Иә, оңтүстіктің диқандары жыл сайын ерте пісетін өнімін негізінен Ресейге сатып келді. Түркістан облысы Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Асан Маханбетовпен телефон арқылы байланысып, ауданда ерте пісетін орамжапырақ 1 100 гектар жерге егілгенін білдік. Әр жылы сәуір айында Ресейден келіп көтерме бағамен сатып алатындар коронавирус індетіне байланысты келе алмай қалған. Осыдан кейін өнім бағасы күрт түсіп кеткен. «Былтыр келісі 300 теңгеге дейін барған, биыл бастапқы баға 140 теңгеден болды да, бірден 15 теңгеге түсіп қалды. Өйткені Өзбекстанның өнімі нарықтың барлығын толтырып тастады. Кеше Ресейдің ауыл шаруашылығы өкілдерімен Skype арқылы сөйлестік. Олар бізге тауарды шекарадан өткізу қиын екенін, базарлар жабық болғандықтан, әр дүкенге апарып, оның өткенін күту керек екенін айтты. Осылайша, фермерлер табыссыз қалды», – дейді А.Маханбетов.
Негізі, орамжапырақ Ресейдің өзінде де молынан өсіріледі. Алайда әр жылдары өнім шығымдылығына орай көрсеткіш ішкі нарықты толық жаба бермейді. Мәселен, 2017 жылы ішкі өндіріс қажеттіліктің 62 пайызын ғана өтеген. Ал Қазақстан жеткізетін 250 мың тонна бірен-саран облысына жетеді. Импортты негізгі жеткізушілері (80%) Қытай, Иран мен Беларусь мемлекеті. Орамжапырақ – орыс халқының картоптан кейін сүйіп жейтін көкөнісінің бірі. Сол себепті көршіміз ерте пісетін өнімге тәуелді болғандықтан, сәуір айында Ресейдің базарлары мен дүкендерінде баға біздегіндей шарықтап кетеді.
Айтқандай, 29 сәуір күні Ресейде білім жетілдіріп жатқан жерлесіміз, жазушы Аягүл Мантай өзінің Facebook парақшасында «Қазір үйдің қасындағы «Атак» дүкенінен капуста сатып алдым. Килограмы 5 рубль, яғни 294 теңге. Салыстырмалы түрде «Атак» дүкенінде өзге дүкендермен салыстырғанда көкөніс арзан» деп жазды.
Бір қызығы, дәл қазір оңтүстіктегі ағайын орамжапырағын 10 теңгеге өткізетін жер таппай жатса, солтүстік облыстарда баға шарықтап тұр. Елорданың дүкендерінде орамжапырақтың келісі – 70-80 теңгенің аралығында. Яғни, ерте піскен отандық көкөністі өзімізге толық жеткізу жағы қарастырылмағандықтан, бағасы шарықтап кеткен. Статистика комитетінің мәліметінше, 2019 жылдың І жартысында орамжапырақтың бағасы 54%-ға өскені белгілі болды.
Айта кетейік, әлеуметтік желіде адамдар оңтүстіктегі фермерлерге қолдау көрсетіп өнімін өткізуге көмектесейік деген үндеу тарата бастады. Алайда 250 мың тонна өнімді өңірлерге жеткізгенімен, оны сақтайтын орын жоқ, жол шығыны және бар. Кеткен шығын өтеле ме? Үкімет жауапты мекемелермен бірге қандай шешім қабылдайды? Ол жағы әзірге белгісіз.
Атамұрат ШӘМЕНОВ,
экономика ғылымдарының докторы:
– Үкімет отырысында сөйлеген облыс әкімі Ө.Шөкеевтің де, министр С.Омаровтың да сөзін тыңдадым. Бұл мен айтып жүрген біздегі аграрлық саясаттың дұрыс жүргізілмей келе жатқанының нақты мысалы. Ең алдымен, өзіміздің тұрғындар орамжапырақпен толық қамтылды ма? Өңірлердегі көрсеткіш қандай? Егер өзге облыстарда орамжапырақ жеткілікті болса, бағасы неге қымбат? Неге өз жерімізде өсетін орамжапырақ республика тұрғындарына тиімді бағамен сатылмайды? Демек, орамжапырақты Ресейге экспорттаудан бұрын ел тұрғындарын толық қамту керек қой. Ол үшін әбден өнім пісіп, өткізе алмаған кезде байбалам салмай, мәселенің алдын алған жөн. Мәселен, Түркістан облысының әкімдігі күзде басқа облыстарға шығып, ерте көктемде қанша орамжапырақ қажет екенін сұрап, келісім жасасуы тиіс. Ал ол жұмыстың негізгі координаторы Ауыл шаруашылығы министрлігі болуы керек. Осылайша, бірлесе отырып, ішкі нарықты толығымен жапқан соң барып, артығын экспорттауға рұқсат. Азық-түлік қауіпсіздігі деген біріншіден – республика халқын жеткілікті қамту, екіншіден өнім бағасының қолжетімді болуы.
Теміржан АЙТБАЕВ,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы:
– Орамжапырақтың тұтыну нормасы бір адамға жылына 30 кг болуы керек. Бұл медициналық норма. Енді осыны 18 млн тұрғынға шақсақ, Қазақстанға жылына 550 мың тоннадай өнім қажет. Себебі орамжапырақ халық көп тұтынатын көкөніс. Оған қоса, қоғамдық тамақтану орындары, әскери мекемелер мен мектеп асханаларында да орамжапырақтан тағамдар дайындалады. Бұл жердегі мәселе – біздегі ішкі нарықта өнімді өткізу, өнімді қабылдау ісі жолға қойылмаған. Сондықтан біздің диқандар, фермерлер орамжапырақты бірден Ресейдің нарығына шығаруға үйренген, жылдам өткізу керек қой. Себебі Түркістан облысында ерте пісетін 250-300 мың тонна орамжапырақ бір мезетте біздің нарыққа сыймайды. Оны ұзақ уақытқа сақтайтын заманауи қоймалар да жоқ бізде. Өйткені ерте пісетін орамжапырақ өндірісі жалпы өнімнің 20-25%-нан аспауы тиіс. Яғни, бұл жергілікті әкімдіктер мен салаға жауапты министрліктердің бірлесе отырып реттейтін жұмысы.
Бауыржан БАЗАР