Шағын және орта бизнес 2020 жылдың 1 қазанына дейін медициналық сақтандыру қорына жарналар аудармайды. МӘМС үшін төлем төлеуден миллионға жуық адам босатылады.
ТЖ кезеңінде кәсіпкерлерді қолдау үшін Үкімет салықтар мен әлеуметтік төлемдер үшін «нөлдік» мөлшерлемені пайдаланатын субъектілердің тізімін бекітті, оның ішінде медициналық сақтандыру қорына салымдар кіреді. Бұл сауда, көлік және техникалық қызмет көрсету, білім беру, медицина, туризм, мейрамхана-қонақ үй ісі, ойын-сауық саласы, бағдарламалық қамтамасыз ету, фитнес секілді кәсіпкерлік түрлері.
ШОБ субъектілері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасынан 2020 жылдың 1 қазанына дейін, ал кейбір ірі бизнес субъектілері 2020 жылдың 1 шілдесіне дейін босатылды.
– Яғни олар жұмыс беруші ретінде 2% мөлшерінде ақша аудармайды, сондай-ақ олардың қызметкерлерінің жалақысынан 1% жарна ұсталмайды. Осылайша, МӘМС үшін төлемнен миллионға жуық адам босатылады – бұл осы сала қызметкерлерінің жиынтық саны. Бірақ олардың барлығы толық көлемде медициналық көмек ала алады – олар үшін Қор төлейтін болады, – деп түсіндірді медсақтандыру қорының Қарағанды филиалының басшысы Фазыл Копобаев.
Қаулыда көрсетілген санаттарға енбеген бизнес субъектілеріне жарналар мен МӘМС үшін аударымдарды 2020 жылдың 1 маусымына дейін төлеу бойынша кейінге шегеру мерзімі берілді.
Жеке кәсіпкерлер де жеңілдіктер алды. Оларға 2020 жылғы 1 қазанға дейін қызметкерлері үшін аударымдар жасаудың және жалақысынан жарна ұстап қалудың қажеті жоқ. Алайда өздері үшін салымдар жасаулары тиіс. Себебі оларға 2020 жылдың 1 маусымына дейін ғана кейінге қалдыру қарастырылған.
«Заң жарналар мен аударымдарды төлеуді тоқтатуға мүмкіндік бермейді. Осылайша 1 қазанға дейін бизнес субъектілерінде төленбеген кезең үшін қарыз пайда болуы мүмкін. Сондықтан қор «босатылған» қызметкерлерге қарыз есептелмегені туралы құқықтық норманы бекіту жөнінде ұсыныс жасады. Осылайша, қор қиын кезеңде азаматтарды қолдауға ниетті. Қазір бұл өзгерістер редакциясы бойынша жұмыс жүргізілуде, оларды үкімет қарайтын болады», – деп хабарлады Қор өкілдері.
Ал БЖТ келер болсақ, оны бұрыңғысынша төлеу қажет, қала тұрғындары үшін ай сайын – 2 651 теңге және ауыл тұрғындары үшін - 1 325 теңге.
Қазақстанда сақтандырылмаған адамдардың үлесі қазір барлық халықтың шамамен 15%-ын құрайды. Бірақ барлық азаматтар 2020 жылғы 1 шілдеге дейін шартты түрде сақтандырылған болып саналады және медициналық көмекті толық көлемде ала алады.
Ләззат Қожахметова,
Қарағанды облысы