Түркияда 19 мамыр – «Ататүрікті еске алу, жастар және спорт күні». Бұл күн түрік елінде мереке. Биыл – Мұстафа Кемал Ататүрік бастаған ұлт-азаттық күрестің 100 жылдығы. Мерекенің мәні де осында. Айтулы күн қарсаңында Түркияда түрлі шара өтті. Әлеуметтік желіде #19Mayıs1919, #100Yılında19Mayıs, #gençlikvar хэштегімен пікірін білдіріп, бір-бірін құттықтағандардың саны миллионнан асып жығылды.
1919 жылы 19 мамырда тәуелсіздік үшін күрескен ұлттық қозғалыстың көшбасшысы Мұстафа Кемал Ататүрік Самсунға келіп, шетелдік интервенцияға қарсы мобилизация жариялады. Түркия тарихында бұл күн – азаттық үшін күрестің басталған күні.
Мейрам алғаш рет 1935 жылы 24 мамырда «Ататүрік күні» ретінде тойланып, Стамбұлда спорт күнін ұйымдастырды. Сол жылы өткізілген спорт конгресінде «Ататүрік күнін» Жастар және спорт мейрамы деп атау туралы шешім шығарылып, заңды түрде бекітілді. Мерекені тойлау датасын 19 мамырға ауыстырды. 1980 жылы 12 қыркүйектегі мемлекеттік төңкерістен кейін мерекеге «Ататүрікті еске алу, жастар және спорт күні» деген ресми атау берілді.
Мереке қарсаңында Түркияның жастар және спорт министрі Мехмет Мухаррем Касапоғлу Аныткабірге барды. Ататүрік мавзолейіне гүл шоғын қойып, жүрекжарды сөзін жеткізді. «Соңғы деміміз қалғанша Отанымызды қорғаймыз және сіз тұтатқан тәуелсіздік рухын мәңгі сақтауға уәде береміз», – деді. Өткізілген іс-шаралардың ішіндегі ерекшесі «Жастар және байрақ шеруі» болды. Шеру кезінде ұзындығы 1919 метр түрік байрағы ашылды. Түркияның әр жерінен келген жастар рухты әуен ырғағымен ай бейнелі қызыл ту астында бірікті.
Қазақстанда да Ататүрікті еске алу күні айрықша аталып өтті. 17 мамыр күні Ұлттық академиялық кітапханада «Тарихтан тағылым: Түрік ұлт-азаттық күресі және Ататүрік» атты конференция өтті. Конференция қатысушылары Ататүрікке арналған көрмені тамашалауға мүмкіндік алды. Шараға Қазақстандағы Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Мажарстан және Түркіменстан елшілері, Парламент Сенаты мен Мәжіліс депутаттары, көрнекті қоғам қайраткерлері мен ғалымдар қатысты.
Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі Ататүріктің түркі жұрты үшін ортақ тұлға екенін айтып, Самсунда басталған ұлт азаттық күрестің маңызына тоқталды. Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Невзат Уянык мерекемен құттықтап, елеулі күнді өз деңгейінде қарсы алуға атсалысқан баршаға алғысын білдірді. Белгілі қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков Түркия жайындағы ыстық естелігімен бөлісіп, Ататүрік аманаты жайында ой қозғады.Түркі кеңесі Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Әділ Ахметов бауырлас мемлекеттердің қайраткерін дәріптеп, біртұтас түркі жұртына айналғанына ризашылығын білдірді. Мәжіліс депутаты Нұрлан Дулатбеков Түркі академиясы мен Юнус Эмре атындағы түрік мәдени орталығының қолдауымен өткізілген шара ұйымдастырушыларына алғыс білдіріп, мереке жайында ойтолғам жасады.
Конференциядан кейін Ататүріктің «Жолдау» еңбегінің қазақ тіліндегі аудармасының тұсаукесері өтті. Ататүрік 1927 жылы 15-20 қазан күндері Анкарадағы Ұлттық мәжілісте 36,5 сағат бойы баяндама жасаған. Сондағы айтқанын «Жолдау» деп жүйелеп, өз қолымен жазып шыққан. Жолдау Ататүріктің тәуелсіздік жолындағы күрес философиясы жайында мағлұмат береді. Кітапта Османлы мемлекетінің ыдырауы, Ататүрік басшылығымен жүргізілген ұлт-азаттық күрес және Түркия Республикасының жарияланып, қалыптасуына қатысты құнды мәліметтер бар. «Жолдау» еңбегі көне османлы тілінде жазылған. Кейіннен аудармашылар қазіргі түрік тіліне ыңғайластырған. Академиясы аудармашылары екі нұсқаға да көңіл аударып, толымды дүние жасап шығарған.
«Жас кезде жетіліңдер. Түрлі идеяны ойлап, білім қайнарына бойлаңдар. Сонда жастық айдынында жарқын болашақпен қауышасыңдар». Ататүрік бұл күнді тегіннен тегін жастар мен спортқа арнамаған сыңайлы. Мемлекеттің тірегі – жастар. Жастарды отансүйгіштікке, сынбас рухқа тәрбиелеу арқылы елінің ыдырамасына кәміл сенген. Содан болар Ататүріктің түрік жастарына деген өсиет-тәмсілдері көп.
«Тәрбиенің екі түрі болады: діни және ұлттық. Біз діни тәрбие беруді отбасына тапсырдық. Ұлттық тәрбиені мемлекет беруі қажет». Мемлекеттің негізі –
ұлттық санада. Ататүріктің «Ұлтымыз – үлкен. Ешқашан қорықпаңдар. Ол құлдық пен тойымсыздықты қабыл етпейді» дегені – ұлтын тәрбиелегені. Қай сөзін алып қарасаңыз да тұтастыққа, тәрбиеге, мемлекет құндылығын қадірлеуге негізделген үндеуіне жолығасыз. «Ең үлкен соғыс – надандыққа қарсы соғыс». Ататүрік Түркияның білімді, озық ойлы жастарын тәрбиелеуге атсалысты. Надандықпен өмір бойы күресті.
Түріктер Мұстафа Кемал Ататүрікке шексіз риза. Түркия үшін Ататүрік Отанға деген махаббаттың, ұлттық рухтың, мұқалмас жігердің, сенімнің символы.«Тас жарылады, күміс балқиды, ал түріктік – мәңгілік» деген Кемал паша сөзі түріктерді игі бастамаға жетелейді.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ