Тағдыр кейде адам баласын ойламаған қиындықтар мен күтпеген тосын дүниелерге тап қылып жатады. Өмірдің өлшемі мен мәні де осында шығар. Алайда тағдыр тауқыметін көріп, табанынан тілініп, қуғын-сүргін көргендердің бастан кешкенін естігенде бойыңды алабөтен сезім билейді. Жамбыл облысы Тараз қаласының тұрғыны Жаннат Мұсаеваның бастан өткергені тауқыметке толы.
Депортация куәгері Жаннат әжей бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып отыр. Небір зобалаң жылдарды бастан өткерген кейуананың санасында өмірінің кейбір тұстары көмескіленген. Есте қалғандарының бірін тізбектесе, екіншісін ұмытып қалатын жаста. Десе де, әжейдің аз әңгімесінен-ақ біз сонау жылдардағы сұрапыл сәттерді көз алдымызға елестеттік.
– Түн ортасы болатын. Біреу терезені қағып, әкемнің сыртқа шығуын өтінді. Біршама уақыт өткеннен кейін түрі бұзылып кеткен әкем үйге кіріп, жиналуымыз қажет екенін айтты. Уақыт тығыз болғандықтан, анам асығыс киім-кешектерімізді буып-түйді. Ол кезде баламын. Көп нәрсені түсінбедім. Алайда сол бір 1944 жылдың күзінде Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің Ахыска түріктерін Грузиядан Орта Азия мен Қазақстан жеріне жедел қоныс аударту туралы қаулысы шыққан екен. Бұл сталиндік қуғын-сүргін, күштеп көшіру болатын. Осылайша, өміріміз бір мезетте астан-кестен болды.
Пойыз вагонында келе жатқанда ұйықтап кетіп, оянбай қалғандар көп болды. Үлкендер мәйіттерді көрмесін деп бетін жауып, қаратпауға тырысты. «Түсіңдер» деген бұйрық келгенде, ең бірінші көргеніміз сайын дала мен құмды өлке болды. Бұл көрініс біздің балалалық шағымызға балта шапты, – деп кейуана бір күрсінді.
Негізі, Жаннатты отбасымен бірге әуелі Өзбекстан мемлекетінің Ферғана облысына депортациялайды. Мұнда оларды қазақ ауылы бауырларына басады. Алайда сол тұста ауылдарда ұрлық-қарлық пен қауіпті індет белең алып жатқандықтан, көп ұзамай анасы мен әкесі көз жұмады. Осылайша, Жаннатқа ерте есеюге тура келеді.
Қалың қауымның жебеуімен жетілген жауқазын өзімен тағдырлас өзбекстандық түрік жігітімен уақыт өте жұп жарастырады. Үш перзентті дүниеге әкелген Жаннат пен жолдасы Сабыр 1989 жылы екінші қуғын-сүргінді бастан кешеді. Олар енді тарихқа ақтаңдақ таңбасын қалдырған Ферғана көтерілісінің қасіретіне куә болып, Қазақстанды бетке алады. Ең алдымен, Ресейдің Орел облысына эвакуацияланған Жаннат қатты сырқаттанып, 1994 жылы қайын ағасы оларды Таразға көшіреді. 2004 жылы жолдасы өмірден озады.
Негізі, Ұлы Отан соғысы жылдарында КСРО Түркия фашистік Германия жағына өтіп, өздеріне қарсы соғыс ашады деп қауіптенген екен. Сондықтан Грузияның оңтүстігіндегі түріктердің барлығын күштеп қоныс аудартқан. Міне, содан бері қуғын-сүргінде жүрген әжейдің бүгінге дейін туу туралы куәлігі де болмаған.
– Жаннат әжейдің осы таңға дейін ешбір құжаты болмаған. Өйткені олар тұрған аумақтарда ауыл кеңестері паспорттың орнына анықтама қағазын жазып бере берген. Содан ешкім туу туралы куәлігін сұрамағандықтан, әжей де мән бермеген. Алайда 2016 жылы Жаннат апаның көршілері оның еш құжаты жоқ екенін айтып, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясына жүгінді.
Өңірлік Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Маржан Қожаевамен келісе отырып, ең алдымен әжейдің жасын анықтау үшін сот-медициналық сараптамадан өткіздік. Одан кейін туу туралы куәлігі берілді. Бұдан кейін көші-қон құжаттарын реттеу үшін Грузия, Ресей, Өзбекстан мемлекеттеріне барып, олардың «ешқандай құжат бермегенбіз» деген қолхатын алдым. Осылайша, екі жылдың ішінде жүгіріп жүріп, Жаннат апайға зейнетақы тағайындап бердік, – дейді «Ахысқа» түрік этномәдени бірлестігі жанындағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ибрагим Зуфаров.
Иә, тағдырын іздей, үмітін үзбей сексен жылдан аса өмірін тауқыметпен өткізген әжей бүгінде Жамбыл жерін жер жәннаты деп біледі. Үш қызын қазақы салтпен тәрбиелеп, мемлекеттік тілде еркін сөйлеп отыр. Оның бар арманы өзі көргенін кейінгі ұрпағы көрмесе екен деген тілек. Алла кейуанымыздың қалған өмірін қуаныш пен берекеге толтырсын.