Биыл Қазақстанда тағы тоғыз жол ақылы болады. Бұл ақпаратты «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының өкілдері хабарлады. Мекеме жыл соңына дейін монтаж жұмыстарын аяқтап, сынақ режимін іске қоса бастайды. Үкімет 2024 жылға қарай республикалық желінің 11 мыңға жуық шақырымын ақылы автожолмен қамтуды жоспарлап отыр. Халықтың қалтасы мұндай қосымша салмақты көтере ме?
Жолдарды ақылы ету мақсатында 2015 жылы «Республикалық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолын (жол учаскесін) ақылы негізде пайдалану туралы» заң қабылданған. Осы заң негізінде 2020 жылы «Шымкент – Ташкент», «Қапшағай – Талдықорған», «Павлодар – Нұр-Сұлтан», «Павлодар – Омбы – Ресей шекарасы», «Атырау – Ақтау», «Бейнеу – Ақжігіт», «Ақтөбе – Орал», «Орал – Тасқала» және «Орал – Самара» жол учаскелері ақылы жүйеге көшеді.
Ақылы жолдар – қаржы қайтарудың бір әдісі. Оған жиналатын ақша жолды күтіп ұстауға, автомагистральдің сапасын көтеруге, жол бойындағы инфрақұрлымды жетілдіруге, сервисті дамытуға бағытталады. Осылайша, жоба өзін-өзі ақтайды да, мемлекеттік бюджетке салмақ салмайды. Болжам бойынша ақылы жолдардан түсетін табыс жылына 40 млрд теңгені төңіректейді.
Қазір елдегі 4 ақылы жолдың жалпы ұзындығы 682 шақырымға созылып жатыр. 2013 жылдан бері осы ақылы жолдардан түскен қаражаттың мөлшері 5 млрд теңгеден асыпты.
2024 жылға қарай республикалық маңызы бар жолдар желісінің 11 мың шақырымы ақылы болады деп жоспарлануда. Жеңіл автомобильдер үшін І санаттағы жолдың 1 шақырымы үшін орташа есеппен 1 теңге, ескі автокөліктер үшін І санаттағы жолдың 1 шақырымы 5 теңге болады. Ал жүк көліктері 1 шақырымға 10 теңге төлейді.
Автожолдар ақысын төлеудің бірнеше тәсілі бар. Өзіңізге қолайлысын таңдайсыз. Сараланған тариф бойынша QIWI, Kassa 24, CyberPlat, Tenge және Kassa 24, Wooppay, Salempay электронды әмияндары, KazDriver қосымшасы немесе Beeline, Activ, Kcell ұялы телефондарының балансынан төлеуге жағдай жасалған. Ұялы байланыс нөмірінен төлеу үшін 5505 нөміріне төлейтін ақша мөлшерін, мемлекеттік автомобиль нөмірін SMS-хабарлама арқылы жіберіп төлеуге болады. Егер мобильді қосымшалар немесе интернет арқылы онлайн төлеу ыңғайлы болса, Payway.kz, Интернет-банкинг Kaspi bank, Халық банк, Сбербанк, Евразия банкі, Капитал Банк және АТФ банктерінің мобильді қосымшасымен төлем жібере аласыз.
Жалпы, ақылы жолдар тәжірибесі әлемде ерте қалыптасқан. Мәселен, Еуропа елдеріндегі ақылы жолдар тек жоғары жылдамдықпен жүруге арналған. Бірақ ақылы жолдардан бөлек онда сапасы орташа, бірақ тегін, балама жолдар да төселген. Осынау бұлжымайтын ережені Еуропа ғана емес, бүкіл дүниежүзі мойындаған. Кәрі Құрлықта кім қалай жүруді қаласа, солай жүреді: сағатына 50-90 шақырыммен жыбырлай ма, әлде сағатына 110-130 шақырыммен зымырай ма, әркімнің патша көңілі шешеді.
Ал Қазақстанда бұл қағида сақталмайды. 2008 жылы Көлік және байланыс министрі қызметін атқарған Серік Ахметов Парламент отырысында: «Жобаға салынған қаржыны қайтарып, одан кіріс кіргіземіз десек, бұл жолдармен күніне 20 мың автокөлік өтуге тиіс» деп баяндама жасаған-ды. Содан кейін тегін, яғни балама жолдар туралы бап заңнан сызып тасталды. Бірқатар депутаттар бұған наразылық танытқанмен, бұл ұсыныс заңға еніп кетті.
Бүгінде Италия мен Францияның барлық жолын ақылы деуге болады. Италияда жолдың 80 пайызы, Францияда түгелге жуығы – автобан. Орташа есеппен алғанда, еуропалық жүргізушілер әр 100 шақырымның өтеуіне 5-10 еуро төлейді.
Еуропаның кей мемлекетінде ақылы жол басталған жерде жол ақысы төленгені туралы түбіртек сатылады. Оны жүргізуші алдыңғы терезесіне жапсырып қояды. Мұндай ақылы жүру билеті бір аптаға, 10 күнге, бір айға немесе бір тоқсанға, тіпті бір жылға арналған болуы мүмкін. Ақы төлеу мерзімі ұзарған сайын құны да төмендей береді.
Бельгия, Германия, Люксембург пен Финляндияда ақылы жолдар мүлдем жоқ. Бірақ немістер мен бельгиялықтар жерасты жолдары үшін ақы төлеуге мәжбүр. Германияда ең жоғары жылдамдықпен жүруге болатын жолдардың өзі тегін әрі сапалы.
Әрине, жолдың әр шақырымына ақша төленсе, жолақы мен жүк тасымалы қымбаттайтыны түсінікті. Бұл азық-түліктің бағасына да әсер етеді. Қарапайым халықтың қалтасы ондайды көтере ме? Үкімет бұл туралы тіс жарып, ләм-мим демейді.