30 жылдық меже
30 жылдық меже
458
оқылды
Қазақстандағы президенттік институттың қалыптасуы мен қызметі еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ел тарихындағы рөлі 24 сәуір күні өткен «Президенттік басқару формасы: конституциялық негізі және саяси практика» атты халықаралық конференцияда талқыланды. Онлайн форматта өткен конференция Қазақстандағы президенттік институттың құрылғанына 30 жыл толуына арналды. Ұйымдастырушылар: Тұңғыш Президент – Елбасы Қоры, Конституциялық Кеңес, Абай атындағы ҚазҰПУ, Сорбонна-Қазақстан инс­титуты және Білім және ғылым министр­лігі Ғылым комитетінің Мемлекеттік тарих инс­ти­туты. Конференцияны Тұңғыш Прези­дент – Елбасы Қоры атқарушы директорының орын­басары Игорь Рогов және Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяған жүр­гізді. Конференцияның күн тәр­тібін талқы­лауға мемлекеттік қызметкерлер, жетекші ға­лым­дар, тарихшылар, саясат­танушылар, құ­қықтанушылар, Қазақстан және бірқатар шет елдің – Ресей, Франция, АҚШ, Түркия, Әзер­байжан, Қырғыз Рес­публикасы және т.б. жо­ға­ры оқу орындары­ның басшылары қатысты. Конференцияға Тұңғыш Президент – Елбасы Кеңсесінің басшысы Махмұт Қасым­беков, Конституциялық кеңес төрағасы Қай­рат Мәми, Әділет министрі Марат Беке­таев, Францияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Филипп Мартинэ, ЕҚЫҰ Бағдарламалық кеңсесінің басшысы Дьердь Сабо, Еуропа кеңесінің Венеция ко­миссиясының прездиенті Джанни Букиккио, Ресей Үкіметінің жанындағы Заңгерлік және салыстырмалы құқықтану институтының директоры Талия Хабриева қатысты. Елбасы Қорының атқарушы директоры Қанат Жұмабаев өзінің құттықтау сөзінде Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның да­муындағы басты рөлін атап өтті: «Қазақ­стан­ның Тұңғыш Президенті реформаларының негізгі өзегі Қазақстанның үдемелі дамуын­дағы жан-жақты ойластырылған стратегияға әрі көреген саясатқа негізделген. Оны сәтті жүзеге асыру халықаралық қоғамдастықта өзінің лайықты орны бар саяси және экономикалық тұрғыдан тәуелсіз, дербес, егеменді мемлекет құруға мүмкіндік берді». Өз кезегінде конференцияға қатысушы­лар Елбасының ұлтаралық келісім мен бей­бітшілік орнаған мемлекетті қалыптастыру­дағы маңыз­ды рөлін атап өтті. Сондай-ақ баяндамашылар Қазақстанның Тұңғыш Президентінің эконо­миканың дамуы үшін құқықтық база мен жағдай жасауға, шетел­дермен достық қарым-қатынас орнатуға бағытталған қызметінің маңызын атап өтті. Конференцияға қатысушылардың ай­туынша, Қазақстанның президенттік басқару формасы қалыптасу және даму жылдарында мемлекеттің демократиялық даму жолында табысты құруын, елде жаңа саяси жүйенің қабылдануын, мемлекеттік институттардың өзара іс-қимылын, тұрақтылығы мен тиім­ділігін күшейтуді қамтамасыз етті. Консти­туциялық Кеңес төрағасы Қайрат Мәми: «Қазіргі қолданыстағы Конституцияға сәй­кес, тежемелер мен теңестірмелер жүйесiн пайдалана отырып, заң шығарушы, атқару­шы және сот билігі тармақтарына бөлу қа­ғи­дасы бар биліктің біртұтастығына негіздел­ген түбегейлі жаңа президенттік басқару формасы құрылды. Мемлекеттік басқару тетігі қуатты әрі тұрақты бола түсті», – деді. Еуропа кеңесінің Венеция комиссия­сының төрағасы Джанни Букиккио тәуел­сіздік жылдарында Қазақстанда билік инс­титут­та­ры­ның нақты жұмыс істеуін қамта­масыз ету­дің маңызын атап өтті: «Қазақстан жүйесінде президенттік, атқарушы және заң шығарушы билік деп қатаң бөлінді. Де­мократияны құруға ниетті кез келген ел үшін билік бөлінісін жүр­гізу оңай емес. Ал мұнда оның іске асқанын көріп отырмыз. Венеция комиссиясы ынты­мақтастықты одан әрі дамыту үшін Қазақ­станмен жұмыс істеуге дайын». Америкалық саясаттанушы әрі журналист Ариэл Коэннің айтуынша, Қазақстандағы президенттік билік елдегі адам ресурстарын дамытып, инвестиция тартуға үлесін қосты. «Қазақстанда президенттік биліктің орнауы елдің даму жолындағы маңызды қадам болды. Мұны біз елдің саяси, экономикалық, мем­ле­кеттік жаңғыру нәтижелері бойынша көріп отыр­мыз. Президенттік билікті жүзеге асыру, Елбасының мемлекеттің саяси бағытын пайым­дау – барлық жетістіктің, оның ішінде адами капиталды дамыту мен елге инвестиция тартудың түп негізі», – деді А.Коэн. Жалпы, спикерлер президенттік институтты жүзеге асыру республикадағы қазіргі және болашақ­тағы әлеуметтік-экономикалық өзгерістер үшін берік іргетас болды деген ортақ пікірге келді. Елбасы Н.Назарбаев 1990 жылы 24 сәуірде алғаш рет Қазақ ССР-нің президенті болып сайланды. Дауыс бергендер Қазақ ССР Жоғар­ғы Кеңесінің депутаттары еді. Ал 1991 жылы желтоқсанның 1-інде тұңғыш рет Қазақстан Республикасы Президентінің жалпыхалықтық сайлауы өтті. Сайлау нәти­жесінде Н.Назарбаев басым дауыспен жеңіске жетті.  

Әлихан ИСМАН