Төтенше жағдай жарияланғалы адам теледидар мен смартфонға толығымен тәуелді. Алайда экранда тұшымды туындыны тамашалау қиын-ды. Осыған орай, отандық телеарналар «Қазақфильм» қорындағы 223 ұлттық фильм көрерменге ақысыз көрсетіледі.
– Мемлекет қаржыландырған фильмді жасаушылар Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының әлеуметтік желілерінде тікелей эфир циклын іске қосты. Сонымен қатар күні бүгінге дейін жалпыға қолжетімді форматта тек республикалық ұйымдардың 160-қа жуық концерті мен қойылымы әлеуметтік желіге жүктелді. Алдағы уақытта да бұл жобалар өз жалғасын табады. «Қазақфильм» киностудиясы ресми YouTube арнасына «Алтын кино қор» жобасымен 1938-2002 жылдарға дейін түсірілген 60-тан астам фильмді жүктеді. Бүгінгі күні осы YouTube арнасындағы көрермен саны 10 миллионнан асқанын айта кету керек, – деді Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова ОКҚ-да online режимде өткен баспасөз мәслихатында. Министр сонымен қатар әр демалыс күндері КТК телеарнасының «Домашний сеанс» киномарафоны аясында 15 жыл ішінде түсірілген үздік қазақстандық картиналар 24 мамырға дейін көрсетілетінін жеткізді. «Бұдан басқа, министрліктің бастамасымен «Қазақфильм» АҚ қорындағы 223 ұлттық фильм Хабар, Qazaqstan, Еларна, Kazakh TV, КТК, Жетісу телеарналарына ақысыз негізде беріліп отыр», – деді ол.