Алматыда коронавирус инфекциясынан сегізiнші адам көз жұмды. Шаһарда індетке шалдыққандар қатары күннен-күнге артып барады. Өкініштісі, ауру жұқтырғандардың арасында дәрігерлер барлық науқастың жартысынан асып тұр. Олардың басым бөлігі орталық қалалық клиникалық ауруханада жұмыс істегендер. Өздеріңізге мәлім, қазіргі таңда індет ошағы деп танылған бұл клиника карантинге жабылған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та коронавирус пандемиясына байланысты жарияланған Төтенше жағдай кезінде екі аптаның ішінде салынған елордадағы модульді жұқпалы аурулар ауруханасының ашылуы рәсімінде «Сіздер пандемиямен күресте алдыңғы шепте жұмыс істеп жүрсіздер. Сіздерге ризашылығымыз шексіз. Күндіз-түні тынбай еңбек етіп жатырсыздар. Өкінішке қарай, Алматыда дәрігерлерімізді індеттен қорғай алмадық. Қазір қалыптасқан төтенше жағдайды жою үшін күресудеміз. Сондықтан абай болғандарыңыз жөн, ең алдымен өз денсаулықтарыңызды сақтаңыздар» деген болатын. Расында да «Ақ халатты абзал жандар індет тырнағына қалай ілінді?» деген сұрақ көпшіліктің көкейінде тұр. Біраз күн бұрын Алматының бас санитар дәрігері қызметіне кіріскен Жандарбек Бекшин де жаңа жұмысын осы сұрақтың жауабын іздеуден бастаған сыңайлы. Ол орталық қалалық клиникалық аурухана дәрігерлерінің жаппай коронавирус жұқтыруына не себеп болуы мүмкін екеніне тоқталды. Әзірге нақты шешім шықпаған, бірақ тергеу аяқталуға жақын. Дегенмен Жандарбек Мұхтарұлы жүргізіліп жатқан эпидемилогиялық тексерудің аралық қорытындысын айтты.
«Бұл жерде аурухананың инфекциялық ауруларды емдеуге рұқсаты болмаса да ем жүргізгені анықталды. Ең бірінші жұқтырған адамды да таптық. Инфекция ең бірінші диагностикалық бөлімнен тараған деп тұспалдап отырмыз. Ең бірінші ауырған адам осы жерден шыққан. Бөлімге МРТ, УДЗ жасауға келген адамнан оның қасында жүрген медбикеге жұққан. Ол пациенттің отбасындағы 13 адам түгел тексерілді. Олардың нәтижесі вирус жұқтырғанын растамады. Бейнекамерадағы кадрларға сенсек, қызметкерлер аурухана ішінде қорғаныс құралдарынсыз емін-еркін жүрген. Мұның барлығы жаппай жұқтыруға әкеледі. Қазір бөлімнің барлығы жекеленді. Енді осыдан кейін жұқтыру көрсеткіші азаяды деген ойдамыз», – деді бас санитар. Ол орталық қалалық клиникалық аурухананың жұмысында ереже бұзушылықтар болғанын атап өтті. Аурухана инфекциялық науқастармен рұқсатсыз жұмыс істеген, яғни бұл мекеме мұндай жұмысты жүргізуі керек медициналық ұйымдардың тізіміне кірмеген.
«100 мың тұрғынға шаққанда аурушаңдық көрсеткіші 34 болып тұр. 14 жасқа дейінгі балалардың үлес салмағы – 3,1. Аурушаңдық ересектер арасында басым. Өкінішке қарай, біздің санитарлық қызмет мамандарының арасында 7 жағдай тіркеліп отыр», – деді қаланың бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин.
Қалада онсыз да эпидемилогтар тапшы кезде санитарлық қызмет қызметкерлерінің ауру жұқтыруы жағдайды одан сайын күрделендіріп тұр. Қалалық Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің штаттық бірлігіне сәйкес 88 эпидемиолог болуы керек. Қазір 80 маман бар. Біреуі декреттік демалыста. 15-ке жуық қызметкер облыста тұрады. Олар карантинге байланысты Алматыға кіре алмайды. Қаланы эпидемиологтармен толық қамтамасыз ету үшін шамамен 40 қосымша бірлік қажет. Зейнеткерлікке шыққан эпидемиологтар жұмысқа тартылмайды. Өйткені 63 жастан асқан адамдар вирус ошағында жұмыс істей алмайды. Эпидемиолог мамандарды даярлаудың маңыздылығына тоқталған Жандарбек Мұхтарұлы маман тапшылығының негізгі себебінің бірі – жалақының төмендігі екеніне де тоқталды.
«Жоғары білікті, тәжірибесі мол эпидемиологтың еңбекақысы 100-130 мың теңге аралығында. Ал жас маманның жалақысы 70-80 мың теңге. Әрине, әлеуметтік көмек болмаған соң көптеген жастар эпидемиолог мамандығын таңдамайды. Қазіргі уақытта бізде мамандандырылған эпидемиологтарды даярлау мәселесі өткір болып тұр. Өйткені олар денсаулық сақтау факультеттерінде аз сағаттық жүктемеде дайындалады», – деді ол.
Эпидемиолог мамандар тек Алматыда емес, бүкіл Қазақстанда тапшы екенін еліміздің бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова да айтып қалды. «Бүгінде коронавируспен ауырғандарды емдеуге 16 мың медициналық қызметкер жұмылдырылған. Одан бөлек, әр аумақта 1-20 пайызға дейін кадрлық резерв жасақталған. Бұл бағытта медициналық қызметкерлердің жетіспеушілігі жоқтығын хабарлағым келеді. Десе де, эпидемиологтар әлі де тапшы. Нақтырақ айтқанда, коронавирус инфекциясын адамдардың қайдан жұқтырып алғанын анықтайтын эпидемиолог мамандар жетіспей жатыр. Бұл ретте 800 маманның тапшы екенін айтуға болады», – деген еді.
Маман бір күнде даярланбайды. Олардың оқып, тәжірибе жинауы үшін жылдар керек. Осындай қысылтаяң шақта бар маманды дұрыс ұйымдастырып, олардың барынша жағдайын жасап, жұмыс істеуге тура келіп тұр. Өйткені бүгінгі тығырықтан тек солар ғана алып шығады.