«Бетперделерді тәркілеу» операциясы толастар емес...
«Бетперделерді тәркілеу» операциясы толастар емес...
192
оқылды
Біз бүгін сөз еткелі отырған фактілер тура «Жау жа­ғадан алғанда, бөрі етек­тен» деп келетін мәтел­дің кері. Ел аумағында корона­вирусқа қатысты карантин жария­ланғанда Үкімет тө­тенше жағ­дай кезінде дәрі-дәрмек атаулы мен меди­циналық сипаттағы қорға­ныс құралдарын ел аума­ғы­нан шығаруға қатаң тыйым сал­ғаны аян. Ал ҰҚК Шекара қыз­метінің Батыс Қа­зақстан облысы бойынша де­пар­таменті наурыз айынан бері «Сырым» автокөлік өткізу бекетінде медициналық сипаттағы жеке қорғаныс заттарын Ресейге заңсыз асырмақ болған 13 жағдайды әшкереледі. Енді осы дерек-дәйектің кей­бірін тарқатыңқырап на­за­рыңыз­ға ұсынайық. ҰҚК Шекара қыз­метінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің өкілі, подполковник Асқар Қаз­бе­ковтің мәліметіне қарағанда, әлдекімдердің жымысқы тірлік, пасық әрекетімен заңсыз шекара асуы тиіс заттардың ішінде 4 585 570 медициналық бетперде, 3 900 000 медициналық қолғап және  480 дана қорғаныс көзілдірігі болған. Өзіміздің отандастарымыз зәру болып отырған осынау заттар­дың жалпы құны 500 миллион­нан астам теңгені құрайтын көрінеді. Қазақстандық шекарашылар 17 сәуірде мемлекетаралық «Сырым» автокөлік өткізу бекетінде VOLVO көлігімен Алматыдан Мәскеуге бағыт ұстаған біздің елдің азаматын тексереді. Тексеру барысында көлік жүк тиегішінің дұрыс плом­­ба­ланбағаны аңғарылады. Жүкті жөнелтуші «ҚазАлтын сервис» ЖШС ілеспе құжат пен шот фактурада жүктің салмағын 12 920 келі, халық тұтынатын тауардың 20 түрі бар деп көрсеткен. Шекарашылар арнайы техникалық құрал-жабдықтарымен 119 қорап­ты тексереді. Сөйтсе, құжатта көр­сетілген тауар қорабының саны мен атауы сәйкес келмейді екен. Жаңа қораптарды ашқан кезде олардан бір рет қолданылатын 464 мың дана медициналық бетперде шығады. Осы бетперденің құны шамамен 55 932 000 теңге құрай­тын көрінеді. Заңға қайшы атал­ған әрекетке қатысты тер­геу-тек­серу материалдары Батыс Қа­зақстан облысы бойын­ша эко­но­­ми­калық тергеу департа­мен­тіне жолданды. Ал тура осы оқиға­ның ертеңіне, яғни 18 сәуір күні «Сырым» автокөліктерді өткізу беке­тінде ше­кара­шылар БҚО бойын­ша Экономикалық тергеу депар­таментімен бірлесе жүр­гізген «Курьер» шарасы кезінде меди­циналық бетпердені заңсыз шекара асырудың төрт дере­гін анықтады. Бетперде тиеген темір тұлпарлардың бәрі де Алматыдан Мәскеуге бағыт ұстаған. Мәселен, түнгі сағат 01.30-да шекарашылар қазақстандық азаматтың тақымындағы «РЕНО» жүк көлігін арнайы техникалық құралдармен тексерістен өткізеді. Үшбу көліктен халық тұтынатын тауар ретінде тиелген 324 қорап табылады. Ашып қарағанда әлгі қораптардың ішінен 1 646 000 дана бір рет қолданылатын медициналық бетперде шығады. Көп ұзамай қырғызстандық азамат тізгіндеген VOLVO көлігін тексергенде де 29 240 қаптамадан 1 462 000 дана бір рет қолданылатын медициналық бетперде шығады. Сайып келгенде, үшбу бетперделер құжат бойынша мемлекетаралық тасымалға тыйым салынбаған зат­тар ретінде көрсетілген. Мұны­мен қоса, қазақстандық аза­мат­тар тізгіндеген және екі VOLVO-дан да бетперде табылды. Осы қос көліктің біріндегі 18 қорап­тан 48 мың дана бетперде шықса, екіншісіндегі 5 қорапты тек­сер­генде 9 726 дана бетперде та­был­ды. Мамандардың мәліметіне қа­рағанда, бір тәулікте тіркелген төрт фактінің негізінде қолға түскен 3 165 726 дана бетперденің жалпы құны 380 млн теңгені құрай­ды екен. Тиісті құжаттар түзіл­ген соң аталған жүк БҚО бойын­ша эко­номикалық тергеу департа­менті қызметкерлеріне өткізіледі. – Медициналық бағыттағы қор­ғаныс заттарын заңсыз ше­кара асырмақ болғандар әлгіндей дүниелерді халықаралық тасы­малға шектеу қойылмаған күн­де­лікті өмірде халық кеңінен қол­данатын керек-жарақтардың арасына тығып тиеген. Мұндай әрекеттер әлі де тыйылар емес. Сол себепті ҰҚК Шекара қыз­ме­тінің аумақтық бөлімшелері елі­м­іздің аумағынан медициналық мақсаттағы қорғаныс заттарын заңсыз шекара асыруға тосқауыл қою үшін мемлекетаралық өткізу бекеттерінде бақылау-тексеру ша­раларын күрт күшейтті, – дейді Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты Шекара қызметінің Батыс Қазақстан облысы бойын­ша департаментінің өкілі, под­полковник Асқар Қазбеков.  

Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН, Батыс Қазақстан облысы