Әке аманатына адалдық

Әке аманатына адалдық

Алға жылжыған жылдармен бірге қанатын жайып, көркейіп келе жатқан Талдықорған қаласындағы өткен жылы пайдалануға берілген әсем ғимараттардың бірі – Бикен Римова атындағы драма театрында мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай, салтанатты жиын өтіп, Жетісу жері мәдениетінің мәртебесін асырып, өнерін өрге жүздіріп жүрген сала майталмандары марапатталды. Руханияттағы жетекші саланың сардарлары мен сарбаздарын Алматы облысының әкімі Амандық Баталов арнайы келіп құттықтап, үздік деп танылғандарға жүлделерін өз қолымен тапсырып, ізгі лебізін білдірді.

Атаулы күнге байланысты жи­налғандар бірінші кезекте түрлі өнер туындыларынан, І.Жан­сү­гіров музейі мен М.Тынышпаев атындағы тарихи-өлкетану му­зейінің жәдігерлерінен іріктеліп, театр фойесіне қойылған көр­ме­лерді тамашалады. Көрермен за­лына жайғасқаннан кейін Же­тісу өңіріндегі мәдениет саласы­ның бүгінгі биігі мен болашақ жос­пары жайлы бейнефильмге назар ау­дарды.

Сахна төріне көтерілген өңір басшысы тебірене сөйлеп, қоғам өміріндегі мәдениет пен өнердің атқарар міндеті аса ауқымды әрі маңызды екеніне тоқталды. Соған сай салаға қарастырылатын қара­жат жыл сайын артып отырған кө­рінеді. Биыл мәдениет саласы­ның бюджеті 6,1 млрд теңгеге жетіпті. Қазіргі кезде облыстағы 556 мәдениет пен мұрағат меке­месінде 1 500-ге жуық адам жемісті еңбек етіп, өңірдің рухани тірлігін тартымды етуге үлесін қосып ке­леді.

– Халқымыз ғасырлар бойы мәдениеті мен өнерін, салиқалы салты мен асыл мұрасын көзінің қарашығындай сақтап, заман талабына сай дамытып келеді. Қай кезде болмасын, жұртымыз салты­на салтанат құрғызып, дәстүрін дәріптеп, құндылықтарын қадір­леп, рухын жоғары ұстаған. Біздің бүгінгі қоғамда да өнердің түрі жетерлік. Десе де олардың барлы­ғы­ның да мақсат-міндеті – адам­ның эстетикалық талғамын қа­лып­тастырып, қоршаған ортаны көркемдік көзбен көруге тәрбие­леу. Сол арқылы адамның жан дүниесін нұрландырып, рухани тұрғыда байыту. «Шебердің қолы ортақ, шешеннің сөзі ортақ» де­генде халық осыны меңзесе керек. Кез келген ел өнерімен, мәдение­тімен танылып, бағаланатыны анық. Сондықтан сіздер еселі еңбектеріңізбен елге қызмет етіп қана қоймай, мемлекетіміздің алыс-жақын шет елдерде де кеңі­нен танымал болуына үлес қосып келесіздер. Өнерлеріңіздің өресі биік, айдыны кең болып, еліміздің рухани байлығы арта берсін! Барша жетісулық өнерпаздарға шығармашылық жетістік пен бақыт тілеймін, – деген облыс әкімі мәдениет пен өнер саласында жүзден жүйрік шыққандарды көпшілік алдына шақырып, құр­мет көрсетті.

«Үздік мәдениет қызметкері» аталымы бойынша облыстың аудан, қалаларында мәдениет пен өнердің қасиетті қазанын қайна­тып жүрген 20 қызметкер марапат­талды. Арасында артистер, ауыл­дық клубтардың, мәдениет үйле­рінің, кітапханалардың, шығарма­шылық орталықтардың, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің қызметкерлері бар жеңімпаздардың әрқайсысына диплом мен 100 мың теңгенің сертификаты берілді.

Сондай-ақ «Халықтық, үлгілі атағы бар үздік ұжым», «Үздік театр артисі», «Үздік мәдениет үйі», «Үздік кітапхана», «Үздік музей», «Үздік әнші», «Үздік ас­пап­шы», «Үздік биші», «Үздік облыс­тық мәдениет мекемесі» ата­лым­дары бойынша топ жарған­дардың да мерейі тасып, марапатқа ие болды. Осы аталымдардың ішіндегі ең мәртебелісі жүздеген мәдениет мекемелері арасындағы ең мықтыға тапсырылатын «Үздік облыстық мәдениет мекемесі» аталымы бойынша Еңбекшіқазақ ауданындағы Дәркембай ұста атындағы қолөнер музейі жеңімпаз болып танылды. Мол жетістік­те­рімен жұртшылықты мойындатқан ұжымға «Лада Гранта» автокөлі­гінің кілті тапсырылды. Іле ауда­нының «Сармат» би ансамблінің жетекшісі Асхат Жамансариев – «Үздік биші», Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның аспап­шысы Айбол Құдайберген – «Үздік аспапшы», Кербұлақ ауданы «Күреңбел» фольклорлық-этнографиялық ән-би ансамблінің әншісі Азамат Үмбетов «Үздік әнші» атанды және жеңімпаздарға арнайы статуэтка, диплом және 100 мың теңге ақшалай сыйлық берілді.

Сонымен бірге, Сүйінбай атындағы облыстық филармо­нияның М.Төлебаев атындағы халық аспаптары оркестрінің аспапшы артисі Мұхтар Стыбаев, Кербұлақ ауданы Алтынемел ауылдық мәдениет үйінің музыка жетекшісі Сәуле Қожаханова сынды бірқатар өнер майтал­ман­дары облыстың мәдениет саласын дамытуға қосқан үлестері үшін «Мәдениет саласының үздігі» төс­белгісімен марапатталды. Мәде­ниет саласының тағы бір топ маманының еңбегі Мәдениет және спорт министрлігінің, облыс әкімінің Құрмет грамоталары мен алғысхаттарымен аталып өтілді.

Әке аманатына адалдық та­нытып, одан мұраға қалған игілікті істі сәттілікпен жалғастырып келе жатқан Дәркембай ұста атындағы қолөнер музейінің директоры Дәулет Дәркембайұлы мінберге шығып, әріптестерін мерекемен құттықтады. Өздерінің еңбегін елеген облыс басшылығына, мә­дениет саласының жетекші­лігіне қызметтестері атынан алғыс айтып, мемлекет қолдауының арқасында өңірдегі мәдениет пен өнердің ілгерілегенін, осы сала­ның дамуына әлі де өз үлесін қосуға дайын екенін жеткізді.

Осы салтанатты шара бары­сында «Жетісу өңірінің халық және халық композиторлары ән­дерінің антологиясы» жинағының тұсаукесері өтті.

 

Болат АБАҒАН,

Алматы облысы