«Біздің университет диплом бермейді» – бизнес-коуч Мейірбек Бердібайұлы
«Біздің университет диплом бермейді» – бизнес-коуч Мейірбек Бердібайұлы
470
оқылды
Елімізде жарияланған  төтенше жағдай режимінен кейін онлайн бизнестің айы оңынан туды. Интернет-мар­кетингті меңгеруге ниет еткендер көбейген. Ше­­тел­де жақсы дамыған  инфо­­бизнестің біздің ел­де­гі  аяқ алысы қалай?  Қазақстандағы алғашқы онлайн университет – Shon­bay Online University-тің не­гізін қалаушылардың бірі, кәсіпкер, маркетолог, ShOU директоры Мейірбек Бер­дібайұлымен осы ту­ра­лы әңгімелестік.   – Мейірбек, Shonbay Online University мен дәстүрлі жоғары оқу орындарының айырмашылығы не? Онлайн университеттің ең ұзақ курсы бір жыл ғана екен. Сту­дент­­терге диплом бересіздер ме? Әңгімені осыдан бастайықшы. – Дәстүрлі университетке барғандар әдетте төрт-бес жыл оқиды. Ал біз қысқа курстарға қабылдаймыз. Иә, біздегі ең ұзақ курс – бір жыл. Шыны керек, мектеп түлектерінің көпшілігі қандай уни­верситетке болмасын, осы ма­мандық маған сай келеді, қа­бі­летім соған жетеді деп бар­май­ды. Қатарынан қалмай оқу­ға түссем болды деген түсінік ба­сым екенін жасыра алмаймыз. Мұндай жағдай өз басымнан да өтті. Университеттің үшінші курсында оқып жүргенімде түбінде басқа салаға кететінімді түсіндім. Ал мен сияқты қаншама студент болды. Достарыңыз бен таныстарыңыздың арасындағы дипломы бойынша жұмысқа орна­ласқандары мен басқа сала­ға кеткендердің қайсысы көп екенін сараласаңыз, осыған көз жет­кізесіз. Қазіргі таңда адамдар бизнес ашудың қыр-сырын үйрену үшін дәстүрлі университетке барып, төрт жыл жүргісі келмейді. Төрт жыл, шынында тым ұзақ. Қыс­қа мерзімде қажет білім ал­сам деушілер көп. Оларға биз­­нес ашу үшін жаңа бизнес түрін, жаңа дағдыны, әлеуметтік желі арқылы бизнес жүргізуді, мар­ке­тингті үйренсе, жетіп жа­тыр. Біздің университет сол дағ­ды­ны дамытуға бағытталған. Ең ұзақ курсымыз бір жылға ғана со­зы­ла­ды. Бір жылдық курсты біті­рушілерге диплом емес, ар­найы сертификат беріледі. Ал қысқа курс оқығандарға ешқандай құжат берілмейді. Себебі біздің университетке диплом немесе сертификат үшін келмейді, сту­дент­терімізге болашақ табысы маңызды. Жақында бір қызық жағдай болды. Бір студентіміз мұғалімдерге арналған онлайн-педагогика бойынша үлкен жоба ашты. Соған қатысқан мұғалімдер ә дегеннен сертификат сұрады. Олар сертификат білігімді көтер­ге­німді дәлелдеу үшін керек депті. – Соңғы уақытта Shonbay Online University-тің студенті ата­нуға тілек білдірушілер күрт көбейді деп жатыр. Бұл коронавирусқа бай­ланысты жарияланған төтенше жағ­даймен байланысты ма? – Шыны керек, біз карантин кезінде курсқа жазылушылар саны көбейеді деп ойлаған жоқ­пыз. Бірақ өткен аптаның өзінде курсқа өтініш бергендер саны 12 мыңнан асып кетті. Біз адамдардың карантин кезін­де өзін-өзі дамытуға қатты кіріс­ке­нін байқап отырмыз. Өтініш берушілердің көбейгені сондай платформамыз бен shou.kz қо­сым­­шамызға үлкен салмақ түсті. Салдарынан видео ашылмай қалды. Сондықтан жұмысты жетілдіруге тура келді. Қосымша мамандар жалдап, платформаны күшейтіп, кемшілігін жойып, реттедік. Енді курсқа қанша адам жазылса да, еш кедергісіз жұ­мыс істей аламыз, жұмыс істеп жа­тыр­мыз. Университет ұжы­мын­да жиырмаға жуық адам бар – видеограф, дизайнер, ме­нед­­жерлер және продюсерлер. Қал­ған қызметтерді аутсорсинг ар­қы­лы аламыз.  

Бизнесте ең қиыны – сату

– Қазақстандағы инфобизнес туралы сөз қозғалса, міндетті түр­де сіздің есіміңіз аталады екен. Ин­фо­­бизнес біздің елде қалай да­мып жатыр деп ойлайсыз? – Инфобизнеске келген­ге дейін басқа кәсіп­пен айна­лыс­­қанмын. Мамандығым­ның бизнеске үш қайнаса сор­па­сы қосылмайтын. Бірақ өз ма­ман­дығым бойынша жұмыс табылмаған соң бизнесте бақ сынап көргім келді. Сөйтсем, бизнес ашу оңай болғанымен, оны дамытудың машақаты көп екен. 2012 жылы Алматыда бокс клубын аштым. Залды жалға алдым, бірақ не жаттықтырушым жоқ, не өзімде бизнес жүргізетін білім жоқ. Ол кезде тренингтің не екенін білмеймін. Алдымда жөн сілтер адам да, ағам да жоқ. Содан бизнеспен айналысу үшін білім алу керегін түсіндім. Ізде­не келе Ресейдегі бизнес жүргізуді үйрететін тренингке аттандым. Қалтамдағы ақшаның өзін қарызға алғам. Тренингтің бірінші күні-ақ көп нәрсені тү­сін­дім, клиент жинау, бизнес-сайт жасау, әлеуметтік желіні бизнес үшін пайдаланудың жолы, клиентпен шарт жасаудың тәр­ті­бін үйрендім. Екі айлық тре­нинг­те төрт жылда алмаған білімді алып шықтым. Әдетте бокс клубын бұрынғы тренерлер ашады. Олар интернет-маркетингтен бейхабар. Менің артықшылығым сол Ресейден маркетингті меңгеріп келдім, сөйтіп бір жылдың ішінде бір қалада төрт бокс клубын аштым. Табыс түсе бастады, ақшамның бір бөлігін тренингке салып жүр­дім. Бірнеше тренингке қатыстым, өзім үшін өте пайдалы болды. Досыма бизнес ашуды үйреттім, інілерім де кәсібін дөңгелетіп әкетті. Енді ары қарай не істесем болады, қандай бизнес ашсам екен деп ойлана бастадым. Себебі бокс клубының жұмысы жолға қойылды. Менің қолымды байлап тұрған ештеңе жоқ. Сонда байқағаным, қазақы аудиторияға арналған тренингтер жоқ екен. Мен тек орысша тре­нинг­терге барып жүрмін ғой. Маған шеберлік сағатын өткізуге ұсыныс түсе бастады. Осылайша, аптасына бір рет, сәрсенбі күні, кешкі 6-8 арасында, тегін тренинг өткізуді бастадым. 2016 жылы наурызда өткізген ең алғашқы тренингке 17 адам ғана жиналды, ал төртінші тренингке келушілер 50 адамдық залға сыймай қалды. Осылайша, «Алғашқы миллион» деген курсымды аштым, содан бері инфобизнес саласындамын. 2016 жылдың соңына қарай «Руми» мейрамхана желісінің иесі Қуаныш Шонбаймен таныстым, ол онлайн бизнесті бірге дамыту туралы ұсыныс айтты. Сөйтіп, өзім­нің кішігірім мектебімді жауып, Versus академиясын құр­дық. 2018 жылдың соңында реб­рен­динг жасап, Shonbay Online University деп атадық. – Инфобизнес қалай дамып жатыр деген сұраққа оралсақ… – Маған негізінен көп идея­ны әлеуметтік желідегі оқыр­ман­да­рым береді. Біз де бизнес-тренер болсақ, білгенімізді бөліссек деп жазатындар көбейді. Негізі, бізде қазақ тілінде сауатты сөйлейтін, білімді сарапшылар көп, бірақ олар өз жұмысымен ғана шек­те­ліп қалған, өзінің білімі мен тәжірибесімен бөлісетін мүмкін­дігі барын білмейді. Біз соларды курсқа тартып, жұмыс істедік. Яғни, мықты сарапшыларға про­­дю­серлік еттік. Үздіктерін уни­­верситетке спикер ретінде қа­­был­дадық. Нәтижесінде, You­tube-та қазақша контент кө­­бейіп келеді. Кітаптар да кө­бейе бастады. «Екінші болма» кіта­бы шыққанда қазақша кітап өт­пейді дегендер болды. Біз мар­кетингтің арқасында ол кі­тап­ты бестселлерге айналдыра алдық. 145 мың данасын саттық.  

Инфобизнес – ақпарат бизнесі. Өз біліміңіз бен тәжірибеңізді басқалармен бөлісу арқылы табыс табу. Онлайн курс, онлайн марафон, белгілі бір сала бойынша ақыл-кеңес беретін шағын кітаптар, коучинг, семинар, тренинг инфобизнес саналады.

  Кезінде инфобизнеске көңіл бөлмегендер қазір үйде отыр­ған соң курс жасауға кірісіп жатыр. Қарантин инфобизнестің дамуы­на ықпал етіп жатыр. Бұл – жақсы құбылыс. – Инфобизнестегі негізгі өнім – ақпарат, білім. Шешендік өнерді қажет етеді, сауатты сөй­леу де маңызды. Көрерменді жа­лық­тырып алмау үшін қалай дайындаласыз? – Инфобизнесте біліміңді таратудың түрлі жолы бар. Егер марафон жүргізетін бол­са­­ңыз, әлеуметтік желіге ар­найы суреттердің астына мә­тін жазып, баннер жасап, тап­­сыр­ма беруге болады. Ол жер­де сөй­леудің қажеті жоқ. Кітап ш­ы­ғару да инфобизнестің бір түрі. Айтарыңызды тасқа баса­сыз. Сосын аудиоподкастар бар, сөйлеу проблема болса, арнайы тренермен жаттығуға болады. «Сөйлей-сөйлей шешен боласың...» демекші, адам уақыт өте келе жаттығады. Өзімнің ал­ғаш­қы видеомды көрсем, ұялатындай, тәжірибе аз. Бірақ оны Youtube-тан өшірмеймін, себебі тыңдаушыларым бұрынғы Мейірбек пен қазіргі Мейірбектің айырмасын көруі керек. Әрине, эфирге шығуға жү­рек­­­сінетін, білімін сатқысы кел­­мей­тіндер дәстүрлі оқу ор­нын­да сабақ беріп, жалақы үшін жұмыс істей береді. Ол өз таңдауы. Ал ақша тапқысы келе­тіндерге білімін қалай сату­ды біз үйретеміз. Бизнесте ең қиыны – сату. Бұрын көп ақша тапқан, ірі дүкені бар, көтерме саудамен айналысқандардың өзі қазір қиналып жүр, олар сату­шылардың қолына қарап қалды. Қазір кім жақсы сата алады, сол сұраныста. Сондықтан бірінші кезекте сатуды, клиентке әсер ететіндей видео түсіруді үйретеміз. Видеоның ұзақтығы қанша минут болуы керек, ол жерде қандай ақпарат, қандай мөлшерде айтылуы керек екенін тү­сін­діреміз. Егер клиентке бі­лім­­ді мөлшерден артық бер­сеңіз, тақырыппен жаңа таны­сып жат­қан адам шошып, қа­шып ке­теді. Видеоны қайда және қа­лай салуды да үйретеміз. Се­бебі адамдар видеоны жасап, Youtube-қа сатуға қояды, ертең сатайын десе, оны басқалар кө­ші­ріп шығарып жіберген. Ал біздің платформамыз бен қо­сым­шамыздан видеоңызды ешкім жүк­тей алмайды. Біз осын­дай қауіп­сіз­дікпен қамта­ма­сыз ете­міз. Арнайы маманымыз You­tube-тан сабағымыздың көші­ріл­ген нұсқасын көрсе, арна әкім­­­ші­лігіне хат жолдап, видеоны өшір­теді. – Сіз оффлайндағы тре­нинг­терді онлайн режимге карантин енгізілмей жатып көшірдіңіз. Сон­да болашақта оффлайнда тренинг өткізбейсіз бе? – Оффлайннан түбегейлі бас тартқан жоқпын. Иә, біз ка­ран­тин енгізілмей жатып-ақ инфо­биз­несті онлайнға көшірдік. Оның өз себебі бар. Оффлайн тренинг өткізетіндердің басым бөлігі Алматыда шоғырланған. Ал Алматыдағы тренингке келуге бәрінің мүмкіндігі жоқ. Ауыл-аймаққа тренинг өткізу үшін баратындар жоқтың қасы. Ендеше біз неге оқырманымыздың санын шектеуіміз керек? Сондықтан оффлайнды уақытша жауып, онлайнға көшуге келістік. Аме­ри­ка мен Еуропадағы түрлі тре­нинг­терде жиған білімді шалғай ауыл­дағы баланың үйіне апаруды көздедік. Әрине, клиенттер арасында оффлайн арқылы үйренгіміз келеді, тренингтің энергетикасын сезінген бөлек қой деп өтініш айт­қан студенттеріміз үшін айы­на бір, кейде екі айда бір рет офф­лайн тренинг өткізіп тұра­мыз.  

 Мақсатымыз – миллионер дайындау емес

 – Бізде не көп, бизнес тренинг көп, сол тренингтер еліміздегі биз­нест­ің дамуына қаншалықты үлес қосып жатыр? – Бірден айтайын, біз үйре­те­тін маркетинг ірі бизнеске, зауыты барларға көмектеспейді. Курстарымыз шағын бизнес өкілдеріне арналған. Аз қаражат­пен көп табыс табуды үйретеміз. Онлайн сауда арқылы табыс тауып отырған жастар өте көп. Олар ірі кәсіпкерлер сияқты көз­ге көрінбейді. Мақсатымыз – миллионер дайындау емес, күн­делікті айлық табысы 500 мың – 1 млн теңгеден асатын кәсіпкер­лер легін қалыптастыру. Олар жеке кәсіпкер ретінде тір­ке­леді, оның тәртібін, мемле­кет тарапынан жасалатын жеңіл­дік­терді – бәрін үйретеміз. Осы­лай шағын бизнесмендерді дайын­дасақ, соның өзі – үлкен олжа. Білесіз бе, Қазақстанда биз­нес жүргізу үшін керемет мүм­кін­дік берілген. Америкаға бар­ғанда бизнеске салынатын 40 пайыздық салық туралы ес­тіп таң­ғалдым. Ал бізде жеке кә­сіп­­керге салынатын салық 3 пайыз ғана, оның өзіне үш жылға мора­торий жарияланды. Бизнес жасау үшін бұдан артық не жағдай керек? – Маркетингті үйрену үшін мұхит асып Америкаға, сосын Еуро­паға бардыңыз. Олардың биз­нес құрылымы бізге қаншалық­ты сай келеді? Олардағы маркетингке біздегі заң нормалары кедергі жаса­май ма? – Сұрағыңыздың төркінін түсініп отырмын. Біз бірінші кезекте сатуды үйретеміз ғой. Шетелдегі тренингтерге бар­ған­да түсінгеніміз, біздің елге Аме­риканың маркетинг жүйе­сі сай келеді екен. Мақсат – клиент тарту. Еуропаныкі бас­қа­ша. Американың Apple, Nike ком­паниялары ештеңе өндір­мей­ді. Екеуі де маркетингтің арқасында сатушы компанияға айналған, әлемдегі ең қымбат Amazon компаниясы да ештеңе жасап шығармайды. Тек сатумен айналысады. Бізге де сатуды үйрену қажет. Себебі біз өндіру саласында бәрібір Қытай мен Түр­кияның деңгейіне жете ал­май­мыз.    width=    – Сіздер үйрететін онлайн-бизнес әлеуметтік желімен тығыз байланысты. Онлайн-бизнестің дамуына әлеуметтік желінің қайсысы тиімді деп ойлайсыз? – Қазіргі таңда интернет арқы­лы сауда жасаудың үш арнасы бар. Instagram, Youtube, сосын Google. Instagram – ірі онлайн базар. Күніне Қа­зақстаннан 4-5 млн адам кіреді. Осы 4-5 млн адам күн сайын ал­дыңнан өтіп жатыр. Осы адам­­дарды ұстап қалуға үлкен мүм­­кіндік бар. Егер сіз көшеге үл­кен баннер іліп қойсаңыз, оны қан­ша адам көргенін білмейсіз, ал онлайн маркетингте парақ­шаға қанша адам кірді, қаншасы лайк басты, қанша адам пікір жазды, оларға не керек екенін зерттеуге мүмкіндік бар. Сіз­дің бизнес-парақшаңызға жазыл­ған­дардың ішінде пассив ауди­торияның үлесі қандай? Соның бәрін кө­ріп отырасыз және соған сай әрекет етесіз. Мы­салы, пассив ау­диторияны шы­ғарып тастап, оның орнына белсенді клиент тартуға болады. – Курсты аяқтаған соң биз­нес ашқандардың жартысы ғана кәсібін ары қарай дамытып кетеді екен. Қалған жартысына не кедер­гі? – Себебі олар мұғалім мен оқу­шы жүйесіне үйреніп алған­дар. Қамшылап отырмасаң, қи­мыл­­дауы қиын. – Онда неге өзін қинап, курсқа барады? – Олар мотивациялық кітап оқып алады да, бизнес ашу оңай деп ойлап қалады. Ал курсқа келгенде тоқтаусыз еңбек ету керегін түсінеді, сол кезде өз-өзі­не күмәндана бастайды. Ал сенің тренер ретіндегі міндетің, оның күмәндануына жол бермеу. Кейде «курсқа ақша төлеп келдің, нәтиже көріп кетсейші, ең бол­мас­а, макетін үйреніп кетші» дей­мін. Олардың арасында маған ренжитіндері болуы мүмін. Бірақ кейін түсіндім дегендері көп кездесті.  

Инфобизнес арқылы айына 20 млн табатындар бар

– Shonbay Online University бір жылдық онлайн-курс кезінде стрестен, уайым мен шаршаудан арылу, армандау, тіпті медитация жасауға дейін оқытады екен. Бұл не үшін қажет және одан нәтиже бар ма? – Курсқа келгендердің 95 пайызы бизнес ашады, бірақ 3-4 айдан соң хабарлассаң бизнесін тастап кеткен болып шығады. Оларды оқытуға қаншама энер­гия жұмсайсың, бірақ нә­ти­же жоқ. Сондықтан осы мәсе­­лені зерт­тей келе курсқа психо­ло­гияны қосу керек екенін түсін­дік. Адам стресте жүрсе, ұялшақ болса, бизнес ашуы қиын бо­ла­ды. Тіпті, жақсы бизнес ашып, табысқа кенеліп жүрсе де, мына бизнес маған ұнамай қал­ды деп келетіндер бар. Дәл сол адам кезінде алғаш курсқа келгенде көп ақша табатын бизнес тауып берсеңіздер болды деген. Нәтижеге қол жеткізсе де, ойы басқа бизнеске ауа бас­тай­ды. Зерттей келе олардың өз бизнесінен статус іздейтінін түсіндік. Мысалы, ол шар сату бизнесінен айына 1-2 млн теңге тауып отыр. Бірақ бренд киім са­­татын, сұлулық салоны бар адам­дарды көрген соң, сондай бизнес ашқысы келеді. Яғни, ол өзіне табыс әкелетін бизнесінен ұя­лады, бұл комплекс. Сон­дықтан біз бір жылдық курс­тың алғашқы үш айында тыңдаушы психологиясымен жұмыс істей­міз. Сол үшін Ресейдің ғылыми-зерттеу орталығынан арнайы бағдарлама сатып алып, сынақтан өткіздік. Нәтиже жаман емес. – Отбасын сақтап қалу, тәлім-тәрбие беру мақсатында өткізілетін тренингтер инфобизнеске жата ма? Мысалы, Құралай ханым, Айнұр Тұрсынбаева өткізетін тре­нинг­тер­ді инфобизнес деп атауға бола ма? – Болады. – Бірақ оларды сынаушылар тренинг кезінде жалған дерек айта­ды дейді. Мысалы, «байтал шауып бәйге алмас деген, осы уақытқа дейін Нобель сыйлығын алған әйел жоқ» деген әңгіме айту инфобизнестің беделін түсірмей ме? – Бес саусақ бірдей емес. Инфо­бизнестің деңгейін түсіре­тін­дер де бар, көтеретіндер де бар. Мысалы, ақпаратты тек­сер­мей жариялап жіберетін жур­налистер де бар емес пе? Қан­шама жыл жұмыс істеген тәжірибесі бола тұра, ақпаратты тексермей айтып жіберіп, сүрініп жатады. Ондай олқылық кез келген салада бар. Бұл қалыпты нәрсе, адам осындай қатеден сабақ алады. Қайталамауға ты­ры­сады. Оның үстіне, қазір өз көзқарасына сай келетін тре­нер­ді табу оңай. Құралай ханым мен Айнұр жүргізетін тре­нинг­тер депрессияда жүрген­дерге көмектеседі, бұл да керек. Күйзе­лістен шыққан адам табыс табуды ойлай бастайды. Міне, сол кезде олар бізге келеді. Менің туысқан апам бар, менің немен айналысып жүргенімді түсінбейтін, түсінгісі де келмейтін. Бір күні «дүкен ашып едім, ары қарай қалай да­мыт­­­сам болады, сен біледі екенсің ғой» деп хабарласып тұр. «Сізге аяқ ас­тынан не боп қалды?» де­сем, «Айнұрды тыңдаймын ғой, бизнес аша­тындар Мейірбектің курсына жа­зылуға болады деді» деп тұр. – Қазақстандағы инфобиз­нес­мендер айына, кемінде, 5-6 мил­лион теңге табыс табады дейді. Рас па? – Рас, онлайн-бизнестің бір артықшылығы, дәстүрлі бизнес­те­гідей кеңсе мен қойманы жал­ға алмайсың. Қытай мен Түр­­киядан тауар әкелмейсің. Білі­міңді басқаларға тарату ар­қы­лы ғана табыс табасың. Мысалы, 1 млн теңге табу үшін 5 000 теңгеден 200 адамға марафон өткізсеңіз жетіп жатыр. Белгілі бір тақырыпта білім беретін болсаңыз, 200 адам­­­дық аудитория жинаңыз да, кур­сыңызды 5 мың теңге деп бағалаңыз, 1 млн теңге қал­­­таңызда. Сонымен бірге, кіта­быңыз­ды 1 мың теңгеден мың адам­­ға сатыңыз, 1 млн теңге тауып тұрсыз. Қазіргі таңда бизнес жүргізу­ден емес, заманға бейімделе алмаудан қорқу керек. Себебі ке­зін­де танымал болған кәсіпкерлер қазір қиналып қалды, себебі олар әлемде болып жатқан трендтерге мән бермеді, санаспады. Сосын мамандық таңдауда қателессеңіз еш өкінбеңіз, мамандық ауыс­ты­рудан да қорықпаңыз. Ұна­май­тын іспен айналысып, өз-өзіңізді қинаудың қажеті жоқ. Сіз инфобизнестегі танымал тұлғалар қанша табады деп сұрадыңыз, мен танитын тренерлер айына 5-6 млн емес, кемінде 20 млн теңге табады. – Әңгімеңізге рақмет!  

Сұхбаттасқан Халима БҰҚАРҚЫЗЫ