«Қаламыздың жас суретшілері қауіпті індетпен күресіп жүрген біздің дәрігерлерге арнап мурал салды. Күн сайын медицина қызметкерлері өз бастарын қатерге тігіп, COVID-19-ға қарсы іс-қимылда алдыңғы шепте еңбек етіп жүр. Қауіпті індеттің беті қайтып, өміріміз қалыпты арнаға түскенде, осы муралға қарап, ақ халатты абзал жандарды ризашылықпен еске аламыз. Дәрігерлерге бас иеміз! #AlmatyBirgemiz», – дейді әкімдік өкілдері.Құрманғазы мен Әди Шәріпов көшелерінің қиылысындағы көпқабатты үйдің қасбетіне салынған муралда пандемиямен күресіп жатқан дәрігерлер бейнеленіп, «Дәрігерлерге бас иеміз!» деп жазылған. Жобаны 23 жастағы алматылық суретші Жұмаділ Елеукенов жүзеге асырды. Ол осы туындыны жасап шығару үшін екі апта уақыт жұмсаған.
– Менің анам дәрігер. Педиатор мамандығын меңгерген ол көптеген балалардың денсаулығы үшін еңбек етеді. Мен өз анама және барша дәрігерлерге құрмет пен сүйіспеншілік ретінде осы туындыны сыйға тартқым келеді. «Неліктен дәрігер қаһарман бейнесінде суреттелді?» деген сұрақ туса айтарым, дәрігерлер бүгінгі бейбіт күннің батыры деуге болады. Қазір дәрігерлер COVID-19-бен күресіп жатыр, – дейді суретші, жоба авторы Жұмаділ Елеукенов.Қазір карантин кезі болғандықтан суретті салуға материалды табу қиындық туғызған. Бастаған істі сәтті аяқтау үшін барын салған ол муралды дер кезінде бітіріп, қала тұрғындарына тарту етті. Қиын кезең де артта қалар. Дегенмен көпқабатты тұрғын үйдің тұтас қабырғасына салынған мурал естелік болып қалады. Бұл дәрігерлердің еңбегі ерен екенін көшеден өткен әрбір тұрғынның есіне салып тұратын туынды болып қалмақ.
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ