Ауызашарға жұмсалатын шығынды ораза ұстағанға қаржылай беруге болады
Ауызашарға жұмсалатын шығынды ораза ұстағанға қаржылай беруге болады
©Сурет интернеттен алынды
634
оқылды
Рамазан – берекеге толы, ерекше ай. Ол Тәңірдің адамзатқа берген айрықша сыйы. Әрбір мұсылман үшін ізгі амалдарды істеу арқылы Жаратушысына жақындай түсетін, Раббысының мейірімін үміт ететін ай. Барлық жамандық атаулыдан тыйылып, өмірін жаңа парақтан бастауға мүмкіндік алатын ай.

Биылғы Рамазан айы бұрынғыдан өзгеше өтуде. Өздеріңізге белгілі, елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты Мұфтият мешіттерді  уақытша жапты. Әр азаматтың өмірі мен денсаулығы қымбат құндылық болғандықтан, жұқпалы індеттің алдын алу үшін осындай шешім қабылдауға мәжбүр болды. Індеттің таралуының алдын алу мақсатында карантин мерзімінде мешіттерде, дәмханаларда, қоғамдық орындарда т.б. мекемелерде жиналып ауызашар беру уақытша тоқтатылды. Тарауық намазы да мешіттерде жамағатпен оқылмайды. Әркім тарауық намазын өз шаңырағында отбасы мүшелерімен оқуына болады.

Төтенше жағдай кезінде діни іс-шараларды өткізу тәртібі туралы Еліміздің Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен онлайн баспасөз маслихатында: «Карантин күндері:
  • 1. Әркім өз шаңырағында отбасы мүшелерімен ауызашар өткізуге;
  • 2. Көпшілік орындарда (дәмхана, мейрамхана т.б.) жиналмауға үндейміз. Қазіргі жағдайға қарай ораза ұстаған адамдарға ауыз ашар беруде мынадай қайырлы амалдарды жүзеге асыруға шақырамыз:
  • а) Мейрамханаларға тапсырыс беріп, ауызы берік адамдарға тамақ тарату;
  • ә) Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік тарату арқылы ауыз аштыру;
  • б) Ауызашарға жұмсалатын шығындарды ораза ұстаған адамдарға қаржылай беру, т.б» деп баяндады.
Рамазан айында мұсылман баласы қанағат, шүкір, мейірім, бауырмалдық, сынды көркем мінезді қалыптастыруға тырысады. Ораза ұстаған жандар сауаптар еселенетін айда зекет, пітір мен підия садақаларын беріп, қоғам үшін жасалатын қайырлы істерге үлес қосады.

Биылғы Рамазан айындағы бір адам үшін берілетін пітір садақа мөлшері 2 келі ұнның Республика бойынша нарықтық орташа бағасымен есептеліп, 370 теңге деп белгіленді. Зекет пен пітір садақаны жағдайы бар мұсылман береді. Жағдайы келмейтін адамға садақа беру – міндет емес. Ауыр науқасқа ұшырап, сауығып кетуінен күдер үзген жандар мен қарттық жетіп, ауыз бекітуге шамасы келмеген егде жастағы қариялар ідия садақасын береді.

Підия садақасы – бір адамның күнделікті (таңғы және кешкі) тойып ішетін асы. Биыл оның еліміз бойынша ең аз мөлшері 1700 теңге деп белгіленді. Бекітілген підияны (1700 теңгені) беруге шамасы келмесе, оразаның әр күніне пітір садақа мөлшерінде (370 теңге) підия береді. Оны да беруге шамасы келмесе – беру міндеттелмейді.

Биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ ) төтенше жағдай кезінде пітір садақасы мен зекетті еліміздегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы онлайн режимде берудің оңтайлы жолын таңдады. Мобильді қосымшаларға әр облыс пен республикалық маңызы бар қалалардағы орталық мешіттердің есепшоты енгізілді. Әр азамат өз өңіріндегі мешіттің есепшотына пітір садақасы мен зекетін үйден шықпай онлайн режимде аудара алады.

ҚМДБ жанындағы қаржы ашықтығын қамтамасыз ететін тексеру комиссиясы мешітке заттай немесе ақшалай түскен қаражаттың дұрыс мақсатта жұмсалуын қатаң қадағалайды, халықтан түскен садақаға қиянат жасалуына жол бермейді. Мешітке түскен қаражат мүфтият бекіткен арнайы Жарғы негізінде жұмсалады. Қаражат қайырымдылыққа жұмсалады. Рамазан айындағы пітір садақасы мешіт тізіміне тіркелген көмекке мұқтаж отбасыларға, жетімдерге, жалғызбасты аналарға арнайы тексеру комиссиясының шешімімен қаржылай негізде беріледі. Жаратушы Иеміз жар болып, елімізді аман, халқымызды тыныш еткей! Рамазан айы құтты болсын!