Әдеттегідей ең көп жемқорлық қылмысы еліміздің Ішкі істер министрлігінде тіркеліпті. Одан кейінгі орында Экология, Ауыл шаруашылығы, Қаржы, Индустрия министрліктері тұр. Ал жергілікті атқарушы органдар арасында пара алу, сыбайлас жемқорлық жасау әрекеті бойынша ШҚО, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан және Павлодар облыстары әкімдік қызметкерлері алда. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлады.
Еліміздің Ішкі істер министрлігі қызметкерлері пара алу қылмысы жөнінен неше жылдан бері көш басында келеді. Биылғы І тоқсандағы көрсеткіш бойынша аталған қылмысы үшін жазаға тартылғандардың 57% – ІІМ қызметкерлері екені мәлім болды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілі Нұрлан Жақсымбетов 2020 жылдың І тоқсанында сыбайлас жемқорлығы үшін 417 лауазымды тұлғаның жауапқа тартылғанын баяндады.
– Агенттіктің шығынды қалпына келтіру жұмыстарын да ерекше атап өткен орынды. І тоқсанның қорытындысында біз анықталған шығынның 97%-ын немесе 21,7 млрд теңгені өтеттік. Бұл өткен жылдың көрсеткішінен 7 есе көп, – деді Н.Жақсымбетов.
Биыл алғашқы үш айда жемқорлық үшін жазаға тартылған лауазымды тұлғалардың саны 9%-ға өскен. Олардың әрбір төртіншісі – мемлекеттік органдардың және квазимемлекеттік ұйымдардың бірінші басшысы.
«Тұтас алғанда, қылмыстық жауапкершілікке 417 тұлға, оның ішінде республикалық деңгейдегі – 11, облыстық деңгейдегі – 37, қалалық және аудандық деңгейдегі 35 басшы бар», – деп атап көрсетті департамент басшысы.
Жемқорлық қылмыстың көрсеткіші бойынша жоғарыда аталған министрліктер былтыр да көш басында болған. Агенттіктің мәліметінше, 2019 жылы сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін 1 002 адам сотталыпты. Былтыр орталық мемлекеттік органдар ішінде алғашқы бестікке Ішкі істер (297), Қаржы (49), Қорғаныс (29), Индустрия және инфрақұрылымдық даму (20) және Ауыл шаруашылығы (19) министрліктері кірген.
Ал биылғы алғашқы тоқсанда жүйелі жемқорлықтың 40 фактісі анықталып, 200 қылмыс тіркелген. «2019 жылғы дәл осы кезеңмен салыстырғанда ірі көлемде талан-таражға салу қылмысын анықтау 28% өсті. Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысындағы қылмыстарды әшкерелеу 2 есеге жуық артты», – деді Нұрлан Жақсымбетов.
Әдетте жемқорлық әрекет кездеспейтін мемлекет аз деп өзімізді әлемдік қылмыс деректерін көлденең тартып жұбататынымыз бар. Десе де, дамыған елдердің көбіндегі жағдай біздегі ахуалдай емесін ішіміз сезетіндей. Әлемде Сыбайлас жемқорлықты түйсіну индексі (СРІ) деген бар. Аталған индексті 1995 жылдан бері Transparency International компаниясы жүргізіп, әлем мемлекеттерінің рейтингін түзеді. Осы индекс бойынша, 2016 жылы Қазақстан 29 балл жинап, 176 мемлекеттің арасында 131 рейтингке тұрақтаған. Яғни, тұтас қоғамның парақорлық, жемқорлықты түйсіну деңгейі жөнінен көп мемлекеттен әлі де төмен тұрмыз.
БҰҰ-ның мәліметінше, дүниежүзінде берілетін параның жыл сайынғы көлемі 1 трлн долларға жуықтайды екен, 1 триллион доллар! Ал осы жемқорлық қылмысының кесірінен жаһандық экономика 2,6 трлн доллар жоғалтады, бұл – әлемдік ЖІӨ-нің 5%-ы.