Осы бағытта қабылданған құжаттың бірі – Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы.
Оның аясында 250 мыңнан астам азаматты жұмыспен қамтамасыз ету көзделеді. Ол үшін
1 трлн теңге қарастырылды.
Азия елдерінде «Дүлей дауыл соққанда, қорған құрудың орнына, жел диірменін салған жөн» дейді екен. Бұл – мүмкіншілікті қолдана білу туралы айтылған ой.
Біз де осы жолмен жүргенді дұрыс көріп отырмыз.
Аталған бағдарлама арқылы 6 506 жоба іске асырылады.
Тек әлеуметтік салаға қажетті жаңадан 144 нысан салу көзделіп отыр. 1 678 білім саласына қажетті мектептер, интернаттар, балабақшалар жөндеуден өтеді. Мұның бәрі болашағымызға қосылатын активтер, себебі бұл нысандар – ертең қаншама адамға тұрақты жұмыс орны болатын, халыққа қажетті қызмет ұсынатын, көптеген жылдар қоғамға қызмет ететін орындар.
Жаңа бағдарлама аясында денсаулық сақтау саласына қажетті 264 нысан (ФАП, СДА, аурухана) салынады, немесе осынша елді мекеннің халқы сапалы медициналық көмекпен қамтылады деген сөз.
23 сәуір күні Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласында 200 орындық жаңа инфекциялық аурухананы ашты. Айта кетерлік ой, бұл – тәуелсіздік тарихында алғашқы рет барлық жаңа технологиялық мүмкіндіктерді қолдана отырып, 2 апта ішінде салынған объект. Қолдану мерзімі – 50 жыл.
25 сәуірде дәл осындай аурухана Алматы қаласында ашылды. Ендігісі Шымкент қаласында іске қосылады.
Бұл – ұлт денсаулығына қатысты қауіпті азайту, халқымыздың жаны да, тәні де сау болуына жағдай жасау мүмкіндігі.
Мәдениет саласы бойынша 301 ауыл клубы мен мәдениет үйін, 228 спорт кешенін салу және жөндеу жоспарланып отыр.
Бұл – халықтың рухани өсуіне, денсаулығын шынықтыруына жасалған мүмкіндік.
Сонымен қатар әлеуметтік қамтамасыз ету бағытында 137 интернат, өрт сөндіру деполары мен халыққа қызмет көрсету орталықтарын, 39 тұрғын үй мен жатақхана салу көзделген.
Бұл – азаматтарымыздың баспаналы болуы, жұмыспен қамтылуы, қауіпсіз өмір сүруі және қажетті құжатын қиналмай алуына жасалған алғышарт, жақсы мүмкіндік.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында 390 сумен қамтамасыз ету, 218 газ және жылумен қамтамасыз ету, 171 электр жүйесі нысандары салынады.
Қалалар мен ірі облыс орталықтарының жылумен жабдықтау кәсіпорындарының техникалық жағдайын жақсарту, жылумен жабдықтау қызметінің сенімділігі мен сапасын арттыру, жылу желілеріндегі шығындарды азайту, сонымен қатар коммуналдық қызметті ұсынатын кәсіпорындардың тиімділігін арттыру арқылы жайлы өмір сүру мүмкіндігі.
Елді мекендерде 489 көше, 267-ден астам саябақ, 130 балалар алаңын абаттандыру мен көгалдандыру қолға алынады.
Бұл – өмір сүретін жерімізді, әлеуметтік айналамызды жақсарту, өңірлерімізді дамыту, елді мекендерді жаңарту мүмкіндігі.
Осы жылдың соңына дейін республика бойынша 4 000 шақырым асфальт жол төселеді, 1,5 мың шақырым жолда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 35 көпір мен бөгет жөндеуден өтеді.
Жол – мемлекеттің күретамыры, одан қаншама артериялар тарайды. Оның барлығы – халықтың іскерлік қабілетін дамытып, шағын бизнестің дамуына бастау болатын мүмкіндік.
Мысалы, тек Қарағанды облысында облыстық және аудандық деңгейдегі 533 шаршы метр автожолды жөндеу қарастырылған. Нәтижесінде, жолдың сапасы 84 пайызға жақсарады,
1 500 адам жұмыспен қамтылады.
Қостанай облысы Жол картасын іске асыруға алғашқылардың бірі болып кірісті. Бүгінгі таңда жоспарланған 275 жобаның 129-ы бойынша конкурс жарияланған, 58-і бойынша конкурс қорытындысы шығарылып, 6 жоба бойынша жұмыс басталды. Жоспар бойынша 13 435 жұмыс орны ашылады, соның 211-і іске қосылған.
Жол картасы шеңберінде Шығыс Қазақстан облысында ұлы ақынның 175 жылдығына арналған «Абай Құнанбаевтың үй-жайы кешені» жобасын, Түркістан қаласы бойынша Ясауи музейінің құрылысын іске асыру қолға алынып отыр.
Бұл – ұрпаққа рухани азық болатын, туризм арқылы елімізді әлемге танытатын ұзақмерзімді, халыққа белсенді қызмет атқаратын жобаларды іске асыру мүмкіндігі.
Естеріңізге сала кетейін, 2000 жылды, жаңа ғасырды қарсы алып жатқанда, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы «Нені армандайсыз?» деп сұраған тілшіге «Қазақстан халқының 15 миллионға жетуін армандаймын» деген еді.
Сондықтан бұл Жол картасын «Мүмкіншілік жолы» деп айтуға болады. Жалпы, мемлекет тарапынан қабылданып жатқан шаралар нәтижесінде 1,1 млн-ға жуық азаматты жұмыспен қамтамасыз етеміз. Аталған жобаларды іске асыру үшін 90 пайыздай отандық өндірушілердің әлеуетін пайдалану міндеттеліп отыр. Егер қажетті өндіріс бүгінде жоқ болса, оларды құру керек, мұның өзі ішкі бизнесті дамыту мүмкіндігі. Негізі, пандемия әлемдік өркениеттің дамуын өзгертті. Әлем пандемияға дейінгі және кейінгі болып екі кезеңге бөлінді. Коронавирус карантині барша мемлекеттерге сын сағатына айналды. Біз де сол сын сағатта 30 жылда атқарған жұмысымызды саралап, ел болып емтихан тапсырып жатырмыз. Жетістіктерімізді бағалап, кемшіліктерімізді саралап, тұжырым жасаудамыз. Біріншіден, бейбіт өмірдің батырлары – ақ халатты абзал жандар, дәрігерлерге; біздің балаларымызға білім бұлағын ашып, әр үйдің еркесімен тіл табысып, оларға отаншылдық тәрбие беріп жүрген ұстаздарға; алғы шепте жүріп, алғашқы соққыны өздеріне алатын әскери қызметтегі шекара, полиция, кеден қызметкерлеріне; халықты болып жатқан жаңалықтармен уақытылы таныстырып, қабылданған шараларды жеткізіп жүрген журналистер қоғамына деген ризашылық ниет, адами алғыс, сыйластық артты. Баршасына рақмет. Екіншіден, білім мен ғылымның сапасын арттыру; цифрлы қызмет көрсету бағытын жетілдіру, халықты оны қолдануға үйрету; қашықтан қызмет көрсету саласын кеңейту; отандық ішкі бизнес жүйесін қалыптастыру сияқты бағыттарда атқаратын жүйелі жұмысты жоспарлау және іске асыру міндеті айқындалды. Бұл жағдай болашағымыз үшін қажетті бағыттарды нақтылады. Үшіншіден, өмірімізге қажетті қағидаттарды анықтады – ұқыптылық пен үнемшілдікке үйрену, қолда бардың қадірін білу, тәртіпті тәрбиенің негізіне айналдыру қажетін түсіндірді. Төртіншіден, Қазақстанның әр азаматы елі, халқы, мемлекеті үшін және өзі, отбасы үшін жауапты екенін тереңінен ұқты. Елбасының үндеуімен Birgemiz қоры құрылып, елдегі ауқатты азаматтардың қолдауымен 23 млрд теңгеден астам қаржы аударылды. Қор арқылы 362 мың отбасына 50 мың теңгеден көмек көрсетілді; әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына 5 млн бетперде таратылды; алғы шепте жүрген 2 112 дәрігерге қаржылай көмек берілді. Осы бағыттағы жұмысты іске асыруда, карантинге қарамастан мыңдаған жастар еріктілер қатарында белсенді қызмет атқарып жүр. Мәдениет пен өнер саласының қызметкерлері әлеуметтік жүйе арқылы мұражайларға экскурсия, жеке шығармашылық концертін ұйымдастырып, халықтың көңілінен шығып отыр. «Бірлесе көтерген жүк жеңіл» деген сөз осы болар. Бүгін қоғам болып атқарып жатқан осы шараларымыз болашағымызға негіз болатыны анық. Қазақтың салт-дәстүрі және оның ғылыми негіздері жинақталған «Ағаш бесіктен жер бесікке дейін» (А.Нүсіпоқасұлы, Ә.Жапарұлы) деген кітапта Аманат деген киелі ұғым терең түсіндірілген. Осы ұғым адамға артылатын жауапкершіліктің негізі екен. Атадан қалған 7 аманат: көз аманаты; құлақ аманаты; тіл аманаты; қол аманаты; аяқ аманаты; жүрек аманаты; бас аманаты. Осы аманаттардың барлығы бүгінгі таңда әрқайсымыздың алдымызда тұр. Көз аманаты – халық үшін жасалып жатқан жақсылықты көре білу, бағалау. «Бірін-бірі батыр» дейтін халықтың ұрпағы мұны жақсы түсінеді. Құлақ аманаты – халықты аман сақтау үшін айтылып жатқанды тыңдап, үндеп жатқанды қолдау. «Еститін мемлекеттің» негізгі қағидасы осы – бірін-бірі тыңдай білу. Тіл аманаты – жақсы сөз сөйлеп, жабырқағанды жадырату, жақсылықты тарату. «Жақсы сөз – жарым ырыс» екенін ата тарихымыз дәлелдеген. Жалған ақпаратқа емес, ресми ақпаратқа сену. Қол аманаты – ізгілікке сүйеуші, қиналғанға демеуші болып қол ұшын беру. Бүгінгі таңда қаншама қоғамдық қорлар мен еріктілер жұмыс істеп жатыр. Соларға және ізгілікті істерін жария етпей істеп жүрген абзал азаматтарға алғыс айту. Аяқ аманаты – өз халқыңмен бірге аяқ басып, қажетті шектеуде қадамыңды қысқартып, ақ жолдан таймау. Шетелге қыдырып кетіп, қиын кезде қосымша мәселе, керексіз шығын шығартып отырған жандарға құлаққағыс. Жүрек аманаты – қанын да, жанын да таза ұстау. Уайымға берілмей, денсаулығыңа, ақыл-ойыңа жауапты болу. Бас аманаты – өз амандығыңа, отбасың мен қоршаған әлеуметтік ортаңа, ел амандығына деген жауапкершілік. «Аманатқа қиянат қылма» деген бабаларымыздың қағидасы бүгін біз үшін өте маңызды. Бүкіләлемдік экономиканың 2,8 пайызға құлдырауына әкеліп соққан дағдарыс біздің беріктігімізді сынаққа салуда. Бүгінгідей қиын-қыстау кезеңде бізге ынтымақ пен ауызбіршілік, кеңдік пен кемеңгерлік, сабырлылық пен іскерлік қажет. Елбасы мақаласында «Бұл – бүкіл әлем мемлекеттеріне түскен зор ауыртпашылық. Біз оны осындай сын сағатта септігін тигізетін халқымыздың төзімділігі, ерік-жігері және өзіне деген зор сенімі арқасында міндетті түрде жеңіп шығамыз. Ол үшін бізге қажетті нәрсе – қаржы-қаражат, материалдық ресурс, техника, азық-түлік – бәрі бар. Алаңдайтын, әбіржитін еш негіз жоқ», – деді. Иә, берекеміз ауызбіршілікте, ырысымыз ынтымағымызда! Біз қашанда біргеміз!