Жол ақысын төлеңіздер...
Жол ақысын төлеңіздер...
225
оқылды
Биыл Қазақстанда тағы тоғыз жол ақылы болады. Бұл ақпаратты «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының өкілдері хабарлады. Мекеме жыл соңына дейін монтаж жұмыстарын аяқтап, сынақ режимін іске қоса бастайды. Үкімет 2024 жылға қарай республикалық желінің 11 мыңға жуық шақырымын ақылы автожолмен қамтуды жоспарлап отыр. Халықтың қалтасы мұндай қосымша салмақты көтере ме? Жолдарды ақылы ету мақса­тында 2015 жылы «Республикалық маңызы бар жалпыға ортақ пай­даланылатын автомобиль жолын (жол учаскесін) ақылы негізде пайдалану туралы» заң қабыл­дан­ған. Осы заң негізінде 2020 жылы «Шымкент – Ташкент», «Қап­ша­ғай – Талдықорған», «Павлодар – Нұр-Сұлтан», «Павлодар – Омбы – Ресей шекарасы», «Атырау – Ақтау», «Бейнеу – Ақжігіт», «Ақ­төбе – Орал», «Орал – Тасқала» және «Орал – Самара» жол учас­келері ақылы жүйеге көшеді. Ақылы жолдар – қаржы қай­тарудың бір әдісі. Оған жиналатын ақша жолды күтіп ұстауға, авто­магистральдің сапасын көтеруге, жол бойындағы инфрақұрлымды жетілдіруге, сервисті дамытуға бағытталады. Осылайша, жоба өзін-өзі ақтайды да, мемлекеттік бюджетке салмақ салмайды. Бол­жам бойынша ақылы жолдардан түсетін табыс жылына 40 млрд теңгені төңіректейді. Қазір елдегі 4 ақылы жолдың жалпы ұзындығы 682 шақырымға созылып жатыр. 2013 жылдан бері осы ақылы жолдардан түскен қаражаттың мөлшері 5 млрд теңгеден асыпты. 2024 жылға қарай респуб­ли­ка­лық маңызы бар жолдар желісінің 11 мың шақырымы ақылы болады деп жоспарлануда. Жеңіл авто­мобильдер үшін І санаттағы жол­дың 1 шақырымы үшін орташа есеп­пен 1 теңге, ескі автокөліктер үшін І санаттағы жолдың 1 ша­қы­рымы 5 теңге болады. Ал жүк кө­лік­тері 1 шақырымға 10 теңге төлейді. Автожолдар ақысын төлеудің бірнеше тәсілі бар. Өзіңізге қо­лайлысын таңдайсыз. Сараланған тариф бойынша QIWI, Kassa 24, CyberPlat, Tenge және Kassa 24, Wooppay, Salempay элек­трон­ды әмияндары, KazDriver қосымшасы немесе Beeline, Activ, Kcell ұялы телефондарының ба­лансынан төлеуге жағдай жасалған. Ұялы байланыс нөмірінен төлеу үшін 5505 нөміріне төлейтін ақша мөлшерін, мемлекеттік автомобиль нөмірін SMS-хабарлама арқылы жіберіп төлеуге болады. Егер мо­бильді қосымшалар немесе ин­тернет арқылы онлайн төлеу ың­ғайлы болса, Payway.kz, Интернет-банкинг Kaspi bank, Халық банк, Сбербанк, Евразия банкі, Капитал Банк және АТФ банктерінің мо­бильді қосымшасымен төлем жібере аласыз.    width= Жалпы, ақылы жолдар тәжі­рибесі әлемде ерте қалыптасқан. Мәселен, Еуропа елдеріндегі ақы­лы жолдар тек жоғары жылдам­дықпен жүруге арналған. Бірақ ақылы жолдардан бөлек онда сапасы орташа, бірақ тегін, балама жолдар да төселген. Осынау бұл­жымайтын ережені Еуропа ғана емес, бүкіл дүниежүзі мойындаған. Кәрі Құрлықта кім қалай жүруді қаласа, солай жүреді: сағатына 50-90 шақырыммен жыбырлай ма, әлде сағатына 110-130 шақы­рым­мен зымырай ма, әркімнің патша көңілі шешеді. Ал Қазақстанда бұл қағида сақталмайды. 2008 жылы Көлік және байланыс министрі қызметін атқарған Серік Ахметов Парламент отырысында: «Жобаға салынған қаржыны қайтарып, одан кіріс кіргіземіз десек, бұл жолдармен күніне 20 мың автокөлік өтуге тиіс» деп баяндама жасаған-ды. Содан кейін тегін, яғни балама жолдар туралы бап заңнан сызып тасталды. Бірқатар депутаттар бұған наразылық танытқанмен, бұл ұсыныс заңға еніп кетті. Бүгінде Италия мен Фран­ция­ның барлық жолын ақылы деуге бо­­­лады. Италияда жолдың 80 па­йы­зы, Францияда түгелге жуы­­ғы – ав­то­бан. Орташа есеппен алғанда, еу­ропалық жүргізушілер әр 100 ша­қырымның өтеуіне 5-10 еуро төлейді. Еуропаның кей мемлекетінде ақылы жол басталған жерде жол ақысы төленгені туралы түбіртек сатылады. Оны жүргізуші алдыңғы терезесіне жапсырып қояды. Мұндай ақылы жүру билеті бір аптаға, 10 күнге, бір айға немесе бір тоқсанға, тіпті бір жылға арналған болуы мүмкін. Ақы төлеу мерзімі ұзарған сайын құны да төмендей береді. Бельгия, Германия, Люк­сем­бург пен Финляндияда ақылы жолдар мүлдем жоқ. Бірақ немістер мен бельгиялықтар жерасты жол­дары үшін ақы төлеуге мәжбүр. Гер­манияда ең жоғары жылдам­дықпен жүруге болатын жолдардың өзі тегін әрі сапалы. Әрине, жолдың әр шақыры­мына ақша төленсе, жолақы мен жүк тасымалы қымбаттайтыны түсінікті. Бұл азық-түліктің баға­сы­на да әсер етеді. Қарапайым ха­лық­тың қалтасы ондайды көтере ме? Үкімет бұл туралы тіс жарып, ләм-мим демейді.  

Еркебұлан НҰРЕКЕШ