Коронавирус пандемиясына байланысты облыс наурыз, сәуір, мамыр айларындағы мерекелерге бөлінген қаражатты бюджетке қайтарған
Коронавирус инфекциясы Қазақстанға әлі келмей жатып, Президент 8 наурыз мерекесіне, ұлттық думан – 22 наурызға арналған шаралар өтпесін деп бұйрық шығарған еді. Сондықтан «тығылып» тойлағандарды санамағанда, көп әкімдік мерекелік шараларды кейінге шегерді.
Аzattyq ruhy алдын ала қаражат бөлініп, пандемияға байланысты шараларды кейінге қалдырған қалалар мен облыстардың бюджеті қалай үнемделгенін жазады. Бүгін ресми сауалымызға алғаш жауап берген аймақтардың бірі – Алматы облысының мерекеге бөлінген, бірақ қалтасына қайтып түскен бюджетіне тоқталамыз.
ҚЫЗ-КЕЛІНШЕКТЕРГЕ – 24 МЛН, АРДАГЕРЛЕРГЕ – 10 МЛН
Ресми сауалымызға жауап берген Алматы облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Көлбаев мырза келесіні хабарлаған:
«2020 жылы 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні мерекесіне 24 млн теңге, Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай бөлінген 10 млн теңге, наурыз мерекесіне бөлінген 3 млн теңге мерекелердің өтпеуіне байланысты облыстық бюджетке қайтарылды».
Яғни, екі айдағы мереке-тойлардың өтпей қалуына байланысты облыс бюджеті 36 млн теңгені үнемдеп отыр. Ал осы уақыт аралығында кездесетін 1 мамыр – Бірлік күні мен 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнін атап өту үшін онсыз да қаражат бөлінбегені белгілі болды.
ОБЛЫСТА ТАМЫЗҒА ДЕЙІН «ТОЙ» ЖОҚ
Алматы облысының басшылығы сондай-ақ, коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау үшін «халық саны көп қамтылатын және мерейтойларға байланысты шаралардың кестесін тамыз айынан ары қарайғы уақытқа ығыстырған».
Облыс басшылығы мерекелік шаралар өтпеген соң, ешқандай авторларға гонорар төлемеген және сатып алу жүйесі арқылы ешқандай қызмет пен тауар сатып алмаған.
Жалпы, «Төтенше жағдайдың тәртібі мен талабы бойынша мерекелік шаралардың барлығы онлайн форматында өтіп жатыр», - деп хабарлады облыстың мәдениет басқармасы.