Қазақстанда кез келген дағдарыс мемлекеттің миллиардтар шығындап, банктерді құтқаруымен есте қалады. 2009-2010 және 2015-2017 жылдары да солай болған. Алайда осы жолы бәрі басқаша: сарапшыларды биліктің ең алдымен халық пен бизнесті қолдауға күш салуы сүйсінтті. Әйтсе де, бұл банк секторы проблемадан ада дегенді білдірмейді. Жекелеген банктердің дәрменсіз жағдайға жете бастағаны соны көрсетеді. Сәуір айында Tengri Bank клиенттері ірі қалалардың өзінде ақша алуда және басқа да банк операцияларын жүргізуде қиындыққа кезікті. 16 сәуірде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олег Смоляков: «Тengri Bank банкрот болатынына қатысты қандай да бір шешім немесе факт жоқ» деп мәлімдеме жасады. Сонымен бірге ол мемлекеттің банкті құтқарудан бас тартатынын аңғартып, «оны қолдау – акционердің міндеті» деп ескертті. Ізінше, 22 сәуірде қаржы реттеушісі қатаң шешімін жария етті. Агенттік клиенттерден түсіп жатқан мәселелер бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлай келе, банк қожайынына қаржы институтын күйреуден аман алып қалуына бір-ақ апта уақыт берді: ірі акцио-нер – Punjab National Bank-ке (PNB) Тенгри банктің капиталын 30 сәуірге дейін арттыру талабын қойды.
Келісім табылмаған жерде тұрақтылық жоқ
ТЖ кезеңінде Tengri Bank клиенттері өз есепшотынан қаржы ала алмады. Төлем картасын пайдалану да мүмкін болмады. Western Union және Золотая Корона жүйелері арқылы ақша аудару толық тоқтатылды. Банк өзінің негізгі акционеріне қолдау көрсету туралы өтінішпен жүгінген. Алайда Үндістанда COVID-19 вирусы таралуына тосқауыл қою бойынша қатаң шаралардың енгізілуіне орай PNB басшылығының шешімін алудың өзі біраз уақытқа созылыпты. Жалпы, Punjab National Bank – активінің көлемі жөнінен үнді елінің екінші мемлекеттік банкі. Ол жаһандық «үлкен төрттікке» кіретін консультациялық агенттіктерді тарту туралы шешім қабылдаған. Соның есебі негізінде қазақстандық банкті тұрақтандыру жоспары әзірленбек. Айта кеткен жөн, 2019 жылғы мамырда еліміздің үш шағын банкі – Tengri Bank, Capital Bank Kazakhstan және AsiaCredit Bank бірігу туралы шешімді мақұлдады. Алайда артынша PNB бұлардың қосылуына келісімін кері қайтарып алды. «Аса ірі акционердің келісімінсіз бірігу процесін аяқтау мүмкін болмайды. Punjab National Bank аса ірі акционер ретінде банктің 41,64% акциясына ие», – деді Tengri Bank. Үшінші тараптың тыс қалуына қарамастан, 2020 жылғы ақпанда «Capital Bank Kazakhstan» АҚ-ы мен «AsiaCredit Bank» АҚ басшылығы бірігу жоспарын жүзеге асыруды жалғастыруға ұйғарды. Ал биылғы сәуірде Moody's халықаралық агенттігі Тенгри банктің ұзақмерзімді депозиттік рейтингін B2-ден Caa3-ке дейін құлдыратты. Moody's сарапшылары оның өтімділігінің нашарлауына, пруденциалдық нормативтерді орындамауына және корпоративтік қақтығысқа душар болуына байланысты осындай қадамға барған көрінеді. Негізі, Caa санаты қаржы институтының қарыз міндеттемелері «өте төмен сапада және тәуекелі жоғары екенін» білдіреді. «Банктің өтімділігі бүгінде оның жалпы активтерінің 4%-ын ғана құрайды. 2019 жылғы 1 қаңтарда шамамен 18% болған. Бұл үрдіс банктің клиент базасының азайғанын көрсетеді. Tengri Bank активтерінің сапасы айтарлықтай төмендеді: мәселен, төлеу мерзімі өтіп кеткен несиелердің жалпы сомасы осы жылғы 1 қаңтардағы 12,1%-дан 1 наурызда 20,9%-ға дейін өсті», – делінген Moody's есебінде. «Оның рейтингі Тимур Қуанышев пен Ержан Шайкенов қатысқан заңгерлік дауларға бола төмендетілді. Ол дау өткен жылы банктің корпоративтік іс-әрекеттеріне және банк басқармасы мен директорлар кеңесі құрамының жиі өзгеруіне қатысты болды. Қазіргі уақытта банктің директорлар кеңесінде аса ірі акционер PNB өкілі қалмады. Бұл оның сын-қатерлерге жедел үн қату қабілетіне нұқсан келтірді», – дейді халықаралық сарапшылар. Лавлин Мальхотры «зейнеткер жасына жетті» деген негізбен директорлар кеңесінен шығарылыпты. Нарықтағы Tengri Bank үлесі мардымсыз: бүкіл сектордағы жалпы активтердің 0,4%-ы және жеке тұлғалар депозиттерінің 0,3%-ы ғана соған тиесілі.Тенгри банкке жан кірді ме?
Ұзақ ырғасқан соң жуықта үнділік банк қазақстандық серіктесіне қолдау көрсетіп, қаражат беруге ақыры келісті. Тенгри банк өзінің барлық қаржылық міндеттемелерін толық көлемде және уақытылы орындауға мүмкіндік алды. Өзара келісім аясында банк кредиттің бірінші траншына қол жеткізіпті. Осылайша, ол қаржылық реттеу агенттігінің талабын орындауға кірісті. Ақша алудағы және төлем карталарын пайдаланудағы шектеулер де жойылуы тиіс. Банктің ресми мәлімдемесіне жүгінсек, «Үлкен төрттіктің» консалтинг агенттігі «тұрақтандыру жоспарын» дайындағаннан кейін банктің қанша көлемде капиталданатыны және акционердің акциялардағы үлесі қаншаға ұлғайтылатыны жөнінде шешім қабылданады. Әзірге консалтинг агенттігі осы бағытта жұмыс істеуде. Tengri Bank АҚ басқарма төрағасы Паван Сингхтің айтуынша, біріншіден, «күмәнді кредиттердің төлемі уақытында түспеуі», екіншіден, ТЖ енгізілуіне байланысты қазақстандықтарға несиені өтеуді кейінге қалдыруға мүмкіндік берілуі қаржы құрылымының қиындыққа тап болуына әкеліп соқты. – Банк проблемалы қарызды қайтару, берешекті өндіру бағытындағы жұмысқа ерекше көңіл бөлуде. Осы мақсатта кепілге қойылған мүлік сатылып жатыр. Бұл елеулі ұйымдастырушылық және материалдық шығындарды талап етеді. Егер қызықса, клиенттер жылжымайтын және жылжитын мүлік тізімімен танысып, оны жақсы жеңілдікпен сатып ала алады. Сондай-ақ активтерді қайтару жұмысы аясында Қазақстанның құқық қорғау органдары бірнеше қылмыстық іс қозғады. Аталған іс бойынша тергеу шаралары жүргізілуде, тиісінше оларға қатысты түсініктеме бере алмаймыз, – деді Паван Сингх. Ол қазақстандық банкте үнді тарапының мүддесін әзірше өзі ұсынатынын жеткізді. PNB-ның директорлар кеңесіндегі жаңа өкілінің кандидатурасы келісімнен өтіпті, бірақ ол акционерлердің жалпы жиынында ғана тағайындалады. Ол жиын 17 сәуірде өтуі тиіс еді, пандемия, ТЖ және әуе қатынасының тоқтауы оған мүмкіндік бермепті. Енді төтенше жағдай 11 мамырда бітеді деп күтілуде. Осыған байланысты акционерлердің құрылтайы 15 мамырға белгіленіп отыр.Банк секторы күйзелісте
Елдегі біраз банк өз қожайындарына алақан жайып жатқан көрінеді. Өйткені бұрынғыдай мемлекетті арзан әрі ұзақ мерзімге қаржы беруге көндіре алмай отыр. Мысалы, Еуразиялық банктің жалғыз акционері «Еуразиялық қаржы компаниясы» АҚ агенттік талабымен банк капиталын 4 триллион теңгеге толықтырды. Қаржылық реттеу агенттігі қазақстандық банктер ел заңнамасында бекітілген нормаларды сақтамайтынын хабарлады. Мұны 2020 жылғы І тоқсан қорытындысы бойынша жүргізілген талдау мен мониторинг көрсеткен. Нәтижесінде, банктердің ісінен заңбұзушылықтар анықталды. Қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқығын аяққа таптаған банктерге 15 әкімшілік жаза қолданылған, 16 заңбұзушылықты түзету ұсынымы берілген, 3 ескерту жасалған. Биылғы 3 ай қорытындысында банктер жалпы сомасы 3,8 млн теңге айыппұлмен жазаланды. Дағдарысқа байланысты биыл отандық біраз банк өз акционерлеріне 2019 жыл қорытындысы бойынша дивиденд төлеуден де бас тартты. Мәдина Әбілқасымова басқаратын агенттік оларға осындай кеңес берген. Дегенмен бұл – қазіргі халықаралық тәжірибе. Наурыз аяғында Еуропа орталық банкі және Англия банкі қаржыгерлерге дивиденд төлемеуге және төл акцияларын кері сатып алмауға ұсыным берді. Осының арқасында банктер қолында қалатын қосымша қаражат оларға коронавирус пандемиясы кезінде шығындарының бір бөлігін жабуға және несиелендіруді арттыруға мүмкіндік береді. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының басшысы Елена Бахмутованың байламынша, дағдарыс нақты сектордың дамуына теріс әсер етті, яғни өндіріс доғарылып, банктер ірі клиенттерінен айырылды. Оның үстіне, төтенше жағдай кезінде кредит төлемін кейінге қалдыру (отсрочка) шарасы да секторға соққы болды. Мысалы, 1,4 миллион заемшының берешегін төлеуі кейінге қалдырылды. Оның 12 мыңнан астамы – бизнес кәсіпорындары. Мұның бәрі отандық банктердің кредиттік портфелінің сапасына теріс ықпал етеді. Демек, болашақта басқа банктерде де мәселелер туындауы ғажап емес.