Қазақстанда жемқорлықпен жүйелі күресті қамтамасыз ететін жаңа тетіктер өмірге жолдама алмақ. Бұл жайында Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин айтты. Палата депутаттары «Кейбір заңнамалық актілерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Нұрлан Зайроллаұлының байламынша, осы құжатты қабылдау арқылы Парламент Мемлекет басшысының тапсырмасын толық орындайды: ағымдағы парламенттік сессияның ашылымында Президент Қ.Тоқаев «сыбайлас жемқорлықпен жүйелі күресуге» қатысты міндеттер қойды.
– Сонда екі тапсырма жүктелді: біріншісі – жемқорлыққа қарсы сараптаманы қайта қалпына келтіру, ал екіншісі – бірінші басшылардың жауапкершілігін заң жүзінде бекіту болатын. Енді осы заң жобасы арқылы коррупцияға қарсы орган қызметкерлерінің заңсыз жұмыс әдістері мен арандатушы іс-қимылдары үшін қатаң жауапкершілік белгілеу туралы ел Президентінің тапсырмасы жүзеге асырылып отыр, – деді Мәжіліс Төрағасы.
Осы орайда, депутаттар жалғыз «антикоррупционерлермен» шектелмей, барлық құқық қорғау органдары қызметкерлеріне де кез келген қылмыс түріне арандату әрекеттері үшін қылмыстық жаза бекітуді ұсынды. Бас прокуратураның, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, Ішкі істер және Қаржы министрліктерінің өкілдері бұл ұсынысқа келісті. Екінші оқылымға дейін аталған бастаманы жұмыс тобы пысықтайтын болады.
Заң жобасын талқылау барысында депутаттар көтерген тағы бір мәселе шешімін тапты: бұдан былай тек квазимемлекеттік сектордың, яғни ұлттық компаниялар, холдингтер, Үкіметке бағынышты кәсіпорындардың бірінші басшылары ғана емес, сонымен қатар олардың тендерге, ел бюджетінен қаржыландырылатын жобаларды іске асыруға жауап беретін лауазымды тұлғалары да жемқорлық қылмысы үшін жауапқа тартылады.
– Заң бұзылса, ол үшін қатаң сұрау да болатынын нақты түсіну қажет. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы субъектілерінің құрамына енгізілген квазимемлекеттік сектордың лауазымды тұлғаларының тізімін кеңейту өте маңызды. Жалпы алғанда, бұл корупцияға тиімді қарсы тұру үшін қажет, – деді Мәжіліс Спикері.
Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, осы заң жобасы – ұлттық заңнаманы жақсарту бағытындағы оң қадам.
– Бүгінде арнайы заңнамалық актілерде бекітіліп отырған құқықтық реттеу тетіктері мен құралдары қоғам өзегіне түскен «жегіқұртпен» күреске қатысты жүйелі көзқарас барын куәландырады. Парламенттік сессияның ашылуында Мемлекет басшысы тиісті міндет қойды. Депутаттық корпус пен Үкіметтің осындай бірізді әрі бірлескен жұмысы жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша барлық шараның тиімділігін арттырарына сенімдімін, – деді палата басшысы.
Заң жобасының тағы бір жаңалығы бар: мемлекеттік қызметке немесе мемлекеттік функцияны орындаумен байланысты лауазымды орынға тұрудан үміткер адам сол ұйымда, меморганда жұмыс істейтін туыс-туғандары туралы жазбаша түрде хабардар етуге міндеттеледі.
Бұдан бөлек, квазисектор ұйымдарында жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтер институтын енгізу ұсынылып отыр. Олар мысалы, ұлттық компанияда ар-ұждан және адалдық бойынша корпоративтік стандарттардың сақталуына жауап береді. Бұған қоса, осы заң қабылданған соң коррупциялық қылмыс туралы ақпараты бар адамдарға тек Алик Шпекбаевтың агенттігіне ғана емес, жемқорлық қылмысты анықтау және күресу құзыреті бар кез келген мемлекеттік органға жүгінуіне мүмкіндік беріледі.