Мәжіліс төтенше жағдай кезінде Қазақстан президентіне қосымша өкілеттік беретін заң жобасын мақұлдады.
Бүгін мәжілісте кейбір заңнамалық актілерге төтенше жағдай мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасы қаралды.
Заң жобасы төтенше жағдай кезеңінде азаматтардың қауіпсіздігін және Қазақстанның конституциялық құрылысын қорғауды қамтамасыз ету үшін жедел шаралар қабылдау мақсатында әзірленді.
Ұлттық экономика министрлігі Руслан Дәленовтің айтуынша, заң жобасында төтенше жағдай кезеңінде мемлекеттік басқарудың жұмыс істеу механизмі белгіленеді.
Ол үшін "Төтенше жағдай туралы"және "Құқықтық актілер туралы" заңдарға түзетулер енгізіледі.
Атап айтқанда, құжат төтенше жағдай кезеңінде заңнаманың жекелеген салаларының қолданылу ерекшеліктерімен толықтырылады.
"Заң жобасында оларға 14 сала жатқызылады: салықтық, бюджеттік, кеден, банктік, еңбек, монополияға қарсы заңнама; денсаулық, мемлекеттік сатып алу, валюталық реттеу туралы заңнама; әлеуметтік қорғау, мемлекеттік мүлік, мемлекеттік бақылау және қадағалау саласында; сондай-ақ елдің халықаралық міндеттемелерін іске асыру", - деді Дәленов.
Бұдан бөлек, заң жобасымен төтенше жағдай кезінде президенттің өкілеттіктері кеңейтіледі. Ғылыми-экономикалық сараптаманың қорытындысында көрсетілгендей, президент төтенше жағдай кезеңінде мемлекеттің ұлттық, соның ішінде экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және тұрақтылығын сақтауға бағытталған шұғыл іс-қимылды талап ететін қоғамдық қатынастарға жедел араласа алады.
Министр төтенше жағдай кезінде қабылданған құқықтық актілер режим аяқталғанға дейін күшінде болатынын атап өтті. Олардың қатарына өзге қолданылу мерзімі белгіленген актілер кірмейді.
Заң жобасын қабылдау бюджеттен қосымша қаржылық шығын талап етпейді және теріс әлеуметтік-экономикалық, құқықтық салдарға әкеп соқпайды.
Мәжіліс заң жобасын бірауыздан мақұлдады.