– Карантин коронавируспен күрестің тиімді тәсілі екенін толықтай дәлелдеді. Бүгінде коронавирус індеті әлемнің 185 еліне тараған болса, BBC-дің ақпараты бойынша сәуір айының басына қарай әлемнің жүзден астам мемлекеті толықтай не жартылай карантин режиміне көшкен. Қазақстан да осы қатарда, уақытылы іс-шаралар қабылдап, 16 наурызда елімізде төтенше жағдай режимі жарияланды, қатаң карантиндік шектеулер белгіленді. 27 сәуір күні Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев төтенше жағдай режимін 11 мамырға дейін ұзарту туралы шешім қабылдағанын жеткізді. Бұл – індеттің шарықтау шегінен өтпеген елімізге, ең біріншіден азаматтардың денсаулығы қымбат, мәжбүрлі шара.
Десек те, Қазақстанда оқшаулану режимінен байыппен әрі кезең-кезеңімен шығу процесі басталып кетті. 20 сәуірден бастап елорда мен Алматыда өнеркәсіп кәсіпорындары, құрылыс, жол құрылысы және көлік компаниялары, банктер мен халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысын бастаған болатын. Осы аталған үлгі ахуалды бақылауда ұстап отырған өңірлерге де енгізілмек. Сонымен қатар Президент бүгінгі мәлімдемесінде 1 мамырдан елорда мен Алматы арасындағы рейстер ашылатынын, аулаларды және ойын алаңдарын ашу мәселесі де қаралатынын айтты. Әлем елдеріне назар аударсақ, қалыпты өмірге дайындық процесі коронавирустан қатты зардап шеккен Италия, Испания мемлекеттерінде де қолға алына бастағанын көреміз. Бұл мәселеде бастысы, Президент ескерткендей, ахуалды бақылауда ұстауға мүмкіндік беретіндей жүйелілік, кезеңдік, түсіністік маңызды.
Осылайша, еліміз қазірден посткризистік кезеңдегі ауқымды өзгерістерге дайындалуда. Қазақстан экономика, мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау бағыттарында кешенді шараларды қолға алмақ. Төтенше жағдай режимі аяқталғанша экономикалық дамуды қалпына келтіру жөнінде кешенді жоспар әзірленбек. Мемлекеттік саясатта денсаулық сақтау саласы алдыңғы орынға шықпақ. Халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы жаңа кодекс осы саланы жетілдіруге негізделген тың бағыттар мен бастамаларды айқындайды.
Жалпы алғанда, коронавирус індетімен күресуге бағытталған жүйелі мемлекеттік саясат аз уақыттың ішінде өз нәтижесін көрсетіп, еліміз посткризистік кезеңге дайындалуды бүгіннен қолға алып жатыр.