Кореяға ағылды талай қазақ баласы
Кореяға ағылды талай қазақ баласы
196
оқылды
Соңғы 5-6 жылдың көлемінде Оңтүстік Кореяға барып, қара жұмыс істейтін қазақстандықтардың саны едәуір артты. Ол жақтағы жалақының көптігі басты се­беп болып тұр. Айына ең кемі 500 мың теңгеден бастап 1 млн теңгеге дейін табыс та­бу­ға болады. Сыртқы істер министрлігінің ресми мәлімдеме­сі­не сенсек, қазір Кореяда 30 мыңнан астам қазақстандық тір­келген. Оның ішіне заңсыз жұмыс істеп жатқандар да кіреді. Мысалы, 2018 жылы 11 860 заң­сыз еңбек мигранты тіркелсе, 2019 жылы 10 875 адам анықта­лыпты. Яғни, ай­тарлықтай өзгеріс жоқ, азаматтардың елге асыққаны байқалмайды. 18 сә­уірде Оңтүстік Кореяның Кванджу қа­ласында тө­белес кезінде 19 Қазақ­стан аза­маты ұсталды. Олардың бәрі сол елде заңсыз жүрген. Осыған орай, біз табыс үшін сыртта жүрген отан­дастарымыздың тыныс-тір­шілігімен танысып көрдік. Әуелі шетелге ағылған көштің әң­гімесі қайдан бастау алғанын баян­дасақ. 2014 жылдан бері қа­зақстан­дықтар Кореяда 30 күн бойы визасыз жүруге мүмкіндік алды. Содан кейін ол жаққа қо­сымша табыс табу үшін барған­дардың саны күрт өсті. Заңсыз еңбек мигранттары көбейгеннен соң 2018 жылдан бастап Корея шекарадағы бақылауды күшейтті. Бірақ жымын білдірмей жолын тапқандар көп се­кілді. Дәл сол жылы Корея Респуб­ликасының Қазақстандағы елшілігі заңсыз еңбек етіп жүрген қазақстан­дықтар азаймаса визасыз режимнің жо­йылуы мүмкін екенін айтқан бо­ла­тын. Дегенмен визасыз режим жо­йылмады, Сыртқы істер ми­нистрлігі қазақстандықтарды елге қайтуға үгіт­теп, табылғанын қай­тарып та жатты. Ал ол жақта жұ­мыс істеу үшін отан­дастарымыз заңды түрде тіркеле ал­майды. Міндетті түрде туысқаның немесе ата-анаңның біреуі, болмаса жұбайың корей ұлтынан болуы тиіс. Кореяның заңсыз жұмыс кү­шін толықтыруға алғаш Ресей, Өзбекстан мен Қырғыз Респуб­ликасы азаматтары атсалысқан. Одан кейінгі кезек Қа­зақстанға тиді. Жұмыс іздеушілердің қалып­тасып қалғаны соншалық, бір-бірін күтіп алу, орналастыру да жолға қойылған. Осылайша жа­салған жағ­дай депортациялауды да елемей, әрі қарай жұмыс істей беруге мүмкіндік туғызып отыр. Кореяда заң бұзбай, тыныш жүр­ген адамды полиция тек­сермейді. Бұл да заңсыз жүргендерге қо­лайлы екені анық. Olx.kz қосым­шасын ашып, «Работа в Корее» деп тере қалсаңыз, жұмыстың түр-түрін ұсынған жарнамалар қаптай кетеді. Біз әрине, азды-көп білетінімізді баян­дадық, «ес­тігенің көргеніңдей бол­мас» деп, сол жақта күн көріп жүр­ген отан­дасымызбен тілдескен едік. Ырысты (есімі өзгертіліп алын­­­ды – ред) – Қызылорда об­лы­сы, Шие­лі ауданының тумасы. 2018 жы­лы отбасымен бірге Кореяның Кванджу қаласына аттанған. Жұ­байының ана­сы корей ұлтынан бол­ғандықтан, от­басының барлық мү­шесі ұзақ мер­зімге жұмыс визасын алған. Ол Ко­реядағы табысы көп бол­ғанымен, со­ған сай шығын да мол екенін айтады.
– Кореяға келіп, жұмыс істеу жол­дасымның ойында бұрыннан болған. Ойлана келе, отбасы­мыз­бен осы ше­шімге тоқтадық. Кү­йеуім де күнделікті жұмыстан, мардымсыз жалақыдан шаршаған болатын. Мұнда елімізге қара­ғанда, орташа есеппен жалақы 6-7 есеге көп. Есесіне азық-түлік те қымбат. Бірақ техникалық заттар арзанға түседі, – дейді ол.
Тіпті, әлемге танымал корея­лық көлік шығарушы компания­лардың бөлшек құрастырушы зауыттары заңсыз жұмыс күшімен толығыпты. Жұмыс берушілердің өзі де оларға қолайлы жағдай жасайды екен.
 – Үй шаруасында болған соң, өзім жұмыс істемеймін. Жолда­сым Hyundai, Kia Motors көлік­терінің орынды­ғын құрастыра­тын зауытта жұмыс іс­тейді. Айына теңгеге шаққанда 800 мыңға жуық жалақы алады. Естуімше, сол за­уытта заңсыз жүрген қазақстан­дықтар да бар екен. Заңсыз жүр­гендердің кейбірі пәтер жалдайды, көбіне жұмыс берушілер жатақ­ханаға орналастырып, мезгіл са­йын тамақ та береді. Күйеуім отандастарымызбен жолығып қалып жатады. Соған қара­ғанда көп секілді, – деді.
Одан бөлек Ырысты Корея­дағы коронавирусқа байланыс­ты жағдай­дың қандай екенін баяндап, елге қашан оралатынын да жеткізді.
– Қазақстанда карантин енгізіл­генін естідім. Кореяда карантин бол­ған жоқ, тек қоғамдық орындарда арақашықтық ұстап, сақтанып жүру керек. 2 метрден әрі жақындамасаң болды. Ара-тұра жұмыс көп жерде дұрыс болмай қалады, бірақ кәсіп­орын­дар тоқтаған жоқ. Қайтадан рет­теліп жатыр. Байқағаным, мұнда медицина саласы өте қатты дамыған. Үкімет те барлығын дұрыс орындап отыр. Ал Кореяда түбегейлі қалатын ой жоқ. Елімізде жақсы өмір сүруге жететін қаражат жинағаннан кейін, қайта ораламыз, – дейді отандасымыз.
Бұл Кореяға барып табыс тапқысы келетіндердің соңғы көші емес екені анық. Баруды жоспарлап жүргендер жетерлік. Біз оларды кінәлай алма­сы­мыз белгілі. Себебі материалдық қажеттілік кімді болмасын алаңдатады. Осыған дейін қазақстандықтарға Кореяда балық және ауыл шаруа­шы­лығы саласында жұмыс істеуіне мүмкіндік беру жайы қаралған. Алайда 30 күнге ғана визасыз жүру құқығы жұмыс жайын қамтамасыз етпейтіні тағы айтылды. Мәселе жайында түрлі пікір білдірген адамдар да болды. Ке­тіп жатқандардың ішінде жоғары, орта білімі барлар да бар. Бір анығы, ол жақтағылар отандастарымызға тек қара жұмыс ұсынады. Бірақ жалақысы жақсы болса, азаматтарға істің ауырт­палығы әңгіме емес сияқты. Мысалы, тағы бір Азамат есімді Қызылорда қа­ласының тұрғыны Кореяға кету жай­лы жоспары бар екенін жасырмады.
– Мамандығым – журналист. Оқуды аяқтаған соң 5 жылға жуық облыстағы түрлі басылымдарда қыз­мет еттім. Кореядағы жалақының көптігі басты себеп болып тұр. Барып жұмыс істеп жатқан жігіттерді білеміз. Алдын ала келісіп қойғанбыз, тек карантин басталып, жол түспеді. Барсам, өкінбес едім. Қара жұмыс жасасам да жер көріп, ел танып қайтармын, – дейді.
    Түйін:

Қалтаны толтырудың жайын ойлап шетелге кетіп жатқандарды «қаңғыды» дей алмаспыз. Не де болса, нәпақасын еңбекпен табады. Дегенмен бұл – алаң­датарлық дүние. Заңсыз жүрген жерде олардың бас амандығы толғантпай қоймасы белгілі. Ендігі кезек оларды елге қайтарудың жолын ғана қарас­тырмай, азаматтардың шетелге кет­пе­уінің жолын ойластырған жөн шығар.

 

 width=   Мадияр ТӨЛЕУ