Қордай қақтығысы қорқынышты түс емес
Қордай қақтығысы қорқынышты түс емес
288
оқылды
Қордай қақтығысынан бері үш айға жуық уақыт өтті. Жыл басындағы қайғылы оқи­ға талайдың жадында әлі де жаң­ғырып тұрғаны рас. Үкімет Масаншы, Бұ­лар батыр, Ауқатты және Қарасу ауылдарындағы қира­ған үйлер мен бүлінген дүниені қайта қалпына келтіруге уәде еткен. Арнайы құрылған ко­миссия мүшелері де бұқара алдында «бәрін жасаймыз» деп ант-су ішкен. Алайда аталған жұмыс баяу жүруде. Олай дейтініміз, осыдан бір ай бұрын Жамбыл облысы әкімдігі зардап шеккен үйлер демеушілер есебінен толықтай қалпына кел­тіріледі деп сүйіншілеген болатын. «Ағымдағы жылдың ақпан айында Қордай ауданында орын алған қайғылы оқиға бары­сын­да зардап шеккен тұрғын үй­лер мен коммерциялық нысан­дарды қалпына келтіру жұ­мыс­тарын осы айда бастау жос­пар­ланып отыр. Масаншы, Бұлар батыр, Ауқатты және Қарасу ауыл­дарында барлығы 40 тұрғын үй, 20 коммерциялық нысан және 5 шаруашылық құрылыстары өр­тенген. Барлық жұмыстар «Щивон» қайырымдылық қоры жинайтын демеушілік қаражат есебінен жүргізілетін болады», – деп көңілдегі күдікті сейілтіп еді сол кезде. Тіпті, өрттен зардап шеккен 39 отбасына облыстық резервтен жалпы сомасы 20,6 миллион теңге қаралғанын, сондай-ақ мемлекеттік материалдық қордан тұрғын үй-жайларды қалпына келтіру үшін 26 тонна арматура, 16 750 м2 жабын материал және 400 м3 ағаш бөлінгенін де хабардар еткен. Зардап шеккен отбасыларға көмек көрсету мақсатында қайы­рым­дылық қорларына 22,5 мил­лион теңге түсіп отырғанынан да құлағдар еткен. «Ішінара зақым алған жыл­жымайтын мүлік нысандары де­меушілік қаражат есебінен бүгін­де қалпына келтірілді. Қазіргі таң­да азаматтары қайтыс болған тоғыз отбасыға асыраушысынан айырылуына байланысты жәр­демақы тағайындалды. Сонымен қатар қаза тапқандардың отба­сы­ларына жалпы сомасы 8,2 миллион теңгеден астам демеушілік көмек көрсетілді. Жалпы, 11 ақпан мен 20 нау­­рыз аралығында зардап шек­кен отбасыларға 121,6 тонна кө­ле­мінде гуманитарлық көмек көр­сетілген болса, олардың ішін­де азық-түлік, дәрі-дәрмек, ыдыс-аяқ, гигиеналық және бас­қа да қажетті бұйымдар бар. Ал зақым­далған көлік иелеріне төленетін өтемақы көлемі қыл­мыстық іс­терге қатысты тер­геу амалдары аяқ­талғаннан кейін белгілі бол­мақ», – дейді әкімдіктегілер. Негізі осыдан бір ай бұрын қайта қалпына келтіру жұмыстары жанданады делінгенімен, әлемдік коронавирус пандемиясы талай тірлікке қол байлау болғаны анық. Дегенмен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қандай қиын кезең болса да, құрылысты тоқтатпауға күш салатынын айтқан. Осы уәде енді орындала бастады. Олай дей­­тініміз қазір тұтас Қордай ау­да­нының құрылысында қоз­ғалыс басталды. Облыс әкім­дігінің баспасөз қызметі бер­ген ақпаратқа сүйенсек, Қор­­дай ау­данындағы жөндеу-құ­рылыс жұ­мыстарына 20,5 миллиард теңге қарастырылып, 46 жоба бойынша мердігер анық­та­лып­ты. Ал Қалғұты мен Күнба­тыс ауылдарындағы білім ны­сан­дарының құрылысы баста­лып кеткен болса, аудан орталы­ғындағы 50 пәтерлі 5 қабатты тұр­ғын үй мен Сарыбұлақ ауылының Мәдениет үйіндегі қазандықтың құрылысы да қарқын алған. Бұл ғана емес, Қордай және Әл­жан ана ауылдарының жаңа тұрғын алқаптарына инже­нерлік инфрақұрылым жүргізу жұмыстары да жанданып, жалпы ұзындығы 40 шақырым болатын төрт ауыл арасындағы жолдарды орташа жөндеу, Кенен ауылындағы сумен жабдықтау жүйесін жаң­­ғырту, бес оқу орнының қазан­дықтарын қатты отыннан табиғи газға ауыстыру жұмыстары да жүргізілуде. Сонымен қатар үш мектеп күрделі жөндеуден өтуде. Ол аз десеңіз, Қордай ауылындағы 21 көшеге орташа жөндеу жұ­мыстары басталған. Өткен жы­лы бастау алған ұзындығы7,4 ша­қырым «Ауқатты - Бәйтерек» авто­жолының құрылысына да әлемдік пандемия әсер етпеуде. Бұдан бөлек, 60 пәтерлік үш тұрғын үй салу, үш мектептегі спорт кешендерін, алты ауылдағы су құбырын қайта жаңғырту, жеті жаңа тұрғын алқапта ин­женерлік инфрақұрылымды ны­ғайту, Қордай және Әлжан ана ауылдарының 24 көшесін жарықтандыру шаралары да бүгін-ертең басталғалы тұр. Жалпы, биыл ауданда 337 шақырымдық жолдар жөнделеді деп жоспарлануда. Ол үшін 6,6 миллиард теңге қарастырылған. Сонымен қатар «Ауыл – ел бесігі», «Жұмыспен қамтудың жол кар­тасы» мемлекеттік бағдарла­малары аясында ауданның 18 елді мекеніндегі жолдарды жөн­деуге 5,2 миллиард теңге бө­лінген. Бұл орайда орташа жөн­деуден өтетін жолдардың ұзын­дығы – 289,6 шақырым. Мұның бәрі аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының техникалық жағдайын жақсартып, жақсы және қанағаттанарлық үлесін 90 пайызға, ал елді мекен ішіндегі көшелердің көрсеткішін 70 пайызға дейін жеткізуге мүм­кіндік бермек. «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында аудан орталығындағы 21 көше жөндеуден өтуі жоспарланған десек, оның 12 көшесі бойынша жұмыстар аяқталып үлгерген. Осылайша, биыл Қордай ауылының жолдары 100 пайыз асфальт жабындысымен қамтылатын болады. Бір сөзбен айтқанда, коро­навирус індетіне қарамастан Қордайда құрылыс қарқынды. Әрине, қара халықтың қамы үшін құрылыс жұмыстарының жүргенін біз де құп көреміз. Алай­да бұқара қақтығыс орын алған ауылдарға алаңдап отырғаны даусыз. Бұл ретте билік Масаншы, Бұлар батыр, Ауқатты, Қарасу, Өтеген, Сортөбе ауылдарындағы жол мәселесі мен жүргізушілердің қауіпсіз қатынауына көңіл бөл­ген. Одан бөлек, Қаракемер ауы­лында 10 тұрғын үйдің құры­лы­сы басталған. Ал қалған қира­ған үйлерді қалпына келтіру жұ­мыс­тары қалай жүргізілуде? – Қазіргі таңда аса қатты зақым көрмеген 107 нысанды қалпына келтірдік. Енді қалған үйлердің есеп-қисаптары аяқталуға жа­қын. Бұйыртса, жақын арада қор­ға түскен қаржы есебінен бұл жұ­мыстарды да бастаймыз. Рас, бір­қатар үйдің құжаттары заң­дас­пағаны белгілі болып отыр. Алай­да оларға да барынша қол ұшын беруге тырысып жатырмыз, – дей­ді Қор­дай ауданының әкімі Рүстем Дәулет. Жалпы, бірқатар аудандарды басқарып, облыс әкімі аппаратына да жетекшілік еткен Рүстем Рысбайұлына аймақ басшысы Бердібек Машбекұлы үлкен сенім артып, Қордай ауданына әкім етіп тағайындаған болатын. Қазір аудан әкімі осы сенім үдесінен шығуға күш салып жатқаны бай­қа­лады. Олай дейтініміз Рүс­тем Дәулет әкімдік қызметке кіріс­кен күннен ел арасында жүр. Алға, Көгадыр, Мұзбел, Кенен, Қақпатас ауылдарындағы су мен жол құрылыстарына бас-көз бо­лып, қақтығыс орын алған ауыл­дардағы қара халықтың да мұң-мұқ­тажына құлақ түруде. Ең бастысы Үкімет те, жер­гілікті билік те Қордай қақ­тығысы бүгін болып, ертең ұмытылып кете­тін қорқынышты түс емес екенін түсініп отырғаны қуантады.    width=   Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы