Сауда көркі – интернет
Сауда көркі – интернет
279
оқылды

Смарт­фоныңызда «сатып алу» деген нүктені бассаңыз болды, қаже­тіңізді өтеуге қызмет жасайтын тұтас индустрияны іске қосасыз. Осыдан 5 жыл бұрын ғана қазақстандықтар ұшаққа билет алу үшін әуежайда не авиаагенттіктерде кезекке тұратын. Бүгінде Қазақстанда әуебилеттерінің 99 пайызы интернет арқылы сатылады.

3 мил­лионнан астам теміржол билетіне он­лайн қол жеткізген. Бұл – 2017 жылғы­дан 10,1%-ға көп.

Ұлттық экономика министрлігінің сау­да қызметін реттеу департаментінің дирек­торы Айжан Бижанова ақпарат құралдары­на хабарлағандай, Қазақстан жұртшылығы интернетте кітаптарды, киімді, тұрмыстық техниканы да белсенді сатып алады.

Интернет – кез келген адамның сауда-саттығы үшін шексіз нарықты ашады. Бұл – қазіргі ең қарқынды дамушы сала. Халықаралық сарапшылардың болжамда­рына сәйкес, 2023 жылға қарай электрон­ды коммерцияның әлемдік нарығы 2,8 трил­лион долларға дейін өседі. 2018 жылы оның көлемі 1,8 триллион долларды құрады.

Еліміздің бас экономисі Руслан Дәленов электронды коммерция дамуы­ның негізгі трендтерін атады. Оның айтуын­ша, жақын болашақта біріншіден, дәстүрлі сауданы онлайн сауда ығысты­рады. Екіншіден, «B2B» (бизнеске қызмет ететін бизнес түр­лері) сегменті де онлайн-нарыққа белсенді түрде құлаш ұрады. Әзірге, ғаламтордағы сауданың негізгі үлесін «B2C» (сатып алу­шыға бағдарланған бизнес) еншілеуде.

Үшіншіден, интернет-сатып алулардың қолжетімділігі мен қолайлылығы сатып алушы үшін бәсекенің күшеюіне түрткі болмақ. Бұл IT технологиялардың өсуін және жасанды интеллекті енгізуді ын­таландырады. Төртіншіден, сатып алу­шылардың алуан түрлі болуы интер­неттегі тауарлар мен қызметтер ассортиментінің де кеңеюіне септеседі.

Электронды сауданың шексіз мүмкін­діктері дәстүрлі дүкендерді интернет жүйесіне жаппай көшуге итермелеп отыр. Мысалға, америкалықтардың біразы сауда орындарында киім-кешекті тек киіп көреді де, өздеріне ұнаған, бойларына шақ кел­ген өнімдердің деректерін суретке түсіріп алып, ізінше оларды Amazon, Etsy, eBay және басқа да маркетплейстерден, элек­тронды сауда алаңдарынан арзан бағаға сатып алатын болған. Бұл бірқатар сауда желілерін киімді шақтап көруді (примерка) ақылы етуге итермеледі. Әйт­песе, дәстүрлі дү­кендер онлайн-дүкен­дердің зат сақтайтын қоймаларына ай­налып барады. Соңғы 2 жылда АҚШ-та 10 мыңнан астам дүкен жабылып қалды. Алдағы 5 жылда АҚШ-та сауда орталықта­рының 20-25%-ның жабылуы күтілуде.

Ұлттық экономика минис­трінің айтуынша, Қазақстанның экономикалық өсімінің үлкен әлеуеті электронды сауданы да­мытуда жатыр. Себебі, бірінші­ден, оның арқасында тауар ай­налымы шетсіз-шексіз ұлғая береді. Өйткені дәстүрлі сауда орындарынан айырмашылығы сол, интернет дүкендер орынжай ауданымен шектелмейді, қап­татып сөрелер қою шығында­ры­нан да азат. Әрі әлдебір тауар қуыста қалып, сатып алушылар көзінен тасада жатып, бүлініп, бұзылады деген қорқыныш та жоқ: клиент маркетплейста қа­ла­ған тауарының атауын іздеу жү­йесіне енгізсе, тез тауып алады.

Екіншіден, қазақстандық та­уар өндірушілер әлемнің кез кел­ген жеріндегі кез келген нарыққа шығу мүмкіндігіне ие болады. Яғни, адамдар төрткүл дүниенің кез келген түкпірінде отырып, Қазақстанда жасалған тауарларды алғыза алады. Үшіншіден, осы арқылы транзиттік әлеует іске жарап, елге табыс құйылады.

Бұл әрине, келешектегі кө­рініс. Ал қазіргі ахуал қандай? 2018 жылдың қорытындысы бойынша, республикада онлайн-сауда нарығының көлемі 1,5 есеге өсті және 269 миллиард теңгені құрады. Электронды сауданың елдегі жалпы сауда-саттықтағы үлесі 2,9%-ға теңелді.

Бүгінде 2,3 миллион қазақ­стан­дық ғаламторда белсенді са­тып алады. 2025 жылға қарай бұл сан 15 миллионға жетеді деген бол­жам бар. Қазақстанда 1700-ден ас­там дербес интернет дүкен жұ­мыс істейді. Елімізде 1 мил­лион­нан астам шағын және орта бизнестің тауарларын ұсынатын 20-ға жуық электронды сауда алаңы бар.

Бізде электронды коммер­ция нарығы құрылымының 68%-ын – тауарлар саудасы, 32%-ын қызмет көрсетулер құ­райды. Интернет арқылы өткізі­ле­тін тауарлардың арасында құ­ры­лыс материалдары, тұрмыстық техника, косметика, киім және аяқкиім үлкен сұранысқа ие. Ал көрсетілетін қызметтердің ішінде әуе және теміржол билеттерін сату, мәдени іс-шараларға билет алу, коммуналдық қызметтер үшін ақы төлеу танымал.

Сарапшылар ауылдың бұл саудадан тыс қалып отырғанына назар аудартады. Бұл ретте әлемде электронды сауданың айрықша қарқынды бағыттарының бірі – тамақ өнімдерін және ауыл шаруашылығы тауарларын сату болып отыр. 2023 жылға қарай дәл осы сегмент 2018 жылмен са­лыстырғанда, 64%-ға өсіп, оның көлемі 134,5 миллиард долларға барады. Ендеше, отандық ауыл ша­руашылығының қандай табыс­тан және нарықтар құр қалып отырғанын бағамдауға болады.

Қазақстанда қапталған тамақ өнімдерінің электронды сауда көлемі 15,4 миллиард теңге болды және жалпы тауарлардың элек­тронды саудасының 4 пайызы ғана соған тиесілі.

– Электронды саудада аумақ­тық шекаралар жоқ. Сон­дықтан біздің ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін онлайн-сауда жаңа нарыққа шығуға, өзінің сатып алушысын қиядан іздеуге шексіз мүмкіндік береді. Интер­нет сауда ауылдық жерлердегі саудаға тың серпін беру үшін тамаша мүмкіндік ұсынады. Оның танымалдығының артуы транзитті дамыту әлеуетін де өркендетеді. Алдағы 5 жыл ішінде Қытайдан Еуропаға жіберілетін интернет-сәлемдемелер саны 6 есеге артып, 2025 жылға қарай 4 миллиард сәлемдемеге дейін жетеді. 2018 жылдың қорытын­дысы бойынша Қытайдан Еуро­паға 670 млн сәлемдеме тасымал­данды. Оның небәрі 6 пайызы немесе 39,2 млн сәлемдемесі Қазақстан арқылы транзитпен өтті, – дейді Ұлттық экономика министрі.

Оның сендіруінше, қазіргі уақытта Қазақстанда Батыс пен Шығыс арасындағы осы алапат ағынды өз аумағы арқылы өткізуі үшін барлық инфрақұрылымдық және рәсімдік мүмкіндіктер бар көрінеді. Сондықтан «Батыс Еу­ро­па – Батыс Қытай» көлік дә­лі­зінің арқасында осы транзит кө­лемін 2025 жылға қарай 864 мил­лион сәлемдемеге дейін ұл­ғайту жоспарланып отыр.

– Бұл қазақстандық тасымал­даушы компаниялардың табысын былтырғы 132 млрд теңгеден алда 1 триллион 270 млрд теңгеге дейін жеткізуге жол ашады. Электронды коммерцияның өсуі сауданы және онымен байланысты сала­лар­ды өркендетуге, транзитке әсер етеді. 2025 жылға қарай бұл сала ЖІӨ-ні жыл сайын 1,1 па­йызға ұлғайтып отыруы ықтимал. 2017 жылы «Цифрлы Қазақстан» мембағ­дар­ламасы бекітілді. Ол цифрлық технологиялар арқылы халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған, – дейді Р.Дәленов.

Ғаламтордағы сауданы ынта­ландыру үшін ел Үкіметі ұлттық заңнаманы өзгертуге барды. 2019 жылғы 2 сәуірде «Кейбір заң­на­малық актілерге бизнес-ортаны дамыту және сауда қызметін рет­теу мәселелері бойынша өзгеріс­термен толықтырулар енгізу туралы» заңы қабылданды. Ол электронды сауданы одан ары өркендетуге бағытталған жүйелі шаралардан тұрады.

Нақтылай кетсек, Қазақстанда заңнамалық деңгейде «элек­трон­ды коммерция» ұғымы бекітілді. Өйткені «электронды коммер­ция» ұғымы «сауда» түсінігінен әлдеқайда кең және ол тек та­уар­лар сатуды ғана емес, қызметтер көрсетуді де қамтиды.

Ұлттық экономика минис­тр­лі­гі департамент директоры Айжан Бижанованың түсін­ді­руінше, пошталық құжаттар енді декларация есебінде танылады. Демек, заңды және жеке тұлға­лар­ға экспортқа бағыттайтын та­уарларын жеке декларация­лау­дың қажеттілігі болмайды: сә­лем­демені рәсімдеп, дүниежү­зіндегі кез келген елге өз тауарын пошта арқылы жолдаса, жеткілікті.

Логистикалық жеткізілім ар­наларын өрістету үшін осы заң «фулфилмент орталықтарының», яғни логистикалық хабтар мен сұрыптау орталықтарының жұ­мыс жасауын заңдастырды. Өз өнімін электронды сауда арқылы жер-жаһанға сатқысы келетін кез келген отандық кәсіпкер, тауар өндіруші мұндай орталықтарда тауарды қабылдап, сақтаудан бастап, түсетін тапсырыстарды өңдеу, сатып алынған тауарды жинақтау және қаптау, түпкі тұтынушысына жеткізу, ол үшін ақысын алу, кері қайтарылған тауарды қабылдау секілді қызмет­тердің бүкіл түрін пайдалана алады.

Нәтижесінде, бизнесменнің әлемнің әр бұрышындағы клиен­тіне тауарын жеткізудің мерзімі елеулі түрде кемиді, оның көлік шығындары азаяды. Ол жеке курьерлік пошталармен, интернет дүкендермен және электронды алаңдармен бірге логистикалық үдерістер аутсорсингін түзе алады. Сөйтіп, кәсіпкерліктің бизнес жүргізуі жеңілдейді.

Заңнама бүгінде электронды коммерция тұтынушыларының мүдделерін де дәстүрлі сауда­дағымен тең дәрежеде қорғайды. Мәселен, онлайн сатып алынған тауарларды 14 күн ішінде кері қайтару мүмкіндігі бекітілді.

Үкімет онлайн-сауданы ынта­ландыру үшін 2023 жылға дейін салық жеңілдіктерін (корпо­ра­тив­тік табыс салығы мен жеке та­быс салығын 100%-ға төмен­де­туді) қарастыруда. Бұл жеңіл­дік­терді алу үшін бизнес нысан­да­рынан 509 өтініш түскен екен.

Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі ми­нистрі Асқар Жұмағалиевтің ай­туынша, 2025 жылы елімізде элек­тронды сауданың бөлшек сау­дадағы үлесі 24%-ға жетуге тиіс. Бірақ осы салаға ауыл қо­сылмай, көрсеткіш көркейе қоймайды.

–Біздің министрлік ауылды кеңжолақты интернетке қосу бойынша жобаларды жүзеге асырып жатыр, оның ішінде, бай­ланыстың талшықты-оптикалық технологиялары мен LTE және спутниктік тех­но­логиялар қол­да­нылады. Қажетті телекомму­ни­кациялық инфра­құрылымды құ­­ру нәтижесінде 2022 жылы ауыл­­­дық елдіме­кен­дердің 100 па­йызы кең­жо­лақ­ты интернетпен қам­ты­­ла­ды», – деп сендірді А.Жұма­ғалиев.

Қалай болғанда, қазақ ауылы да жаһандық желідегі ұлы базарға шығып, бағын сынайтын заман жақын қалғандай.