24 сәуірде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізіп, мемлекет азық бағасын бақылауда ұстау қажетін ескертті. «20 сәуір күні тарихта алғаш рет мұнай бағасы кері кетті. Әлемдік нарықта теңгерім жоғалды. Пандемия мен өндірістік құлдыраудан кейін жаһандық қаржылық дағдарыс болады деп болжанған. Келесі кезең әлемдік азық-түлік дағдарысы болуы мүмкін. Бұл бірқатар шиеленіс пен қарбалас туғызады», – деді Н.Назарбаев. Сөйтіп, азық-түлік дағдарысының қауіпті құбылыс екенін тұспалдады. Ал біз Елбасының пікірінен кейін «Қазақстанда мұндай дағдарыс болуы мүмкін бе?» деген сауалдың да кесе-көлденеңдегенін жасырмаймыз. «Қарақұмық таусылса, тары ботқасы бар. Одан бөлек, бізде картоп барын ұмытпаңыздар. Демек, біз аштан өлмейміз». Бұл – Беларусь президенті Александр Лукашенконың қарақұмық бағасының шарықтап кетуіне байланысты халыққа басу айтқан сөзі. Рас, Батька айтса айтқандай, оларда картоп көп. Әлемде бекітілген норма бойынша бір адам жылына 130 келі картоп жеуі тиіс болса, Беларусь елінде көрсеткіш 183 келіден айналады. Ел президенті жыл сайын өзі бас болып, картоп егіп, 6 млн тоннадай өнім алып отыр. Дегенмен құр картоптың өзі адамға ас бола қоймасы анық. Бұл мысалдың біздің елдегі көрінісі қандай? Қазақстанда азық-түлік тапшылығы болуы мүмкін бе? Әрине, егер коронавирустың аяғы азық тапшылығына әкелсе, жағдай шынымен де қиынға соғары анық. Әсіресе, ауыл шаруашылығы өнімін импорттаушы елдерде бұл мәселе күрделірек. Өйткені коронавирус дүрбелеңі дүниежүзін әбігерге салып, қазірдің өзінде азықтың кейбір түріне тапшылық туындатты. Мысалды алыстан іздемей-ақ, түбі бір туысқан көрші елдерде ахуал өзгергенін көріп отырмыз. 27 наурызда Түркіменстанда нанның кезегінде тұрған ер адамның қайтыс болғаны хабарланды. Әдетте, Ашхабад ақпаратты ашық таратуға сараң, дегенмен БАҚ-тарда жарияланған деректерге сүйенсек, мемлекет бақылауындағы дүкендерде тұрғындар азық-түлік кезегіне сағаттап тұруға мәжбүр. Ал Тәжікстанда күнделікті жейтін өнімнің кейбірі лимитпен сатылуда. Әсіресе, картоптың бағасы қымбаттап, бір адамға 5 келіден артық алуға шек қойылды. Тәжікстан жыл сайын қажетті көлемді Қытайдан және Өзбекстан мен Ресейден алатын, қазіргі шекарадағы импорттық тыйымдар жағдайды қиындатып отырса керек. Елде сондай-ақ астыққа қатысты да мәселе бар. 27 сәуір күні үкімет астық және бұршақ экспортын тоқтатты. Тәжікстанның қай елдерге астық экспорттайтыны жайлы мәлімет жоққа тән, шамасы аз көлемде болса керек. Өйткені бидай мен ұнды сырттан сатып алады. 2019 жылы Тәжікстан 1 млн тонна астық пен 56 мың тонна ұн импорттаса, биылғы пандемия дүрбелеңі кезінде қор жинауды күшейткенін байқауға болады. Мәселен, қаңтар-ақпан айларында республика 14,6 мың тонна ұн (3,5 млн доллар) сатып алған. Айта кету керек, бидай мен ұнның қажетті көлемін Қазақстаннан сатып алады.
БИДАЙ МЕН КАРТОПТЫҢ КӨЛЕМІ ҚАНША?
«Басқа түссе, баспақшыл» дегендей, өнімнің кейбір түрлері азайса, ауызды тыйып, азғантай уақыт нан ғана жеп отыруға шыдармыз. Шүкір деуге болар, бізде бидай жеткілікті. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың 21 сәуір күні «Айқынға» берген сұхбатына сүйеніп айтар болсақ, қоймадағы таза бидайдың көлемі – 3,8 млн тонна. Оның 1,8 млн тоннасы биылғы егіске жұмсалатын тұқымдық өнім. Күздегі қырман науқанына дейін тұтынуға 600 мың тонна қажет десек, қоймада астық артығымен тұр. Ал картоптың жайы қандай? Батька құсап, «қарақұмық бітсе, картобымыз бар, біз аштан өлмейміз» деп айта аламыз ба? Дәл қазіргі күні республикамыздағы сақтау қоймаларында 35-40 мың тонна көлемінде картоп бар. Қазақстанның «Картоп және көкөніс өсірушілер одағының» төрағасы Қайрат Бисетаевтың айтуынша, бұл – тұқымға себілетін картоптан бөлек, халықтың күнделікті ішіп-жеуіне арналған картоп. Ішіп-жем демекші, еліміздің тұрғындары бір айда 40-50 мың тонна картоп жейді екен. Демек, қордағы картопты әрі кетсе ай жейміз деген сөз. «Мамыр айының соңында Түркістан облысынан ерте пісетін өнім келеді, оған қоса Үкімет Өзбекстанмен келісім жасасып қойды. Егер тапшылық туындаса, Ташкент жеткізіп беруге келісіп отыр», – деді Қайрат Бисетаев. Қазақстанның картоп өндірісі жөнінен ішкі нарықты қамтитын мүмкіндігі жоғары. Тек сақтау қоймаларының аздығынан ерте көктемде өнімге зәрулік байқалады. «Жылда көктемде Өзбекстаннан сатып аламыз да, күзде өзіміздің картоп піскенде өздеріне сатамыз. Соңғы жылдары жылына 200 мың тонна картоп экспорттайтын болдық. Өнімнің негізгі бөлігін Өзбекстан мен Ресей сатып алады» деп атап өтті Қ.Бисетаев.ҚЫМБАТШЫЛЫҚ – ҚАУІПТІҢ БАСЫ
Шынын айту керек, өнім көлемі жеткілікті болғанымен, бағасы қымбат болса – ол да үлкен қауіп. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 31 наурызда Үкімет пен әкімдерге отандық өнімді кепілді сатып алу тетігін әзірлеп, бағаның қол жететіндей болуын қамтамасыз етуді тапсырған. Осылайша, азық-түлік маңызы жоғары тоғыз түрлі тауарға шекті баға бекітілді. Олар – бірінші сұрыпты ұн, нан, макарон (өлшеп сатылатын түрі), қарақұмық жармасы, күріш, сиыр еті, жұмыртқа (І санат), өсімдік майы және ас тұзы («Экстрадан» басқасы). Ауыл шаруашылығы вице-министрі Айдархан Сапаров 24 сәуірде өткен брифингте форвардтық сатып алу тетігі бойынша 365 мың тонна жұмсақ бидай, арпа, қарақұмық, майлы дақылдар қаржыландырылатынын айтты. «Бұл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізіміндегі өнімдерді өндіруге арналған шикізат. Оларды сатып алуға 24,5 млрд теңге қажет», – деді ол. Вице-министрдің айтуынша, мемлекет форвардтық әдіс бойынша фермерлерге алдын ала төлем аударуды жоспарлап отыр. Қалған сома күзде нарықтық баға негізінде есептеліп беріледі. Ол бойынша өнімді «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» қабылдап, жергілікті әкімдік бекітеді. Бұл күздегі жаңа өнім көлемін көбейтіп, азық-түлік тапшылығының алдын алуға жасалған қадам. Алайда қазіргі сәттегі қымбатшылықты ауыздықтау – негізгі мәселенің бірі. Жоғарыда Үкімет тоғыз түрлі тауарға шекті баға қойғанын айттық, яғни ол әр өңірдің ерекшелігін ескере келе бекітілген. Егер кәсіпкер шекті бағадан асырса айыппұл салынады. Мәселен, бірінші жолы – 277 800 теңге және 1 жыл ішінде ережені сақтамай тағы бұзса 555 600 теңгеге дейін барады.ШЕКТІ БАҒАҒА ДА ТАЛДАУ КЕРЕК
Дегенмен нарық заңына орай, мұндай әкімшілік тұрғыда жұмыс істейтін тетіктің зиянды жағы да байқалып отыр. Бизнес-омбудсмен Рустам Жүрсінов өзінің Facebook парақшасында өңірлердегі атқарушы органдар шекті бағаны енгізгенде жан-жақты талдау жүргізбегендіктен кәсіпкерлер зиян көріп жатқанын жазды. Кәсіпкерлердің құқығын қорғаушы уәкілдің жазбасынан қысқаша үзінді келтіре кетейік: «Сауда желілері мен үй жанындағы дүкендер тізімге енген өнімдерді енгізілген шекті бөлшек бағадан әлдеқайда жоғары бағамен сатып алатыны анықталды. Мысалы, Ақтөбе облысында бірінші сортты бидай ұнының шекті бағасы 1 келі үшін 146 теңге деп белгіленген, алайда факті бойынша құны 180 теңгені құрайды. БҚО-да І санаттағы он жұмыртқаның шекті бағасы 275 теңге мөлшерінде белгіленген, бірақ нақты бағасы 400 теңге. Өзге өңірлердегі жағдай да осыған ұқсас. Шекті бағалар мәселесінде нүкте әлі қойылған жоқ. Сауда және интеграция министрлігі шекті бағаны қайта қарауға келісті. Бұл мәселені жақын арада шешеміз» деп жазды Рустам Жүрсінов. Айта кету керек, төтенше жағдай кезінде де, одан шыққаннан кейін де азық-түлік қауіпсіздігінің деңгейі оның көлемімен ғана емес, бағасымен де өлшенеді. Қазіргі жағдайда қоймадағы азық тұтынушының қолына жеткенше құны еселеп өскенін көріп отырмыз. Әрине, бұл жерде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің де мүддесін ескерген жөн. Дегенмен ортадағы делдалдық кәсіпті азайтып, қолдан жасалып отырған көлеңкелі бизнеске тосқауыл қоймаса, бюджет ақшасы желге ұша берері анық.Бауыржан БАЗАР