Қазақстан Президенті елдің Конституциясына және халықтың сеніміне сүйене отырып, елдің қарыштап дамуына ықпал ететін бүкіл саяси тетіктің өзегіне айналды. Конституциялық реформалардың нәтижесінде президенттік басқару нысаны жетілдіріліп, онда Парламент пен Үкіметтің дербестігі мен жауапкершілігі дәйекті түрде күшейе түсті.
Қазір қазақстандықтар өз талабын, мүддесін кімге болса да, қандай деңгей шеңберінде де қоя алады, тұлғалық субъективті көзқарасын жасқанбай білдіреді. Бұл – көзге көрінбейтін, өте үлкен жетістік. Еркін «мен» дей алатын қоғам қалыптасты. Адам жүйенің, басқа бір империяның құлы емес, еркін елдің ұлына айналды. Осындай құқықтық мінез, құқықтық мәдениет пен сананы қалыптастырған және оны жариялаған – осы Конституция. Оның 25 жылдығын атап өту бір формалды шара емес, ол кең қауымға өмір сүруде басты құжатың бар, ол сенің қорғаушың, еркіндік, заңдық кепілің деп тағы да есіне салу. Ата заңның құндылық маңызын көтеру, ұлттың мәдениетін қолдап, өркениетке жол сілтеу үшін керек. – Осы орайда, қандай ірі, мазмұнды іс-шаралар жоспарланған және өткізілуде? – Барлық өңірлерде арнайы шаралар өткізілуде. Жыл басынан бері облыстарда тақырыптық конференциялар, дөңгелек үстелдер және басқа да форумдар ұйымдастырылды. Әрине, пандемияға қатысты қазіргі жағдай бұл жұмыстың қарқынына әсер етіп отыр. Біз электронды форматты бұл бағытта пайдаланып жүрміз. Жоғары оқу орындары студенттері арасында эссе конкурсы өткізіліп, қорытындыланды. Жақында мектеп оқушылары арасында конституциялық құндылықтар жөнінде сурет салу конкурсы аяқталды. Олардың туындыларын біз арнайы жинақ ретінде шығармақпыз. Еліміздің белгілі конституциялық құқық мамандарының, құқық қорғау, сот органдары өкілдерінің қатысуымен дәрістер өткізу жоспарланған. Медиа-жоспарға сәйкес, баспасөзде арнайы материалдар жариялануда. Кеңес бірнеше кітап, альбом, жинақтар дайындады. Президент Жарлығымен мерекелік медаль тағайындалды. Ұлттық банк арнайы монеталар, Қазпошта маркалар әзірлемек. Негізгі шаралар Конституция күні қарсаңында болмақ. Тамыздың соңында өтетін халықаралық конференцияға дайындық жүріп жатыр. Конституция аптасы өтпек. Оның аясында тегін заң кеңесін беру, вебинарлар, талқылаулар және басқа да шаралар қарастырылады. Бұл жұмысқа адвокаттар, нотариустар, сот орындаушылары, халыққа қызмет көрсету орталықтары тартылады. – 2019 жылдың қарашасынан бері Конституциялық Кеңес Азиялық конституциялық соттар қауымдастығына төрағалық етіп келеді. Бұл халықаралық қауымдастықтың тиімділігі неде, бізге не береді? – Қарапайым тілде айтсам, адам көршісімен не алам, не пайда табам деп араласпайды. Араласу, қауымдасу – өмір сүрудің заңдылығы. Әлемде көптеген елдерде конституциялық әділет жүйесі бар, олар халықаралық құқық аясында жұмыс істейді. Біз де жалпы жұрт таныған халықаралық құқықты құрметтейміз, талабын орындаймыз. Бұл – ежелден қалыптасқан әлемдік тәртіп. Азиялық конституциялық соттар қауымдастығы 2010 жылы Джакартада құрылған. Ол 18 мемлекеттен тұратын тәуелсіз, автономды ұйым. Мақсаты – конституциялық мәселелер бойынша ынтымақтастық орнату. Оның аясында кездесулер, симпозиумдар, семинарлар өткізу, тәжірибе алмасу көзделген. Біз Азия континентіне жататындықтан, ортақ ұқсастығымыз көп. Осы жылдарда Қауымдастық үш конгресс өткізді. Енді біз төраға ретінде төртінші конгресті дайындап жатырмыз. Азиялықпен қатар біз Конституциялық бақылау органдарының еуразиялық қауымдастығына да басшылық етудеміз. Оған 9 ел мүше. Мұндай шаралар еліміздің құқық саласындағы жетістіктерін әлемге танытып, халықаралық беделін көтереді, сырт бізді өркениетке қадам басқан жетілген ел деп мойындауды білдіреді. – Биыл қаңтарда Кеңес «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның кей тұстарын Конституцияға сай емес деп таныды. Көпбалалы отбасының бір перзенті ержетіп, өз алдына отау тігіп, үй алса, оның әке-шешесі басқа балаларымен бірге жалдамалы пәтерден қуылатын еді. Мұндай кемсітуші заң қалай өтіп кеткен? – Жыл басында Конституциялық Кеңес Алматы қаласы Алатау аудандық сотының «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 107-бабы 8) тармақшасын конституциялық емес деп тану туралы ұсынысын қарады. Конституциялық Кеңестің бұл отырысы Қазақстанның конституциялық даму үрдісінде елеулі оқиға. Оның жұмысына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Конституциялық Кеңестің ғұмыр бойы мүшесі ретінде бірінші рет қатысты. Өтініште көтерілген мәселе өте маңызды еді, өйткені ол азаматтардың тұрғын үйге деген конституциялық құқықтарын қамтамасыз етумен тығыз байланысты. Кеңес аталған баптың дау тудырған нормасын Ата заңға қайшы деп тапты. Заңның қолданыстағы редакциясы көпбалалы отбасын мемлекеттік тұрғын үй қорынан жалға алынған пәтерден шығару туралы шешімді барлық отбасы мүшелерінің мүдделерін ескере отырып қабылдауға мүмкіндік бермей, керісінше олардың тек біреуінің ғана басқа тұрғын үйді алу фактісі бойынша бәрін үйден шығаруға итермеледі. Конституциялық Кеңес өз шешімінде – жалға алған тұрғын үйді пайдалану кезеңінде азаматтың тұрғын үйге мұқтаждығы үнемі ескерілуі керек екеніне баса назар аударды. Мұндай жағдай анықталғанда отбасы мүшелерінің саны, жалға алынған және алынған пәтердің алаңы, тұрғын үй беру нормалары назарға алынуы керектігіне назар аударды. Сонымен қатар бұл норманың мемлекеттік және орыс тіліндегі мәтіндерінің мағыналық сәйкессіздігін де атап кетті. Жалпы, заңдарда олқылықтар кездесіп тұрады. Оның Ата заңға сәйкестігін тексеру – Кеңестің жұмысы. Кейбір заңды конституциялық талаптарға қайшы деп тану автоматты түрде заң шығарушы органның кәсіби деңгейінің төмендігін білдірмейді. Мемлекет тетігінде Кеңес сияқты органның құрылуы заңнамада сәйкессіздіктің болуын болжайды және оларды дер кезінде жоюға бағытталған. Сондықтан бұл – қалыпты жағдай. Конституциялық Кеңес заңдылықтың Ата заңға сәйкестігін өз бетімен тексере алмайды. Ол бұл жұмысты тиісті субъектілердің өтініші болғанда ғана қарайды. Осындай өтініштер көп болса, соғұрлым заңнама тазарады, Конституция аясында дамиды. – Әлемде Конституциялық сот деген бар, оған азаматтар тікелей шағымдана алады. Заңдағы олқылықтарды түзеу және дамыған елдер тәжірибесін енгізу үшін бізде де халықпен тікелей жұмыс істейтін осындай сот құру қажет пе? – Бұл сұрағыңыз кең көлемде жауап беруді талап етеді. Конституциялық бақылау институты екінші дүниежүзілік соғыстан соң адамзат баласын жәбірлену мен зорлықтан сақтаудың амалы тек Конституция үстемдігі, адам құқы, оның құндылығын паш ету, онымен санасу дағдысын қалыптастыру, қорғау мақсатында құрылған болатын. Әлемде конституциялық әділет органдарының моделі көп. АҚШ-та конституциялық қарама-қайшылықты Жоғарғы сот және штаттық сот қарайды. Ал Австрия, Германия және басқа да еуропалық мемлекеттерде бұл мәселе Конституциялық соттың құзырына кірсе, Франция, Алжир сияқты елдерде Конституциялық Кеңеске жүктелген. Ауғанстанда Конституцияның орындалуын тексеру жөніндегі тәуелсіз комиссия деген орган бар. Жалпы, осы органдардың барлығы, атауларының айырмашылығына қарамастан, конституциялық бақылау функциясын жүзеге асырады. Олардың мақсаты бір – Ата заңның үстемдігін және оған заңнама мен құқық қолдану практикасының сәйкестігін қамтамасыз ету. Сіз айтқандай, біраз елдерде азаматтар Конституциялық сотқа заңның олқылықтарына тікелей шағымдануға құқылы. Бізде тұлғалардың осындай мүмкіншілігі жалпы соттар арқылы жүзеге асырылады. Нақты азаматтық, қылмыстық және басқа да істерді қарау кезінде судья өзі немесе процеске қатысушылардың өтініштері бойынша адамның құқықтарына нұқсан келтіретін заңды конституциялық емес деп тану туралы ұсыныспен Кеңеске жүгінуге қақылы. Мойындау керек, Конституциялық кеңеске өтініш беру қарқыны көңіл толарлықтай емес. Соңғы уақытта жоқтың қасы деуге болады. Ондай жағдайдың қалыптасуына судьялар белсенділігінің төмен деңгейі ғана емес, ұйымдастырушылық проблемалары да ықпалын тигізуде. Соттар қолданысқа енгізілген құқықтық актілердің конституциялылығын тексеру туралы ұсыныстармен Конституциялық Кеңеске жүгіну мүмкіншілігін кеңінен пайдалану қажет. Конституциялық сот идеясына қайта оралсақ, бұл мәселеде органның атауы емес, оларды өз міндетін тиімді атқаруға қажетті өкілеттіктің болуы маңызды. Осы тұрғыдан қарағанда, Конституциялық Кеңестің құзыры Конституциялық соттан еш кем емес. – Алдымызда мамыр айының мерекелері келе жатыр. Оқырмандарға қандай тілегіңіз бар? – Мамыр айында біз бірнеше айтулы мерекелерді атап өтеміз. Олардың мәні өте зор. Қазақстан халқының бірлігі күні – біз баға жетпес байлығымызды, туған ел игілігі жолындағы ырысты ынтымағымызды дәріптейміз. Отан қорғаушы күні – ардагерлеріміз бен бүгінгі сарбаздарымызды қадірлейтін мереке. Сонымен қатар биыл – Ұлы Жеңіске 75 жыл. Ұлы Отан соғысына елімізден 1,2 миллионға жуық қазақстандық майданға аттанып, жартысы оралмады. Ал қанқұйлы соғыстан аман қайтып, әлі күнге дейін арамызда тірі жүрген ардагерлеріміз жылдан-жылға азайып бара жатыр. Соғысқа қатысқан бабаларымыздың ұмытылмас ерлігіне бас иіп, тағзым етуіміз – ұрпақ парызы. Фашизмге қарсы тұрғандардың арасындағы алғашқылардың бірі менің әкем еді. Біз олардың теңдессіз табандылығы мен қаһармандығын ешқашан ұмытпауымыз және насихаттауымыз керек. Ол – өскелең ұрпақтың патриотизмін нығайтудың бірден-бір жолы. – Сұхбатыңызға рақмет!Сұхбаттасқан Әлихан ИСМАН