Жамбыл облысында төтенше жағдай кезінде табысынан айырылған 235 мыңнан астам адам 42500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлемге қол жеткізді. Сондай-ақ төлемді заңсыз алып, ақшаны кері қайтарып жатқандардың да саны күн санап артуда. Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы берген мәліметке сүйенсек, 23 сәуірге дейін тұрғындардан 270 мыңнан аса өтініш түсіп, олардың 246 мыңға жуығы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының филиалы арқылы мақұлданыпты. Бүгінгі күнге аталған төлем нақты 235 320 өтініш иесінің қолына тиіп отыр. Оның ішінде Тараз қаласы бойынша – 79 767, Байзақ ауданы – 21 497, Жамбыл ауданы – 18 119, Жуалы ауданы – 11 613, Қордай ауданы – 26 928, Меркі ауданы – 21 019, Мойынқұм ауданы – 5 076, Сарысу ауданы – 6 851, Талас ауданы – 8 294, Т.Рысқұлов ауданы – 14 281 және Шу ауданы бойынша 21 875 адам әлеуметтік төлемнің игілігін көріп отыр. Ал, «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ-ның Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры Нұрахмет Искаковтың айтуынша, 1300-ден аса жамбылдықтар 42500 теңгені кері қайтарған екен. – Қазіргі таңда 1300-ден аса адам өз еркімен әлеуметтік төлемді кері қайтарды. Ақшаны қайтару электронды түрде жүргізілетіндіктен біз тұрғынның не себепті мұндай шешімге келгенін біле алмаймыз. Десе де, қайтарып жатқандардың дені өтінімді байқаусызда жіберіп, қазір енді ол әрекетіне өкініп жатқандай. Кері қайтарылып жатқан ақшалар бірден республикалық қорға құйылады. Дәл қазір әлеуметтік төлем төлеу бойынша ешқандай қаржылық қиындықтар жоқ, – дейді филиал директоры. Жалпы бұл мәселеге қатысты жуырда Жамбыл облысында әртүрлі әңгімелер желдей ескен болатын. Нақтырақ айтсақ, «Қазфосфат» ЖШС-ның қызметкерлері алып қойған 42500 теңгелерін кері қайтарып жатқандары туралы айтылды. Осыған орай, Еңбек Ері, «Қазфосфат» ЖШС-ның директоры Мұқаш Ескендіровке хабарласып, мән-жайды сұраған едік. – Әрине әркімнің жеке басының ісі болғандықтан оған менің араласуға құқығым жоқ. Бірақ, серіктестіктің басшысы ретінде мен жұмысшыларыма қатаң ескерттім. Бізде айлық жалақы қысқарған жоқ. Барлығы 100 пайыздан дер кезінде алып отыр. Сол себепті барлық бөлімдердің басшыларын жинап алып, «егер кімде-кім 42500 теңгеге өтінім беретін болса, менен жақсылық күтпесін» деп айттым. Бәлкім менің осы ескертуімнен кейін кері қайтарып жатқандар бар шығар. Алайда өтінім беру де, қайтару да электронды түрде жүргізілетіндіктен мен одан бейхабармын. Бірақ айлық жалақысы қысқармаған қызметкерлеріме қатаң ескерту жасауды өзімнің азаматтық, әрі басшы ретіндегі парызым деп санадым, – дейді серіктестік директоры М.Ескендіров. Естеріңізде болса, күні кеше Еңбек және халықты әллеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 42500 теңгені алғаны үшін ешкім сотталмайтынын мәлімдеген болатын. Бірақ министр алаяқтармен әңгіме басқаша болатындығын ашып айтқан. Министрдің осы сөзі көптің жон терісіне шоқ басқандай әсер еткен секілді. Себебі ай өтпей жатып 1300-ден аса жамбылдық әлеуметтік төлемдерін кері қайтарып отыр. Ал бұл сан екінші төлемнің уақыты келгенге дейін тағы қаншаға өсетіндігі бір Құдайға мәлім.Сондай-ақ Мұқаш Ескендіровтай азаматтардың жұмысшыларына деген талабы мен табандылығы да өз жемісін беріп жатқандай.
Саятхан Сатылғанов, Жамбыл облысы