury – АҚШ, Еуропа және басқа да дамыған мемлекеттерде зағип азаматтардың компьютер ар­қылы жұмыс iстеулерiне ар­налған әмбебап арнаулы бағ­дарлама. Оны жасаушылар бағдарламаға қазақ тiлiн енгiзген. Бірақ бұл – кирилица қаріптері. Алдағы уақытта, яғни 2025 жылдарға қарай елімізде латын қарпі енгізіледі. Нүктелі-бедерлі латын қаріптері бар арнаулы бағдарлама әзірлеу қажеттігі білініп отыр.

Зағип азаматтарға арналған арнаулы құралдар шығарушы белгiлi компаниялармен ын­тымақтаса отырып, латын қарпі негізіндегі жүйені жа­сауды осы бастан қамдау қажет.