«Ең бірінші байлық – елдің амандығы» – ұстаз, Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова
«Ең бірінші байлық – елдің амандығы» – ұстаз, Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова
406
оқылды
– Бүкіл әлемді дүр сілкіндіріп, әбігерге сал­ған бұл індет кім-кімді де ойландырып тас­тағандай. Қазақ айтады ғой «ауру кірді де­генше, әлек кірді десеңші» деп, шын мә­нінде бұл беті қатты вирус болып кірді. Ба­сында шетелдерде тіркеліп жатқанын ес­тігенде мыңдап, миллиондап жұқтырғандарды білгенде «өзіміз халық саны азғантай ғана елміз, бізге келсе қалай болар екенбіз» деген үреймен жүрдік. Ақыры, жер бетіне жайылған пандемия біздің елге де кірді. Қаншама адам жұқтырып, кісі өлімі де тіркелді. Дегенмен Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың басшылығымен Үкімет басындағы азаматтар тез шешім қабылдап, тиімді талаптарды енгізді. Шекараны жауып, алыс-жақын шетелде білім алып жүрген, қызмет бабы, кәсіп көзімен кеткен Қазақстан азаматтарын елге қайтаруға қам жасалды. Соның барлығы дұрыс қадам болғанын енді түсінгендер бар. Барлық жаңалықты оқып, біліп отырмыз. Кейбір мемлекеттер әуелгіде вирус келмейді деп арқасын кеңге салып жүрді де, аяғында онымен күресуге мәжбүр болды. Оған қарағанда біздің еліміз тұтас халық болып карантин талабын сақтай білді, тәртіпке бағынды. Баршамыз бір кісідей болып вируспен сақтану үшін карантинге жабылу елдің амандығы, келешегіміздің кепілі екенін ұғындық. Рас, карантин көп нәрсені шектеді. Әсіресе, экономикамыз үлкен зардап шегіп жатыр. Білім саласы да қиындыққа тап келді. Жоғары оқу орындары мен мектеп оқушылары қашықтан оқуға мәжбүр болды. Өйткені онлайн білім беруге өңірлердегі жағдай, байланыстың нашарлығы бөгет болды. Әрине, ұстаз үшін оқушының көзіне қарап тұрып, бетпе-бет оқыту әдісіне жетпейді. Мұғалім мен оқушының арасындағы тікелей байланыс басқа ғой. Бірақ вирустан сақтану үшін алыстан оқытуға көшті.  Бұл тұрғыда министріміз Асхат Аймағамбетов те көптің көңілінен шығып, ата-аналар тарапынан айтылған сынға құлақ асып, халықпен етене түрде байланыс орнатты, тиімді шешім қабылдады. Президент төтенше жағдай режимін 11 мамырға дейін ұзартуға шешім қабылдады. Дегенмен карантин талабы біртіндеп жеңілдетіліп, дайындығы жоғары кәсіпорындардың жұмысына рұқсат берді. Карантин толық ашылғаннан кейін де тұрмысымыз бірден жақсарып кетпесін сезіп отырмыз. Қазақта «аштан өліп, көштен қалмаспыз» деген сөз бар ғой, ең бастысы – амандық, халықтың саулығы. Адамның жаны біреу-ақ. Осы орайда, ел басына түскен қиын жағдайда елмен етене жүріп қызмет еткен жандарға алғысымды айтқым келеді. Олар өзімнің әріптестерім – мұғалімдер қауымы, аяулы ұстаздар. Қазір ата-аналар да мұғалімнің жұмысының ауырлығын жақсы түсініп отыр. Сонымен қатар індет кезінде мемлекет бөлген көмекті үйді-үйге таратуға қолұшын созған еріктілердің де еңбегі үлкен. Әсіресе, медицина қызметкерлері, дәрігерлер өздеріне төнген қауіпке қарамастан ауырған адамдарды емдеп, дертінен айығуына жәрдемдесті. Кейбірі өздеріне жұқтырып  алғанын да естіп жатырмыз. Мұндай жағдайда да мемлекет қаражат тауып беріп, індетті тоқтауға арпалысып жүрген дәрігерлерге үстеме ақша төлеуді жолға қойды. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы карантин ашылса да сақтық шараларын мұқият сақтап, абай болуды ескертті. «Басты міндет – азаматтарымыздың денсаулығын сақтап, өмірін қорғап қалу», –  деді. Біз бұл індеттен үлкен сабақ алдық деп ойлаймын.