Енді олар көмекке келмейді
Енді олар көмекке келмейді
245
оқылды
Әлемді дүрліктірген бұл індет бейбіт күндегі соғыс сияқты болып тұр. Талай адам дертіне шипа тап­пай, жан тапсы­ру­да. Ал қа­тер­лі вирусты жұқты­­­­ру­­­шы­лар­дың қатары күн санап өсуде. Әсіресе, шарасыз жандарға шипа сыйлап жүрген ақ халатты­лардың да ауру жұқтырып жатқа­ны жанға батады. Бүгінде елімізде 600-ге жуық медицина қызметкері коронавирус дерті­не шалдықты. Енді олардың қата­рына алдыңғы шепте жүрген тө­тенше жағдай қызметін­дегі­лер қосылды. Алдын алу шараларының басы-қасында күндіз-түні дамыл таппай дезин­фекциялау жұмыстарын атқарып жүрген төтеншеліктер де бұл дертке қарсы тұра алмады. Шымкент қалалық Төтен­ше жағдайлар жөніндегі депар­та­ментінің 36 қызметкері «COVID-19» диагнозымен тір­кел­ді. Олардың ең алғашқысы, яғни 1977 жылғы азамат 17 сәуір күні тіркелген болатын. Сол аза­матпен байланыс жасаған қал­ған 35 қызметкердің де бұл дерт­ті жұқтырғаны енді анық­талып отыр. Бізге жеткен ақпа­рат­тарға сүйенсек, олардың екеуі – бөлім басшысы, 18-і бас маман және 16 өрт сөндіруші бар. Жұқтырғандармен байланыс жаса­ған департаменттің барлық қыз­меткері мен олардың жақын­дары карантинге жатқызылған болатын, біртіндеп басқалардан да коронавирус анықталуда. Ал Шымкент қалалық Тө­тен­­ше жағдайлар департа­мен­тінің қызметі 17 сәуірден бас­тап жұмысын уақытша тоқ­тат­ты. Осыған байланысты жеке және заңды тұлғалардан арыз-шағымдар мен өтініштер қа­был­данбайды. Бұл туралы депар­та­менттің баспасөз қызметі ха­­бар­лады. Айта кетейік, Шымкент қа­ла­сы мен Түркістан облысы­ның тіршілігі бір-бірімен біте қайнасқан. Шыны керек, кейде инфекция жұқтырған Түркістан облысы тұрғындарының Шым­кент қаласында тіркелуі Шым­кенттің көрсеткішін көбейтіп жі­беруде. Мәселен, бүгінге дейін «COVID-19» диагнозымен тіркелген 139 адамның ошағы болғандардың 11-і жергілікті тұрғын болса, 6-ауы сырттан кел­гендер. Яғни, қалғандары осылармен байланысқандар. Қалалық ауруханалардың бірінде жатып қайтыс болған азамат та Түркістан облысы Жетісай ауданының тұрғыны болатын. Сонымен бірге Түркістан облысы ауруханаларының талапқа сай болмауы салдарынан кейбір ауыр халдегі науқастардың Шымкент қаласына ауыстырылу дерегі де кездеседі. 6 сәуір күні Түркістан облысынан Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына 48 жастағы азамат ауыр халде ауыстырылады. Дәрігерлер бір апта бойы реанимация бөлімінде болған науқастың өмірі үшін күресіп, оң нәтижеге қол жет­кіз­ді. 14 күннен соң науқас дертінен толық айығып, үйіне шығарылды. Жалпы, бүгінгі дейін шым­кент­тік дәрігерлер инфекция жұқ­тырған 18 адамның құлантаза айығып шығуына көмектесті. Олардың қатарында екі айлық сәби де бар. Күні кеше Шымкент қаласы «Тәуелсіздікке 20 жыл» тұрғын алабының бір тұрғыны дер­тінен сауығып шықты. 24 жас­та­ғы азаматтан 6 сәуір күні коро­навирус инфекциясы анық­тал­ған болатын. Ол вирусқа қарсы ем­деу мен симптоматикалық те­ра­пияның толық курсын алып, ауру­ды жеңіп, ауруханадан шық­ты. Бұл туралы Шым­кент қа­ла­­лық Денсаулық сақ­тау бас­қар­­масының баспасөз қыз­меті хабар­лады. Жұқпалы аурулар ауруха­насында емделіп жатқандардың үшеуі жансақтау бөлімінде жатса, біреуі ИВЛ аппаратына қосылған. Науқастардың жас шамасына келер болсақ, инфекция жұқтыр­ған науқастардың 6-ауы 3 жасқа тол­маған балалар, ал 15-і 18 жас­қа дейінгі жасөспірімдер, 98-і 18 бен 55 жас аралығындағылар, 12-сі 55 жастан асқан жандар. «COVID-19» жұқтырғандардың 71 пайызын әйелдер, 16 пайызын балалар құрайды. Шымкент қаласы 4 сәуірден бастап карантинге жабылған. 19 сәуірде рұқсат етілген жұмысшы топтан бөлек адамдардың жаяу және жеңіл көлікпен жүруіне тыйым салынып, қоғамдық кө­лік­тердің жұмысы тоқтады. Сонымен қатар қала аума­ғы­нан 57 ошақ тіркеліп, 5 ошақ карантинге алынған. Қала бо­йын­ша барлық кіру пункт­те­рінде 17 блок-бекет қойылған. Блок-бекеттің барлығында жедел жәрдем бригадасы, сондай-ақ медициналық санитарлық кө­мек көрсететін ұйымдардың орта медицина қызметкерлері ауы­сым­мен жұмыс істейді. Жалпы, эпидемиологиялық маусымда мониторингте 1 592 азамат болып, оның 646- сы бақылаудан алынған. Қазіргі таңда 946 азамат бақылауда тұр. Бүгінгі таңда Шымкент қала­сында инфекцияның алдын алу шаралары бойынша барлық тиісті шаралар атқарылуда. Каран­тиндегі азаматтарды қа­был­дау үшін жұқпалы аурулар ауруханасы мен 2 провизорлық стационар жұмыс істейді, Бұған қоса басқа қала ішінен және шетелден келген азаматтарды орналастыру үшін №2 оңалту орталығы мен Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетіне қарасты №4 және №5 жатақхана базасында қосымша 3 каран­тиндік стационар ашылған. Сондай-ақ Денсаулық сақ­тау басқармасының жаны­нан қолай­сыз елдерден келген аза­мат­тарға тәулік бойы қоңырау шалып, олар бойынша монито­ринг жүргізіп отыратын 15 адам­­­нан құралған мониторинг тобы бар. Мониторингтік топ мемлекеттік шекарадан өткізу пункттері арқылы келген 1 592, Алматы, Нұр-Сұлтан қалала­ры­­нан келген 6 418 адамға қо­ңы­рау шалып, табылмаған 112 тұл­ғаға ІІД арқылы іздеу жа­рия­­­лаған. 11 сәуірден бастап «COVID-19» бақылау орталығы веб-қосымшасы арқылы жұмыс істеу­де.     P.S.  

Кеше Шымкентте Абай ауда­ны­ның 1968 жылғы тұрғыны коро­навирустан қайтыс болды.

 

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы